Конституциялық референдум нені өзгертті

Былтыр 5 маусымда Қазақстан Конституциясына өзгертулер мен толықтыруларға арналған референдум өтіп, 2 күннен кейін Орталық референдум комиссиясы ұсынылған өзгерістер қабылданды деген қорытынды шығарған болатын.
Осылайша жалпы халық дауыс берген референдум алты бірдей бағытта құқықтық реформаларға жол ашып берген.
Суперпрезиденттік жүйе тарихқа айналды
Референдум қорытындысы бойынша Ата заңның 43-бабына 3-тармақ қосылды. Ол тармақта ҚР Президенті ел басқарып тұрған кезінде саяси партияда бола алмайтыны атап көрсетілген. Бұл тыйымның Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың және өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелеріне де қатысы бар. Референдумды жақтаушы сарапшылар бұл қадам бұрынғыдай бір ғана партияның саясат сахнасындағы шексіз үстемдігіне шектеу болатынын жарыса айтты.
Сондай-ақ Конституцияның 43-бабына 4-тармақ қосылады. Онда «Президенттің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға қақысы жоқ» деп жазылды.
Ал Тұңғыш Президенттің Президент лауазымына қатарынан екі реттен көп сайлануына мүмкіндік беретін бап жойылып, Тұңғыш Президенттің мәртебесі мен өкілеттіктері Конституциямен және конституциялық заңмен айқындалатыны туралы 46-баптың 4-тармағы алынып тасталды.
Сонымен бірге 91-баптағы Тұңғыш Президенттің тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы деген мәртебесі туралы норма күшін жойды.
Конституциялық реформа аясында Президенттің жергілікті әкімдердің жұмысына орынсыз килігу мүмкіндігі шектелді. Нақтырақ айтсақ, Мемлекет басшысының облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жоятыны не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұратыны туралы құзыреті жойылды.
Сондай-ақ Президенттің аудан, қала, ауылдық округ әкімдерін лауазымынан босату туралы құзыреті алып тасталды.
Ал 87-баптың 4-тармағында аудан, қала, ауылдық округ әкімдерін Президент облыс аумағында орналасқан мәслихат депутаттарының немесе республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихат депутаттарының келісімімен тағайындайтыны көрсетілді. Президент жергілікті депутаттардың алдына кемінде екі кандидатура ұсынып, дауысқа салу арқылы шешім қабылдануы керек. Яғни, дауыс беруге қатысқан депутаттардың көпшілігінің дауысына ие болған кандидат тағайындалады.
Ассамблеяның Парламенттегі ықпалы азайды
Конституциялық референдум қорытындысы бойынша Сенаттағы Президент квотасының саны 15-тен 10 депутатқа дейін қысқарды. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынуы керек.
Бұған дейін Конституциялық Кеңес ретінде жұмыс істеп келген институт Конституциялық Сот болып құрылып, қайта жаңғыртылды.
Конституциялық Соттың құрамында 11 судья кіреді. Ал Конституциялық Кеңестің құрамында 7 мүшесі бар еді.
Конституциялық Соттың құрамындағы 6 судьяны Парламент (Мәжіліс пен Сенаттың әрқайсысы 3 судьядан), 4 судьяны Президент тағайындайды. Ал төрағасын Президент Сенаттың келісімімен тағайындайды.
Сонымен қатар «Мемлекеттік хатшы» институты «Мемлекеттік кеңесші» институты болып өзгерді. Оның міндетіне Президентке ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу кіреді.
Парламенттің рөлін күшейткен баптар
Референдум қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттарының жалпы саны 107-ден 98-ге азайды.
Мәжіліс депутаттары пропорционалды және мажоритарлы жүйе бойынша сайлана бастады. Ал бірмандатты сайлау округі бойынша сайланған Мәжіліс депутаттарынан мандатын сайлаушылар кері қайтарып алу құқығы енгізілді.
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып өзгерді. Оның төрағасы бір жылдың ішінде Мәжіліс депутаттарының алдында екі рет есеп берді.
Сондай-ақ бұрын Мәжіліс заң жобаларын қарап және мақұлдап қана келсе, енді заңдарды қабылдау құзыретіне ие болды. Ал бұрын заңдарды қабылдап келген Сенатқа заңдарды мақұлдау не мақұлдамау еркі берілді.
Парламент конституциялық заңдарды палаталардың бірлескен отырысында, кемінде екі оқылымда қабылдап жүр.
Тағы бір маңызды жайт, заңдарды жедел қабылдау тәртібі енгізілді. Халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті сақтауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою үшін Үкіметтің заң шығару бастамасы арқылы енгізілетін заң жобалары Парламент палаталарының бірлескен отырысында шұғыл қаралатын болды.
Сарапшылардың пайымынша, бұл тәсіл елге төнген қауіп-қатердің бетін қайтару үшін билік тармақтарының бірлескен әрі шұғыл жұмысын үйлестіруге мүмкіндік береді.
Жер – халықтікі
Ата Заңда жер және жер қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені кесімді түрде бекітілді. Халықтың осы құқығын мемлекет қазақстандықтар атынан жүзеге асырады.
Өлім жазасы жойылды
Референдумнан кейін өлім жазасын ұлттық заңнамадан жою туралы шешім Ата заң арқылы түпкілікті бекітілді.
Конституциялық Кеңестің орнына құрылған Конституциялық Сот азаматтардың өтініштері бойынша нормативтік-құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сәйкестігін қарай бастады.
Органның ресми сайтындағы мәліметке сенсек, 2023 жылдың басынан бері Конституциялық Сотқа азаматтардан 3,5 мыңнан астам өтініш келіп түскен.
Конституциялық сот судьялары 22 іс бойынша қорытынды шешім шығарған. Оның 17-сі азаматтардың өтініштері бойынша, үшеуі Президенттен, біреуі Парламент депутаттарынан түскен.
Азаматтардың өтініштері бойынша 30-дан астам құқықтық нормалардың Конституцияға сәйкестігі қаралып, 5 норма Ата заң принциптеріне сай емес деп танылған.
«2023 жылғы 19 шілдедегі жағдай бойынша судьялар 15 өтініш бойынша заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің ережелерінің Конституцияға сәйкестігін тексеруде, келіп түскен қалған өтініштер судьялардың алдын ала зерделеуінде немесе «Конституциялық Сот туралы» Конституциялық заң бойынша талаптарға сәйкестігін тексеру сатысында», - делінген ресми мәліметте.
Референдум қорытындысы бойныша, прокуратураның құзыреті, оның жасақталуы мен қызмет тәртібі Конституциялық заңмен белгіленді.
Ал Конституцияға енген жаңа нормалар Адам құқықтары жөніндегі уәкілге иммунитет қалыптастырды. Қысқаша айтсақ, аталған лауазым иесі азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау кезінде қандай да бір өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға тәуелді болмайды, ешкімге есеп бермейді. Ол өз жұмысы аясында Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Ал оның құқықтық мәртебесі мен қызметін ұйымдастыру Конституциялық заң арқылы айқындалған...