Қонысбек Төкенов грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері болды
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналиннің бұйрығымен Қонысбек Төкенов грек-рим күресі Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалды.

Спорт және дене шынықтыру істері комитетінен мәлім еткеніндей, бұған дейін осы қызметті атқарған Юрий Мельниченко енді командада бас бапкердің кеңесшісі ретінде жұмыс істейді.
Юрий Мельниченконың жетекшілігімен Қазақстан грек-рим күресінен Париж Олимпиадасы (Демеу Жадыраев) мен былтырғы әлем чемпионатында күміс медаль (Ержет Жарлықасын) жеңіп алған.
Осыған дейін Қонысбек Кәрімұлы 20 жасқа дейінгі Қазақстан командасының аға жаттықтырушысы болды.
Қонысбек Төкенов үшін бас бапкер қызметіндегі алғашқы ресми халықаралық жарыс 17-20 шілде аралығында Будапеште өтетін рейтингілік турнир болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ержет Жарлықасынның грек-рим күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдесін алғанын жазған болатынбыз.