Конституцияда жеке бас бостандығына қатысты нормалар нақтыланады – Артур Ластаев

АСТАНА. KAZINFORM – Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның VII отырысында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев жеке басқа қол сұғылмаушылық мәселесіне қатысты пікір білдірді.

 Уполномоченный по правам человека в РК Артур Ластаев
Фото: t.me/konstituciyalikreforma

Оның айтуынша, Конституция жобасына сәйкес, адамды қамауда ұстауға тек соттың шешімімен ғана жол беріледі. Ал соттан тыс қамауда ұстау мерзімдері заңнамада нақты айқындалатын болады.

- Бұл мәселе бойынша әртүрлі пікірлер айтылып келеді және олар әлі де талқылану үстінде. Қоғамдық талқылау нәтижесінде аталған нормалар нақтылануы мүмкін екенін жоққа шығармаймын, – деді Артур Ластаев.

Сондай-ақ ол жаңа редакцияда құқықтық субъектілік, өз құқықтары мен бостандықтарын заңды тәсілдермен қорғау, соның ішінде қажетті қорғану құқығы толық көлемде сақталатынын атап өтті.

– Қылмыстық қол сұғушылықтарға белсенді түрде қарсы тұру мүмкіндігі өмір сүру құқығын толықтырып, оның абсолютті сипатын нақты мазмұнмен байытады. Бұл тетік адамның өмірінен заңсыз және негізсіз айырудың алдын алуға бағытталған, яғни өмір сүру құқығын тек формалды емес, нақты қорғауды қамтамасыз етеді, – деді уәкіл.

Артур Ластаев цифрландыру үдерісінің қарқынды дамуын ескере отырып, Конституция жобасында жеке өмірге қол сұғылмаушылықты, заңмен қорғалатын құпияны және дербес деректердің қауіпсіздігін жаңа технологиялар жағдайында да кепілдендіру көзделгенін айтты.

– Қазіргі әлемде цифрлық бейберекеттіліктің алдын алу үшін Конституция деңгейінде сөз бостандығына қатысты нормаларды нақтылау әлдеқашан қажеттілікке айналды. Ақпараттық кеңістік жағдайында пікір білдіру еркіндігі мен жария сөз үшін жауапкершілік арасындағы тепе-теңдік айрықша маңызға ие. Мұндай баланс өзге тұлғалардың құқықтарын қорғау мен қоғамның орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін қажет, – деп түйіндеді Артур Ластаев.

Бұған дейін Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қоғамда айтылып жатқан ұсынысқа қатысты пікір білдірген еді.

 

Соңғы жаңалықтар