Конституция жобасын референдумға шығару үшін Президент қарауына ұсынуға болады - Сарым

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Конституциясының жобасы тарихи факт және саяси фактор ретінде жүзеге асты. Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның ХII отырысында комиссия мүшесі, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым мәлім етті.

Айдос Сарым
фото: видеодан салынған скрин

- Конституция жобасында заңдылық пен тәртіп қағидаттары, сондай-ақ азаматтардың қоршаған ортаның тағдыры үшін ортақ экологиялық жауапкершілігі ұлттық басымдықтар ретінде белгіленген. Сондықтан, осы Конституция жобасы - бостандықтың, тәртіптің, заңдылықтың және өзара жауапкершіліктің Негізгі құжаты. Осы мінберден жауапкершілікпен айта аламын, комиссия жұмысында ауқымды жұмыс болды. Менің ойымша, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы тарихи факт және саяси фактор ретінде жүзеге асты. Оны осы күйінде жалпыхалықтық референдумға шығару үшін Қазақстан Президентіне ұсынуға болатынына сенімдімін. Біз Республикалық штаб құрып, Қазақстанның әрбір азаматымен сенімді түрде сөйлесу үшін елдің барлық өңіріне баруға дайынбыз, - деді Айдос Сарым.

Бұған дейін Конституция жобасы бойынша 10 мыңнан астам өтініш түскенін жазған едік.

Осы орайда А. Сарым барша ұсыныс берген азаматтардың аты аталып, оларға Конституциялық Сот атынан немесе Конституциялық комиссия атынан ресми түрде алғыс айтылып, «алғыс хат» берілсе екен деген ұсынысын жариялады.

Айта кетейік, 31 қаңтарда Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялады.

 

Соңғы жаңалықтар