Конституцияның 78-бабын жүзеге асыруға арналған заң қабылданды - Парламент

None
None
АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына сенаторлар енгізген түзетулерді қарады.

Талқылау барысында Мәжіліс аталған құжатты қабылдады. Енді заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.

Еске салсақ, аталған жобаға Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған болатын. Сондай-ақ, құжат ҚР Конституциясының 78-бабын қолдануға байланысты қолданыстағы кейбір заңнамалық актілердегі олқылықтарды жою мақсатында әзірленген.  Атап айтқанда, Ата заңның  13-бабында белгіленген әркімнің сотта қорғалу құқығы адамның және азаматтың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етудің кепілдігі болып табылады. Ал, мұндай конституциялық құқық, сондай-ақ соттардың ҚР Конституциялық Кеңесіне жүгіну мүмкіндігі жолымен іске асырылуы мүмкін. Қазақстан Республикасының Конституциясының 78-бабы нақты қылмыстық және азаматтық істерді, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау кезінде Конституциялық Кеңеске жүгінуінің құқықтық шарттарын жасайды.

Сонымен бірге депутаттар конституцияның аталған бабының ережелерін іске асыру іс жүргізу заңнамасында орын алған олқылықтармен қиындатылғанын, онда Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік-құқықтық актіні немесе оның бөліктерін конституциялық емес деп табудың құқықтық салдары реттелмегенін алға тартады. Осыған орай, заң жобасын қабылдау соттың Конституциялық Кеңеске жүгінуіне байланысты сот ісін жүргізуде туындайтын бірқатар құқықтық қатынастарды реттеуге мүмкіндік беретіні көзделген болатын.

Ал Сенаттағы талқылаулар барысында заң жобасына бірқатар өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда, сенаторлар құқық қолданушы органдар болып табылатын мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың тізбесін нақтылап, одан басқа да өзгерістер жасады. Бұлар құжаттың тұжырымдамасына еш әсер етпейтін болғандықтан,  Мәжіліс Сенат енгізген түзетулерге келісімін берді.

Соңғы жаңалықтар