Конституциялық реформалар қоғамдық өмірге жаңа тұлғалардың келуіне себеп болды — Қарин
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мүлде жаңа тұрпатты елге айналды. Бұл туралы бүгін Құрылтай отырысында Вице-президент Ерлан Қарин мәлім етті.
— Соңғы бес-жеті жылда еліміз қай жағынан болмасын айтарлықтай өзгерді. Өзіңіз айтып жүргендей, Қазақстан мүлде жаңа тұрпатты елге айналды. Көптеген салада ауқымды және терең өзгерістер жүріп жатыр. Оның оң нәтижесін халқымыз өз көзімен көріп, сезе бастады. Сіздің қолдауыңызбен және сеніміңіздің арқасында елдегі осындай үлкен тарихи өзгерістердің ортасында жүруге мүмкіндік алдық. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, өзіңіз жиі айтатын бір сөз бар: «Әрбір азамат үшін елге қызмет ету — үлкен бақыт әрі зор мәртебе». Маған да осы жылдары осындай мүмкіндік беріп, сенім білдіргеніңіз үшін үлкен алғыс айтам! Қандай қызметте болсақ та, әрдайым өзіңіз айқындаған міндеттерді адал атқарып, Қазақстанның болашағы үшін еңбек етуге бар күшімді салуға уәде беремін, — деді Ерлан Қарин.
Осы орайда ол жаңа Конституциямен Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталғанын атап өтті.
— Ендігі мақсат — жаңа конституциялық құндылықтарды қоғамдық өмір қағидатына айналдырып, қоғамдық санада орнықтыру. Кешегі өткен Құрылтай сайлауы, елдегі Конституциялық реформалар қоғамдық өмірге көптеген жаңа есімдердің, жаңа тұлғалардың келуіне себеп болды. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, бастамаңызбен елде болып жатқан оң өзгерістер отаншыл, мемлекетшіл азаматтардың бәріне осындай ауқымды жұмыстарға араласуға жол ашып отыр. Осы тарихи сәтте барлық ел азаматын Президентіміздің айналасына топтасып, жұдырықтай жұмыла түсуге шақырамын, — деді Ерлан Қарин.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Құрылтай отырысында депутаттар Вице-президент лауазымына ұсынылған Ерлан Қариннің кандидатурасын қолдады.
Айта кетейік, Вице-президентті Президент тағайындайды. Бірақ оған Құрылтайдың келісімі керек. Осы орайда бүгін Құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вице-президент лауазымына Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды.