Конституция жобасында адамның барлық жеке құқықтарының қол сұғылмаушылығы тікелей бекітілген — Зәкиева
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Конституция жобасы адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуына нақты кепілдіктер белгілейді. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның VII отырысында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева айтты.
— Адам құқықтарының Конституция жобасында қалай бекітілетініне кеңірек тоқталуға рұқсат етсеңіздер. Біріншіден, 2-бөлімнің атауы өзгереді. Қазіргі «Адам және азамат» атауының орнына «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деген атау ұсынылады. Бұл адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ міндеттерінің басым маңызға ие екенін айқын көрсетеді. Екіншіден, аталған бөлім құрылымдық тұрғыдан 29 түрлі құқықты, бостандықты және міндетті қамтиды. Конституция жобасында бекітілетін барлық құқық пен бостандықтар оларды іске асыру шарттарымен қатар белгіленеді. Алайда, кейбір құқықтар, мысалы өмір сүру құқығы ешқандай шартпен шектелмейді, — деді ол.
Оның айтуынша, Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтары әрбір адамға туған сәтінен бастап тиесілі екені, олардың абсолютті және ажыратылмайтын сипаты бар екені тікелей көрсетілген, яғни құқықтарға ие болу үшін қандай да бір қосымша шарт қажет емес. Олар адамға дүниеге келген сәттен басталып беріледі.
— Маңыздысы, Конституция жобасында адамның барлық жеке құқығының қол сұғылмаушылығы тікелей бекітілген. Сонымен қатар жаңа редакцияда құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асыру басқа адамдардың құқықтарын бұзбауға және бостандықтарын шектемеуге, конституциялық құрылымның негіздеріне, қоғамдық тәртіпке, азаматтардың денсаулығына және қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуі тиіс екенін нақты айқындалады. Осы тұста басқа адамдардың құқықтары мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірудің өмірде қалай көрініс табатынынан бір ғана мысал: кейбір адамдар сөз бостандығын шексіз еркіндікке айналдырып, азаматтарды, ата-аналар мен балаларды кемсітуге жол береді, соның салдарынан олардың денсаулығына ауыр психологиялық, кей жағдайда физикалық зиян келтіреді, — деді Динара Зәкиева.
Осы тұрғыдан алғанда Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Конституция жобасында адамның ар-намысы мен қадір-қасиетінің қол сұғылмаушылығы және олардың заңмен қорғалатыны туралы ереженің ерекше маңызы бар екенін айтады.
— Бұл адам абыройын қорғауды жаңа деңгейге көтермек. Конституция адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуына нақты кепілдіктер белгілейді. Хат алмасу, хабарламалар мен жеке өмір құпиясының қол сұғылмаушылығы туралы норма бұл құқықтардың да Конституциямен қорғалатынын айқын көрсетеді. Сонымен қатар Конституция жобасы қазіргі заманғы үрдістерді ескере отырып, бұл қағидалардың технологиялық серпін жағдайында да толық қолданылатынын нақты айқындайды. Ар-ождан бостандығы, еңбек ету құқығы, жүріп-тұру еркіндігі, тұрғын үйге, меншікке, денсаулық сақтауға қатысты құқықтар өзгеріссіз қалып отыр.
Қорытындылай келе, адамның қолданыстағы құқықтары мен бостандықтарын сақтап қана қоймай, олардың аясын кеңейтіп, нақты іске асырылуын және қорғалуын күшейтетін Конституция жобасының ұсынылып отырған нұсқасын қолдаймын, — деді Динара Зәкиева.
Айта кетейік, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның жетінші отырысы өтіп жатыр.
Отырыс барысында Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бүгінгі отырысында Ата заңдағы мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы пікірталастарға пікір білдірді.