Конституциялық сот қызметіне кіріскеннен бері 400-ге жуық қаулы қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM — Конституциялық сот қызметіне кіріскеннен бері 400-ге жуық қаулы қабылдады. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова айтты.

Конституционный суд РК
Фото: ҚР Конституциялық соты

— Конституциялық заңдылық сапалы норма шығарусыз мүмкін емес. Конституциялық сот қызметіне кіріскеннен бері 400-ге жуық қаулы қабылдады. Олардың ішінде заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің нормаларын тексеру нәтижелері бойынша 72 қорытынды шешім құқық-шығармашылық мәселелеріне қатысты. 33 нормативтік қаулы іске асырылды, 14-і орындалу барысында. Конституциялық бақылау органының құқықтық ұстанымдары норма шығару процесіне қатысушыларды шектемейтінін, керісінше оларды құқықтық проблемаларды дербес және тұжырымдамалық тұрғыдан түсінуге ықпал ететінін түсіну маңызды, — деді Эльвира Әзімова.

Оның атап өтуінше, Конституциялық сот өтініштерді сол өтініштердің аясында ғана қарайды. Сонымен қатар, орындалуға міндетті құқықтық ұстанымдар мен шешімдерді тұжырымдайды және олар белгіленген құқықтық проблемаларға формальды емес, тұжырымдамалық тұрғыдан мән беріп қарауды талап етеді.

— Іске асыру мерзімдерін формальды орындау немесе созу құқықтық екіұштылықтың сақталуына алып келуі мүмкін. Бұл заңға деген сенімге тікелей қауіп төндіреді, — деді Конституциялық сот төрағасы.

Эльмира Әзімова Конституциялық соттың қорытынды шешімдері заңнаманы жетілдіру процесіне қазірдің өзінде мынадай әсерін тигізгенін айтады: 

— мемлекеттік баж нормалары оңтайландырылды;
— кассациялық қорғалуға қолжетімділік кеңейтілді;
— судьялардың тәртіптік кепілдіктері мен оларды жауаптылыққа тарту тәртібі нақтыланды;
— бала асырап алу, еңбек ету бостандығы және ата-аналардың әлеуметтік құқықтары қорғалды;
— жазаларды орындау, салық салу және мемлекеттік реттеу саласындағы конституциялық емес ережелер жойылды;
— тұрғын үйден айыру мәселесінде Конституция нормасына сот шешіміне балама ретіндегі прокурорлық санкцияға жол бермейтін ресми түсіндірме берілді.

Бұған дейін Эльвира Әзімова Конституциялық сотқа азаматтардан жиі түсетін өтініштерді атаған еді.

Соңғы жаңалықтар