Конституциялық Сотта өтініштерді қарау рәсімі жалпы соттардағы тәртіптен өзгеше болады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Конституциялық Сотта өтініштерді қарау рәсімі жалпы соттардағы іс жүргізу тәртібінен ерекше болады. Бұл туралы Мәжілісте «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заң жобасын таныстыру кезінде Әділет вице-министрі Алма Мұқанова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпаратт тілшісі.

«Конституциялық заң жобасының екінші бөлімі конституциялық іс жүргізуді жүзеге асырудың ерекшеліктеріне арналған. Бірінші кезекте, конституциялық іс жүргізудің жалпы шарттары мен қағидаттары бекітіледі. Конституциялық Сотқа өтініштердің түрлері, олардың нысаны мен мазмұны айқындалады. Өз кезегінде, Конституциялық заң жобасының 46-бабына ерекше назар аударғым келеді, онда азаматтардың өтініштерін қабылдау критерийлерін белгілеу ұсынылады», - деді А. Мұқанова.

Оның айтуынша, Конституциялық Сотта өтініштерді қарау рәсімі жалпы соттардағы сот ісін жүргізу тәртібінен түбегейлі ерекшеленеді.

«Жоба барлық процедуралық және ұйымдастыру рәсімдерін барынша жеңілдету қажеттілігін ескере отырып әзірленді. Конституциялық Соттың өтініштерді қарау тәртібі жалпы алғанда бес кезеңнен тұрады. Біріншіден, Конституциялық Сот Аппаратының өтініштерді алдын ала қарауы ескерілген. Екіншіден, конституциялық іс жүргізуге өтінішті қабылдау жүргізіледі. Үшіншіден, Конституциялық Сот отырысында өтінішті қарау үшін материалдар дайындалады. Төртіншіден, өтінішті қарау бойынша отырыс өткізіледі. Ал соңғы кезеңде өтініш бойынша түпкілікті шешім қабылданады. Сонымен қатар, жобаға Конституциялық Соттың шешімдерін орындау тетіктері енгізілген. Конституциялық заң жобасын қабылдау Конституциялық Соттың қызметі, оған Конституцияда жүктелген өкілеттіктерді іске асыру үшін құқықтық негіз жасайды деп ойлаймыз», - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заң жобасы таныстырылды.

Жалпы, Конституциялық заң жобасы 3 бөлімнен, 10 тараудан және 68 баптан тұрады.

Еске салсақ, биыл наурыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Конституциялық сот құруды ұсынды.


Соңғы жаңалықтар