Конституция — халық таңдауы, мемлекет тірегі — көрме
АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы Тұңғыш Президент музейінде Конституция күні қарсаңында ерекше көрме ашылды.

«Конституция — халық таңдауы, мемлекет тірегі» атты көрме «Дәуір жасампаздары / Замандастар» тарихи-мемориалдық жобасы аясында іске асырылды.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, экспозиция қазіргі Қазақстан мемлекеттілігінің құқықтық негізіне айналған мемлекеттік егемендік туралы декларацияны және 1995 жылғы Конституцияға дейінгі мемлекеттік тәуелсіздік туралы Конституциялық заңды қабылдаудан бастап тәуелсіз Қазақстанның саяси-құқықтық қалыптасуының негізгі кезеңін көрсетеді.



Өтпелі кезеңнің интеллектуалды және саяси шиеленісін көрсететін 1995 жылғы сараптамалық-консультативтік кеңестің жұмысы орталық орынды алады.


Экспозицияда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жеке архивінен құжаттар, яғни Н.Ә. Назарбаевтың түзетулері бар түпнұсқа қолжазбалар, авторлық түсініктемелері бар Конституция жобасының жұмыс нұсқалары, сондай-ақ құқық және мемлекеттік құрылыс саласындағы жетекші әлемдік мамандардың сараптамалық қорытындылары мен ұсыныстары ұсынылған.


— Конституция күніне орай ұйымдастырылған көрменің орны ерекше, себебі бұл жерде архив және музей материалдары қойылған. Бүгінгі көрмеде 1995 жылы қабылданған Конституцияны әзірлеу барысында жасалған жобаларды алғаш толығымен көрсетіп отырмыз. Архив материалдарының құндылығы референдум өткізер алдында 3 қатысушының 33 мың ұсынысы мен өзгерісі негізінде ата заңның бес бабы толығымен өзгертілді, — деді Тұңғыш Президент музейінің директоры Күләйшә Ақтаева көрменің ашылу салтанаты барысында.



Осылайша, тарихи материалдардың түпнұсқасы жұртшылықтың назарына алғаш ұсынылып отыр.

— Конституцияның құндылығы мен маңызын көрсетіп отырмыз. Заңгерлер, тарихшылардың бірлесіп істеген жұмысының нәтижесінде шығарылған материалдар, біздің қордағы кітаптар және Ұлттық кітаптар палатасынан алынған біраз материал, газеттер және бейнематериалдар бар, — дейді ол.

Сондай-ақ көрме материалдары қазақ құқықтық санасының дәстүрін қазіргі конституционализм қағидатымен байланыстыратын динамикалық құқықтық құрал ретінде Конституцияның эволюциясы контекстіндегі саяси жүйенің трансформациясын көрсетеді.

Айтулы іс-шараға Конституциялық кеңес мүшелері, ғалымдар, тарихшылар, заңгерлер, қоғам қайраткерлері, депутаттар мен жастар қатысты.
Елорда тұрғындары мен қонақтары аталған көрмені Ә. Бөкейхан көшесі 1 мекенжайында орналасқан Тұңғыш Президент музейінен тамашалай алады.
Бұған дейін Астанада Конституцияның 30 жылдығы қалай атап өтілетіні туралы жазған едік.