Конституцияда биліктің бөліну қағидатын бекітетін норма жаңа редакцияда тұжырымдалды
АСТАНА. KAZINFORM – Конституцияда биліктің бөліну қағидатын бекітетін норма жаңа редакцияда тұжырымдалды. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның 4-отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмаханов айтты.
- Әлемдік тәжірибеде «Конституциялық құрылым негіздері» бөлімінде мемлекеттің ұйымдастырылуын айқындайтын, егемендігін, аумақтық тұтастығын және өзге де аса маңызды қағидаттарын бекітетін іргелі ережелер көрініс табады. Жобада бұл бөлімде еліміздің құқықтық мәртебесі мен жалпы келбеті анықталды. Қазақстан Республикасы демократиялық зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде танылады. Оның ең қымбат құндылығы адам және өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Биліктің бөліну қағидатын бекітетін норма жаңа редакцияда тұжырымдалды. Мемлекеттік қолданыстағы құқығы мәселелеріне арналған конституциялық ережелер нақтыланды, - деді ол.
Оның атап өтуінше, жекелеген өңірлерде конституциялық заңдар арқылы қаржы саласына қатысты арнайы құқықтық режим белгіленуіне негіз көзделеді.
- Осындай тәртіппен жедел қарқынмен дамитын қала арнайы құқықтық режимі белгіленуі мүмкін. Ол экономиканы тиімді ілгерілету мақсатында жүзеге асырылмақ және Астана халықаралық қаржы орталығы мен Алатау қаласын дамытумен байланысты. Бұл нормаларды конституцияның басқа негізгі баптарымен тығыз байланыста қарау керек. Атап айтқанда, республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысы тек конституциялық заңмен белгіленеді деп бекітілмек. «Қазақстан біртұтас мемлекет, ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмауы мен бөлінбеуі» деген нормалар өзгеріссіз қалуда,- деді Бақыт Нұрмаханов.
Бұған дейін Конституция мәтінінің 84 пайызы түзетілгенін жазған едік.