Конституцияда азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтары қорғалады — Еркежан Күнтуғанқызы

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Конституция жобасы азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейтеді. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның 9-отырысында «Жібек жолы» телеарнасының директоры Еркежан Күнтуғанқызы айтты. 

Еркежан Күнтуғанқызы
Фото: видеодан алынған скрин

— Жаңа Конституцияда адам капиталын, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдығы екені көрсетілген. Қарапайым тілмен айтқанда, білім мен зияткерлік елдің басты құндылығы ретінде ресми түрде бекітілмек. Жастар үшін бұл — білім алуға, ғылыммен айналысуға және жан-жақты дамуға мүмкіндік, ал қоғам үшін — тек табиғи ресурстарға ғана емес, ақыл мен талантқа негізделген экономикаға қадам, — деді ол.

Сондай-ақ телеарна басшысы азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау, яғни Конституция деңгейінде интернет пен виртуалды өмірге қатысты қағидалар бекітіліп отырғанына назар аудартты.

— Бұл жеке деректерді қорғау, желідегі қауіпсіздік және тіпті өз пікірін еркін білдіру нақты құқықтық негізге ие болады деген сөз. Елдің цифрлық кеңістігі бей-берекеттік емес, ережеге негізделе алады. Бұл әрине, журналистер, блогерлер және жалпы онлайн бизнес үшін маңызды. Жаңа Конституция жобасы азаматтардың құқықтық қорғалуын да күшейтеді. Әділдік қағидаттары, кінәсіздік презумпциясы нормалары бекітіледі. Бұл дегеніміз, адам құқықығының жан-жақты нақты қорғалғаны туралы, — деді Еркежан Күнтуғанқызы.

Айта кетейік, Kazinform агенттігінің қазақ және орыс тіліндегі Telegram арнасы осы отырыстан мәтін трансляциясын беріп жатыр

Соңғы жаңалықтар