Конституциялық тәртіптің басты тұғыры - азаматтардың теңдігі - Роза Кәрібжанова

«Конституциялық тәртіптің басты тұғыры бұл жерімізде тұрып жатқан азаматтардың ұлтына, әлеуметтік жағдайына қарамастан құқықтарының теңдігінің сақталуында. Осылайша елімізде саяси тұрақтылық, келісім мен бейбітшілік орнап отыр», - деді Р.Кәрібжанова.
Ол Қазақстанның құқық қорғау саласында жеткен жетістіктерін де әңгімеге арқау етті.
«Қазақстан өзінің Ата заңының арқасында мемлекеттілігін құрды, ұлттық тәуелсіздігіміздің негізін қалады. Территориямыздың тұтастығын қамтамасыз етті. Сонымен қатар, әлемдік нарықпен де интеграциялана түсті. Қазақстанның әлемдік беделінің арта түсуінің айғағы ретінде Астанада өтетін «Экспо-2017» көрмесін айтуға болады»,- деді Роза Кәрібжанова.
Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары Серік Нұрмұратов Ата заңымыздың тек Қазақстан аймағында ғана емес барлық Орта Азия аймағы мен Еуразия кеңістігінде де маңызы зор екендігін жеткізді.
«ҚР Конституциясы мемлекетік және қоғамдық қатынастарды басқаруға мүмкіндік беретін әмбебап демократиялық құрал десек те болады», - деп қорытындылады Серік Нұрмұратов.
Дөңгелек үстел барысында мемлекеттің негізі - Ата заңның қабылдануы мен оның баптарындағы руханият, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілі, қазақстандық патриотизмді одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.