Коньки ең алғаш 3600 жыл бұрын Қазақстан аумағында жасалған

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінде талай жанның сүйікті спортына әрі хоббиіне айналған коньки тебуді Қазақстан жерін мекендеген қауымдар біздің заманымызға дейінгі ғасырлардан-ақ білген.

сүйектен жасалған ежелгі коньки
Фото: Ұлан Үмітқалиұлы

— Конькидің Отаны — Қазақстан, — дейді археолог, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Тарих факультеті, Археология және этнология кафедрасының меңгерушісі Ұлан Үмітқалиұлы.

Ұлан Үмітқалиұлы
Фото: Ұлан Үмітқалиұлының жеке мұрағатынан

Оның сөзінше, коньки ең алғаш Қола дәуірінде қазақ жерінде мал сүйегінен жасалған. 1948 жылы Қостанай облысында Тобыл өзенінің жағасындағы Қола дәуірі қонысына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу кезінде, ғалым О. А. Кривцова-Гракова әлдебір сүйек бұйымдарды тапқан. Бірақ ол кезде мұның коньки екенін зерттеушілер білмеген.

— Одан кейін белгілі қазақ ғалымы Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев 1961-1965 жылдарда қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданында Шағалалы өзені бойындағы Қола дәуірі қонысын зерттеу кезінде сүйек конькилерді тапқан. Ғалым археологиялық олжасына қатысты ғылыми мақалаларын 1965 жылы Қазақстандағы басылымдарда және Мәскеуде ағылшын тілінде шыққан «Совет лайф» газетінде жариялаған. Бұл жаңалыққа шетелдік зерттеушілер қызығушылық танытып, сараптама тағайындап, нәтижесінде табылған бұйымдардың сүйек коньки екені расталған, — дейді Ұ. Үмітқалиұлы.

сүйектен жасалған ежелгі коньки
Фото: Ұлан Үмітқалиұлы

Археологтың айтуынша, одан кейін Қазақстанның өзге аймақтарындағы Қола дәуірі қоныстарынан да сүйек конькилер көп табылған. Олар шамамен 3600 жыл бұрын жасалған көрінеді. Демек, Қола дәуірінде Қазақстан аумағында сүйек коньки тебу кең тараған. Олар жылқының сирақ сүйегінен жасалыпты.

— Қола дәуірі қоныстарынан ересектердің де, балалардың да сүйек конькилері табылды. Салмағы шамамен 400 грамм. Бірақ қаншама ғасыр өткендіктен, мүжіліп, жеңілдеген болуы да мүмкін. Олардың екі басында арнайы тесіктері бар. Ежелгі адамдар сүйек конькиге қайыс теріні байлап, аяққа іліп алып, сырғанаған болуы мүмкін, — дейді археолог.

ежелгі коньки
Фото: Ұлан Үмітқалиұлы

Ғалымның жорамалынша, сүйек коньки жасау идеясы байырғы адамдарға Ньютонның басына алма құлағаны тәрізді кездейсоқ келген болуы ықтимал. Әлдекім мұзда жатқан сүйекті байқамай басып, тайып құлап, нәтижесінде ежелгі адамдар сүйектің мұзда сырғанайтынын үйренген болуы мүмкін.

Бұдан бұрын Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы атанғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар
Референдум