Константин Горовенко «Атырау» командасының бас бапкері болды
АСТАНА. KAZINFORM - «Атырау» командасы бас бапкері қызметіне қазақстандық Константин Горовенко тағайындалды.
Қазақстандық маман бұған дейін «Қайрат-Жастар», «Жетісу», «Шахтёр», «Мақтаарал», «Атырау» және «Каспий» командалары тізгінін ұстаған. Сондай-ақ еліміздің 21 жасқа дейінгі жастар құрамасында басшылық етті.
Константин Горовенко 2021-2022 жылдарда атыраулық команданың тізгінін ұстаған еді. Былтыр бірінші лигада ақтаулық «Каспий» клубының бас бапкері болды.
Сондай-ақ Денис Николаевич Мамонов «Атырау» футбол клубы бас бапкерінің көмекшісі қызметіне тағайындалды.
Ал «Атырау» командасына соңғы екі жылда беларусьтік Виталий Жуковский бас бапкер болды. Команда екі жылда да жетінші орыннан арыға аса алған жоқ.
Еске салсақ, тағы бір қазақстандық бапкер Қайрат Нұрдәулетов биыл Бірінші лигада ойнайтын павлодарлық «Ертіс» футбол клубының бас бапкері атанды.
Ал молдовалық маман Андрей Мартин «Ордабасы» футбол клубының бас бапкері қызметіне келді.