Конституциялық комиссияда мемлекетке қауіп төндіретін әрекеттер нақты талқыланды — депутат
АСТАНА. KAZINFORM — Конституциялық комиссия мемлекетке, қоғамға және бейбіт өмірге қауіп төндіретін әрекеттерді анық көрсетіп жатыр. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның (Конституциялық комиссия) кезекті отырысында Мәжіліс депутаты Максим Рожин етті.
— Ұсынылып отырған редакцияда біз мыналарды нақты көрсетеміз. Конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге шақыруға, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен егемендігіне қол сұғуға, қоғамдық тәртіпті бұзуға, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге, соғысты және қарулы қақтығыстарды насихаттауға, әлеуметтік әрі нәсілдік, ұлттық, этникалық және діни артықшылықтарды қоздыруға, зорлық-зомбылық пен қатыгездікті дәріптеуге жол берілмейтіні Конституциялық деңгейде бекітілді. Сонымен қатар, тек осындай әрекеттердің өзі ғана емес, оларға арандатушылық қызмет пен үндеулерге де жол берілмейтіні нақты жазылды. Бұл — өте маңызды құқықтық нақтылау. Өйткені заңға бағыну тек жазалау арқылы ғана емес, ең алдымен, құқық бұзушылықтың алдын алу арқылы қамтамасыз етіледі, — деді Максим Рожин.
Оның айтуынша, Конституциялық комиссия мемлекетке, қоғамға және бейбіт өмірге қауіп төндіретін әрекеттердің шегін анық көрсетіп жатыр.
— Бұл демократиялық мемлекеттік өзін-өзі қорғау тетігі. Тұрақтылық мен қауіпсіздік кез келген құқық пен бостандықтың іргетасы. Сондықтан бұл түзетулерді еркіндікті шектеу деп емес, еркін қоғамның негізін қорғау деп қабылдауымыз керек, — деді депутат.
Бұған дейін хабарланғандай, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның (Конституциялық комиссия) кезекті отырысында Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Халық кеңесінің құрамы мен өкілеттігі туралы айтты.