Конституция жобасы, дипломатия және галлий экспорты: шетелдік БАҚ Қазақстан туралы не жазды

АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада шетелдік медианың назарында Қазақстан мәселелері жиі талқыланды. Әлемдік БАҚ-тағы негізгі материалдарды Kazinform  агенттігінің шолуында топтастырдық.

Что пишут зарубежные СМИ о Казахстане
Коллаж: canva/ Конституциялық Сот/ Әділет Беремқулов/ Kazinform

РБК: Қазақстан парламенті түзетулерді жаңа Конституцияға қадам деп бағалап отыр

– Қазақстанда дайындалып жатқан конституциялық өзгерістердің ауқымы іс жүзінде жаңа Негізгі заң қалыптастыруға алып келіп отыр, – деп жазады РБК.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның айтуынша, ұсынылып отырған түзетулер көлемі 1995 жылғы Конституцияға жекелеген өзгерістер енгізу шеңберінен әлдеқашан асып кеткен.

Депутаттардың мәліметінше, өзгерістер Конституцияның 77-ден астам бабын қамтиды. Ал Конституциялық комиссия жұмысының қорытындысы бойынша Негізгі заң мәтінінің шамамен 84 пайызы жаңартылады. Бұл мемлекеттік билік жүйесінің құрылымын қайта қарауды, өкілеттіктерді қайта бөлуді және тежемелік пен теңестірмелердің жаңа жүйесін қалыптастыруды көздейді.

– Реформа аясында бір палаталы парламент, Құрылтайға көшу, Халық кеңесін құру, вице-президент лауазымын енгізу және парламент өкілеттігін кеңейту қарастырылған. Сонымен қатар мемлекеттің унитарлық сипаты мен аумақтық тұтастығы сақталады, – деп жазады басылым.

TPS-IL: Израиль мен Қазақстан дипломатиялық және экономикалық байланысты нығайтып жатыр

Израильдің TPS-IL агенттігі Израильдің сыртқы істер министрі Гидеон Саардың Қазақстанға жасаған сапары туралы хабарлады. Мұндай деңгейдегі сапар соңғы рет 2010 жылы болған. Сапардың негізгі мақсаты саяси диалогты нығайту және экономикалық ынтымақтастықты кеңейту болды.

Гидеон Саар Қазақстанның сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевпен келіссөз жүргізді. Кездесу барысында тараптар Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылу мүмкіндігін, визалық тәртіпті жеңілдету және дипломатиялық кадрларды даярлау, сондай-ақ жария дипломатия саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Нәтижесінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Сапар аясында тарихи жады мәселесіне де ерекше мән берілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль Президенті Ицхак Герцогқа жолдаған хатында Холокост құрбандарының тарихтағы орнын ұмытпау қажеттігін айтты. Сонымен қатар басылым Гидеон Саардың Мемлекет басшысымен және Қазақстандағы еврей қауымдастығы өкілдерімен кездесуі жоспарланғанын жазды.

Kyodo: Mitsubishi Қазақстаннан галлий импорттай бастайды

Жапонияның Kyodo агенттігі Mitsubishi корпорациясы 2026 жылдан бастап Қазақстаннан сирек металл – галлий импорттауды жоспарлап отырғанын хабарлады. Тиісті келісім «Алюминий Қазақстана» АҚ-мен жасалған.

Галлий өндірісі Павлодар қаласындағы зауытта жолға қойылады. Кәсіпорын 2026 жылдың үшінші тоқсанында іске қосылады деп жоспарланған. Жылына шамамен 15 тонна өнім өндіріліп, оның барлығы Жапония нарығына экспортталады. Галлий жартылай өткізгіштер, электр көліктері және жарықдиодты технологиялар өндірісінде қолданылады.

Сонымен қатар Eurasian Resources Group компаниясы да галлий өндірісіне инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл Қазақстанды әлемдегі ірі өндірушілердің қатарына қосуы мүмкін.

Nova: Қазақстан 2026 жылғы өңірлік экологиялық саммитті қабылдайды

Италиялық Nova агенттігі 2026 жылғы өңірлік экологиялық саммит Астанада 22–24 сәуір аралығында өтетінін жазды.

Агенттік форумға үкімет өкілдері, халықаралық ұйымдар, бизнес және ғылыми қауымдастықтан шамамен 1500 делегат қатысатынын айтады. Саммит БҰҰ қолдауымен ұйымдастырылып, климаттық өзгеріс, су ресурстарын басқару, көмірқышқыл газы шығарындыларын азайту, азық-түлік қауіпсіздігі және экологияға байланысты қаржыландыру мәселелеріне арналады.

Негізгі тақырыптардың қатарында Арал теңізі мен Каспий деңгейінің төмендеуі де бар. Саммит қорытындысында Орталық Азия елдерінің бірлескен декларациясы қабылданып, 2026–2030 жылдарға арналған өңірлік іс-қимыл бағдарламасы бекітіледі.

TV BRICS: Үндістан Қазақстан азаматтарына тегін виза енгізеді

TV BRICS арнасының хабарлауынша, Үндістан Қазақстан азаматтары үшін 30 күнге дейін тегін виза беру тәртібін енгізеді.

Виза туризм, медициналық ем алуға келген және оны бірге алып жүретін тұлғалар үшін қарастырылған. Құжатты онлайн немесе дипломатиялық өкілдер арқылы рәсімдеуге болады.

Үнді тарапының хабарлауынша, 2025 жылы Қазақстанға шамамен 250 мың үндістандық азамат келген. Екі ел арасындағы тауар айналымы 1 млрд доллар шамасында. Қазақстан мен Үндістан ШЫҰ, БРИКС, АӨСШК және «Үндістан – Орталық Азия» форматы аясында тығыз серіктестік орнатқан.

ӨзА: Қазақстанда Алтын Орда дәуірінің жаңа ескерткіштері табылды

ӨзА агенттігі «Сарайшық» музей-қорығы аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында Алтын Орда кезеңіне жататын үш қоныс табылғанын хабарлады.

Қазба кезінде тұрғын үйлердің қалдықтары, цитадель мен керуен-сарай іздері, сондай-ақ XIV ғасырдың басына тән 250-ге жуық жәдігер анықталған. Жалпы алғанда кешен аумағынан 7 мыңнан астам артефакт табылған. Қазіргі уақытта көне құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр.

Синьхуа: Алматы зообағында бір жылда 80-нен астам төл дүниеге келді

Қытайдың Синьхуа агенттігі 2025 жылы Алматы зообағында 31 түрге жататын 87 төлдің дүниеге келгенін хабарлады.

Зообақ бизон мен тамандуа сияқты сирек жануарлармен толыққан. Қазір мұнда 385 түрге жататын 4 мыңнан астам жануар бар. Олардың едәуір бөлігі халықаралық және ұлттық қорғау тізіміне енгізілген.

Айта кетейік, бұған дейін шетелдік БАҚ Қазақстанның саяси реформалары жайында жазған болатын.

Соңғы жаңалықтар