Конституция тұрақтылық пен үдемелі дамудың кепілі – Қайрат Мәми

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған «ХХІ ғасырдың Конституциясы - құқық үстемдігі, адам құндылығы және мемлекеттің тиімділігі» тақырыбында онлайн-халықаралық конференция өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Айта кетейік, форум аясында Азиялық Конституциялық соттар мен балама институттар Қауымдастығының IV Конгресі өтуде.

Конференция жұмысына Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарының басшылары, беделді халықаралық ұйымдардың, шет елдердің конституциялық бақылау органдарының өкілдері, сондай-ақ белгілі құқықтанушы ғалымдар қатысуда.

Халықаралық форумды Конституциялық Кеңестің төрағасы Қайрат Мәми ашты. Ол кез келген халық үшін жалпыға бірдей танылған құндылықтарға негізделген Конституция тұрақтылық пен үдемелі дамудың кепілі болып отырғанын атап өтті.

Жалпы отырыста Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау сөз сөйледі. Президент 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданғанын, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ата Заңымызға идеялық тұрғыдан бастамашы болғанын, іргелі құжатты әзірлеу жұмысын Елбасының өзі басқарғанын атап өтті.

«Конституция Тәуелсіздігіміздің берік құқықтық негізін қалады. Адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп жарияланды. Еліміздің аумақтық тұтастығы, қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, құқық үстемдігі және демократия қағидаттары бас құжатымызда айқын көрініс тапты. Конституцияда Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттілігін қалыптастыру үшін аса маңызды құқықтық, саяси және әлеуметтік-экономикалық алғышарттар да айқындалды», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, халықаралық конференция барысында Қ. Мәми Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын жариялады. Елбасы Негізгі Заң әлемдік өркениет жетістіктері мен қазақстандық құндылықтардың әділ және теңгерімді үйлесімін бекітті, мемлекеттік құрылым пирамидасының негізіне айналғанын қадап айтты. Бүкіл қоғамның игілігі үшін елдің үдемелі даму стратегиясын таңдай отырып, осы жылдар ішінде Конституцияның талабы қатаң сақталуда. Тұңғыш Президент бүгінгі форум өте маңызды екенін, осы орайда мемлекет пен халықаралық қоғамдастықтың тұрақты дамуы мақсатындағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Бұдан бөлек шарада шетелдік қонақтар да сөз алды. Олардың арасында Еуропа Кеңесінің құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссияның (Венеция комиссиясының) президенті Джанни Букиккио, Еуразиялық Экономикалық одақ Сотының Төрағасы Ж. Бәйішев, Германия халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының Бас директоры Фрауке Бахлер ханым және Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы Дьердь Сабо да бар.

Конференция бағдарламасы Конституцияның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі, цифрлық трансформация дәуіріндегі адам құқықтары мен демократиялық құндылықтарды қорғаудағы рөліне, сондай-ақ қазіргі заманғы және тиімді мемлекетті жаңғыртудың Конституциялық қағидаттарына арналған үш сессиядан тұрады.

Әлемнің барлық континенттеріндегі жетекші заңгерлер одан әрі конституциялық және құқықтық дамудың өзекті мәселелерін, соның ішінде коронавирустық індетке байланысты мәселелерді талқылауда.

Спикерлер қатарында Әзербайжан, Ауғанстан, Армения, Беларусь, Болгария, Германия, Грузия, Үндістан, Индонезия, Корея, Қырғызстан, Латвия, Малайзия, Мальдив, Мексика, Мьянма, Молдова, Моңғолия, Пәкістан, Польша, Ресей, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Өзбекстан және Украина конституциялық әділет органдарының басшылары бар.

Қатысушыларға «Қазақстан Республикасының Конституциясы- мемлекеттің тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» тарихи-деректі онлайн көрмесі ұйымдастырылды. Онда Негізгі Заң жобасын әзірлеу тарихына және жүргізілген конституциялық реформаларға байланысты бірегей мұрағаттық құжаттар қойылған.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «XXI ғасырдың Конституциясы – құқық үстемдігі, адамның құндылығы және мемлекеттің тиімділігі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның және Азия конституциялық соттары және балама институттар қауымдастығы IV Конгресінің пленарлық отырысына онлайн режимде қатысты.


Соңғы жаңалықтар