Конькимен жүгіру: отандастарымыз екінші әлем кубогы кезеңінде қалай өнер көрсетті

АСТАНА. KAZINFORM — Жапонияның Обихиро қаласында конькимен жүгіруден әлем кубогының екінші кезеңі аяқталды.

Конькимен жүгіру: отандастарымыз екінші әлем кубогы кезеңінде қалай өнер көрсетті
Фото: ҚР ҰОК

Ұлттық құрамадан үздік нәтижеге Кристина Шумекова қол жеткізді. Ол 1 000 метр қашықтықты 1 минут 15,38 секундта жүгіріп өтіп, бесінші орын алды. Осылайша жеңімпаз атанған Нидерланд өкілі Ангел Далеманнан 1,68 секундқа қалып қойды. Сондай-ақ ол 1 500 метр қашықтықта алтыншы орынға ие болса, В дивизионындағы 3 000 метрде үшінші орынға жайғасты.

500 метрдегі бірінші жарыста Кристина Силаева 13-орын, ал Евгений Кошкин 15-орынға тұрақтады. Екінші жарыста Кристина Силаева 11-орынға жайғасса, Евгений Кошкин 19-орынға табан тіреді. Одан бөлек, Кристина Силаева 1 000 метрде 12-орынға ие болды.

Ал В дивизионында Алина Дауранова 500 метр қашықтықта бесінші және жетінші орын алды. Ал Артур Галиев бірінші жарыста оныншы, екіншісінде алтыншы сатыға тұрақтады. Ал 1 000 метр қашықтықтағы сайыста 13-орын алды (В дивизионы).

В дивизионындағы 1 500 метрде Мария Деген 11-ші, Арина Ильященко 13-орынға тұрақтады. Ерлер арасында Нұралы Ақжол 16-орынға ие болды.

Арина сондай-ақ 1 000 метрде сегізінші сатыға табан тіреді. Инесса Шумекова 1 000 метрде 17-орын алды. Мария Деген 3000 метрде 18-орынға ие болса, Вадим Якубовский 5 000 метрде 18-орынға тұрақтады. Барлығы В дивизионында өнер көрсетті.

Командалық із кесу сайысында Қазақстан әйелдер құрамасы 3 минут 7.690 секунд көрсеткішімен сегізінші болды. Ал ерлер құрамасы В дивизионында 3:50.621 уақыт нәтижесін тіркеп, алтыншы орын алды.

Еске салайық, мұның алдында конькимен жүгіруден әлем кубогының екінші кезеңінде ал атынан кімдер өнер көрсететінін жазған едік.