Конькимен жүгіруден Қазақстан құрамасының бас бапкері Александр Кленкомен болған жағдайды түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР конькимен жүгіру спортынан Ұлттық құраманың бас бапкері Александр Панфилов қостанайлық спортшы Александр Кленкомен болған жағдайды түсіндірді.

Конькимен жүгіру спортынан Қазақстан құрамасының бас бапкері Александр Кленкомен болған жағдайды түсіндірді
Фото: instagram.com/ __alex_andr__

Бұдан бұрын хабарланғандай, Александр Кленко мен конькимен жүгіру спортынан ұлттық құрама арасында Азия ойындары-2025 командасын жасақтау мәселесіне қатысты келіспеушілік Астанадағы іріктеу турынан кейін пайда болды.

Александр Кленконың айтуынша, спортшыларға Қазақстан чемпионатының нәтижесіне сәйкес 2025 жылғы Азия ойындарына баратын команда құрылатыны айтылған.

Алайда жарыс қорытындысы бойынша қашықтығын (1500 метр) жүгіріп өтіп, екінші орын алған қостанайлық спортшы өзін тізімнен көрмеген. Кленконы облыстық Спорт басқармасы қолдап, ҚР Туризм және спорт министрлігіне хат жолдады.

Kazinform да ҚР Туризм және спорт министрлігіне сауал жолдады.

ҚР конькимен жүгіру спортынан ұлттық құраманың бас бапкері Александр Панфилов қостанайлық спортшымен болған жағдайға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Азия ойындары сияқты халықаралық жарыстарға команда құру кезінде көптеген критерий ескеріледі: спорттағы көрсеткіштері, спортшылардың физикалық жағдайы, олардың мамандануы, жаттықтырушылар штабының ұсынысы, сондай-ақ команданың өнер көрсету стратегиясы.

- Бұл шешім жалпы мақсаттарды ескере отырып, тек команданың мүддесі үшін қабылданды, - деп сендірді ол.

Александр Панфилов жаттықтырушылар штабы федерациямен бірлесіп басым қашықтықтарды белгілегенін, онда біздің спортшылардың медаль жеңіп алу мүмкіндігі жоғары екенін атап өтті. Қатысушылар арасындағы келісімді талап ететін 8 айналымнан тұратын командалық жарысқа ставка жасалды.

- 10 спортшының ішінен ең тиімді команданы таңдау керек болды. Қатысу квотасы шектеулі болды – ел бойынша 10 ер адам мен 10 әйел. Бұл талап күрделі шешім қабылдауға мәжбүр етеді, - деді бас жаттықтырушы.

Оның айтуынша, ҚР ҰОК-ға атаулы өтінімдерді беру мерзімі 1 желтоқсанға дейін белгіленген. Сонымен қатар Қазақстан чемпионаты 18-21 желтоқсан аралығында өтті.

Ол команданың құрамы туралы шешімді жаттықтырушылар штабы спортшылардың қазіргі жағдайын және олардың негізгі қашықтықтарда өнер көрсетуге дайындығын талдау негізінде қабылдағанын атап өтті.

- Александр ұлттық команданың маңызды бөлігі болып қала береді және ол мансабын жалғастырып, бізді жаңа жетістіктерімен қуантады деп үміттенеміз, - деді бас бапкер.

Конькимен жүгіру спортынан Қазақстан командасының жаңа маусымдағы құрамы жарияланғанын жазған болатынбыз.