Конституциялық Сотқа қандай міндеттер жүктеледі

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпаратт тілшісі.

Конституциялық заң жобасының мақсаты - Конституциялық Кеңесті Конституциялық Сот ретінде қайта құру бөлігінде Конституцияға енгізілген өзгерістерді іске асыру, мемлекеттің құқық қорғау институттарын күшейту, Негізгі Заң ережелерінің қатаң сақталуын қамтамасыз ету. Жалпы, Конституциялық заң жобасы 3 бөлімнен, 10 тараудан және 68 баптан тұрады.

«Бірінші бөлім Конституциялық Сот мәртебесіне арналған. Конституциялық Сот биліктің сот тармағына жатпайтынын атап өткім келеді, өйткені бұл мәселе Конституцияда түпкілікті шешілді. Конституциялық Сот еліміздің бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін орган болады. Заң жобасында Конституциялық Сот судьяларын тағайындау және олардың өкілеттіктерін тоқтату тәртібіне байланысты мәселелер егжей-тегжейлі регламенттелген», - деді Әділет вице-министрі Алма Мұқанова.

Оның айтуныша, Конституциялық Сот судьяларының жоғары мәртебесін ескере отырып, оларды материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету жөніндегі нормалар енгізілген. Атап айтқанда, Сот жүйесі туралы Конституциялық заңға ұқсас Конституциялық Сот судьяларының отставкаға шығу институтын енгізу ұсынылады.

«Бұдан әрі, Конституциялық Сотты қаржыландыру тәртібін, оның аппаратының мәртебесін және осы органның қызметін қамтамасыз етуге байланысты өзге де мәселелерді қамтитын Конституциялық Соттың қызметін ұйымдастыру мәселелері қарастырылған. Сонымен бірге, бұл бөлімде Конституциялық Соттың құзыреті және оны жүзеге асырудың ұйымдастырушылық нысандары көрсетілген. Конституциялық Соттың құзыреті Конституцияның 72-бабымен тікелей реттеледі. Мәселен, Конституциялық соттың құзыретіне сайлауды өткізудің дұрыстығы мәселелерін қарау, Парламент қабылдаған заңдар мен халықаралық шарттардың Республика Конституциясына сәйкестігін қарау, сондай-ақ Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру жатқызылған. Яғни Конституциялық Кеңестің барлық қолданыстағы функциялары Конституциялық Сотқа берілді», - деп түсіндірлі вице-министр.

Бұдан басқа, ең маңыздысы, Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Конституциялық Сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді Конституцияға сәйкестігін қарайтын болады.

«Сондай-ақ, Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы Бас Прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге берілді», - деп нақтылады Алма Мұқанова.


Соңғы жаңалықтар