Конституция - Қазақстан Республикасының берік тұғыры
Конституция талаптарына сай қоғамдағы қарым-қатынастарды реттейтін заңдар мен кодекстер жылдан-жылға өмірге еніп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалуда. Ата заңымыз бүгінгі заманның барлық көкейкесті мәселелерін толық қамтыған және мемлекет құрылысына толық баға бере алады деп ашық айта аламыз. Еліміздің оң өзгерістер мен дамуының бастауы да осы Конституцияда жатыр және Ата заңымыздың негізінде халықтың еркіндігі, теңдігі, татулығы артып, бейбітшілік қоғам құрған еліміз татулықтың тал бесігіне айналып отыр. Біздің Конституцияны Қазақстан халқының саналы таңдауы және оны келешектің кепілі ретінде бағалауымыз керек. Осы қағидамыз келер ұрпаққа да мирас болары анық. Осы ретте біз Конституция мерекесіне орай, Ата заңымыздың құндылығы, қадір-қасиеті, өмірімізде алатын орны, құқықтық мемлекетті қалыптастырудағы рөлі қандай деген сұрақтарға әр саладағы мамандардың пікірін білген едік.
«Конституция - Қазақстанның өркендеуінің негізі» атты дөңгелек үстел мәжілісіне қатысқан Алматы қаласының әкімі Ахметжан Смағұлұлы Есімовтің айтуынша, Ата заңымыз қабылданған 14 жыл ішінде мемлекетіміздің негізі қаланып, заңдылық пен тәртіп нығайып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. "Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық өмірінде мәні мен маңызы жағынан ерекше орынға ие 30 тамыз - Конституция күні халқымыздың ең жоғарғы дәрежеде атап өтетін маңызды мерекелердің бірі. Себебі, бұл заң ең алдымен әр азаматымыздың құқықтық кепілі, төрелік тұғыры. Еліміздің ертеңін айқындаған дара дүние. Кез келген ел дүниежүзілік қауымдастықта өзінің жүйелі заңымен ғана лайықты орынға ие бола алады. Ал, Конституцияның заман талаптарына сай болуы үшін жаңа идеялар мен реформалар қажет. Бүгін Қазақстан әлемдік қауымдастықта терезесі тең мүше, іскер әріптес, 130-дан астам ұлт мекендейтін тату-тәтті шаңырақ", дейді А.Есімов.
Заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі Аюпова Зәуре Кәрімқызының айтуынша, 1995 жылдың тамызында республикалық референдумда қабылданған ҚР Конституциясы - тәуелсіз егемен мемлекетке дамудың жаңа кезеңіне жол ашты. Мемлекетімізді сақтау және қорғау заман талабына сай жетілдіру қазіргі ұрпақтың ең басты парызы. Қазақ халқы тереңінен толғанған тәуелсіздікке жету жолында көптеген сын сағаттарынан өтті, қиындықтарды басынан кешірді. Конституция - мемлекеттің Ата заңы, оның талаптары Мемлекет басшысынан бастап қарапайым адамдар арасындағы қарым - қатынастарды қамытып, реттеп отырады. Конституция - әр тұлға ол бойынша жауапты болатынын айқындайтын құжат екенін білу керек.Конституция - бұл тарихи әлеуметтік, заңдық құбылыс. Саяси құқықтық нысанда қоғамның экономикалық және рухани дамуын көрсетеді, сонымен қатар бұл үрдіс мемлекеттің демократиялық құқықтық дамуын анықтайды. Конституция жоғары биліктің, ынтымақтастықтың, келісімділіктің және еліміздің барлық заңдарының реттеліп отыратындығының бірден-бір көзі. Ең алдымен Конституция Қазақстан Республикасының құқықтық егемендігін білдіреді. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Конституциясы жоғарғы мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі - халық деп есептейді. Ата заң - адамдардың құқықтарын қорғайтын, өркениетті даму жолына түскен мемлекет пен қоғамның негізі, басты нормативтік актісі болып табылады. Республика Конституцияның қабылдануы арқылы конституциялық құрылыстың құқықтық негізін қалады, мемлекеттік тетік, сондай-ақ қоғамдық, саяси институттар ретіндегі, қызметтің негіз боларлық қағидаларын орнықтырды, адам мен азаматтардың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады. Бүкіл Қазақстан халқының қатысуымен талқыланып, қабылданған Ата заңымыз өзінің гуманистік ізгілігімен, демократиялық сипатымен және тәуелсіз мемлекетімізді нығайтуға деген пәрменді бағыттылығымен ерекшеленеді.
«Кез келген зайырлы елдің даму бағыттарын белгілейтін басты құжаты - Ата заңы. Тоғыз бөлім мен тоқсан сегіз баптан тұратын қазақ елінің Ата заңының басты құндылығы - республикамыз өзін демократиялық, құқықтық және зайырлы мемлекет деп жариялауымен қатар, өзінің ең қымбат қазынасы адам мен адам өмірі, құқықтары мен бостандықтары екенін мемлекеттік биліктің бірден -бір бастауы халық екенін айқындап берді. Тәуелсіз ел атанып, өмір айдынында жеке желкен көтергенімізге 18 жыл толып отырған халқымыздың Ата заңы - ел тұрақтылығының кепілі деп білемін.Егеменді еліміз үшін де, әрбір Қазақстан азаматы үшін де маңызы бар, ерекше мереке - Конституция күні мерекесімен баршаңызды құттықтағым келеді", дейді Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Надежда Яковлева.
Ал белгілі тарихшы, тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді ағамыздың айтуынша, қазақ Конституциясының басталуы қазақ халқының қалыптасу уақытынан бастау алады. Әйтсе де, қазіргі тәуелсіз елдің Ата заңының ерекшелігі басым.
«Халқымыздың заңды құрметтеуі, адам құқығын ардақтауы сонау ерте заманнан -ақ қалыптасқан. Ғасырлар бойы келе жатқан әдет-ғұрпына, салт-санасына, үлкенге құрмет, кішіге ілтипат, мәдениетті сөйлеу қарым-қатынасына айырықша баға берген. Ел басқару ісіне де жіті мән беріп, қазақтың билері, ақсақалды қариялардың айтқан қасиетті сөздері ел арасына кеңінен тарап, конституция баптарындай бағыт беріп отырған. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев: «Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келе бермейді. Бұған бұрынғы Қасым ханның «Қасқа жолын», Есім ханның «Ескі жолын», Әз Тәуке ханның «Күлтөбенің басында күнде кеңес» болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек. Әм ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендіктен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтін болса, оның орнына татымды толық билік шығаратын кісі табу керек», деген. Атақты ханымыз Қасым Жәнібекұлы «Әдет» заңын жүйелеп, сонымен 12-ші ғасырда қазақтың алғашқы «Қасым ханның қасқа жолы » деп аталатын 5 бөлімнен тұратын заң жобасы шыққан. Қоғамның даму барысы қазақ заңдарын одан әрі жетілдіру қажеттігіне әкеліп тіреді. Осындай міндетті атқарған тарихымызда елеулі із қалдырған Есім хан болды. Қазақтың құқық жүйесіне үшінші елеулі өзгерістер енгізген Тәуке хан болды. Әз Тәуке хан сол кездегі биік тұлғалар - Төле би, Қазыбек, Әйтеке және Әнет баба секілді билермен ақылдасып, «Жеті жарғы» атты белгілі заңдар топтамасын - қазақтың шын мәніндегі бірінші Конституциясын жасап шығарды. Негізі бүгінгі Конституция - Алаш қозғалысының құжаттарының табиғи жалғасы болып табылады. Ал, біздің бүгінгі Ата заңымыз 1995 жылы қабылданғанын білесіздер. Ата заң бізге, адамдық қадір-қасиетімізге қол сұғылмауына, тіліміз бен дініміздің дамуына, ар-ождан бостандығын қорғауға, адал еңбегімізбен тапқан мүлкіміз бен меншігімізді сақтауға кепілдік береді. Конституцияға өзгерістер өмір талабына байланысты қажеттіліктен, жаңарып өзгере береді».
Бізбен сұхбаттасқан Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті «Жас Отан» Жастар қанатының төрайымы Әйгерім Әбдешованың айтуынша, тәуелсіз ел атанып, өмір айдынында жеке желкен көтерген халқымыздың Ата заңы - ел тәуелсіздігінің тұрақты кепілі. «Еліміздің Ата заңы - Конституция қабылданғанына 14 жыл толды. Демек, жас ел өзінің 18 жылдық даму тарихында айбыны мен айдынын асқақтатып, кемелденген ел болғанын қазірдің өзінен көруге болады, яғни қазіргі жүргізіліп жатқан жұмыстар мен нақты нәтижелер. Төрткіл дүние, сегіз қиыр шартарап бүгінгі Қазақстанның аз ғана уақыт ішінде ғасырға бергісіз даму жолын басынан өткергенінің куәсі болып отыр. Жаңа Конституцияда тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық және мемлекеттік құрылымдарының негізгі принциптері жасалды.Конституцияда негізгі принциптер ретінде қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық және экономикалық даму, мемлекет өмірінің маңызды мәселелерін демократиялық жолмен шешу анық та, айқын жазылған.Қазіргі кезде біздер, яғни жастар, ел өміріне, саясатқа етене араласуымызға мүмкіндігіміз бар. Әрине, мұның барлығы Отанымызда жүргізіліп жатқан салиқалы саясатты, сол саясатты жүйелеудегі Конституцияның қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді».