Конституцияның 30 жылдығы: Есірткі көмгіштер рақымшылыққа іліне ме

АСТАНА. KAZINFORM – Конституцияның 30 жылдығына орай кейбір сотталғандарға рақымшылық жасауды көздейтін заң жобасын талқылау кезінде депутат Данабек Исабеков есірткі көміп, таратқаны үшін сотталған жастар неге рақымшылыққа ілінбей қалғанын сұрады.

задержание, полиция
Фото: Polisia.kz

Заң жобасын таныстырған депутат Абзал Құспан бұл мәселе жұмыс тобында қызу талқыланғанын айтты.

- Бұл мәселе жұмыс тобының күн тәртібінде қаралды. Бір емес, бірнеше рет талқыға салдық. Биыл Қылмыстық кодекске өзгертулер мен толықтырулар беру арқылы өзіңіз айтып отырған есірткі көмгіштердің жазасын едәуір жеңілдеттік. Бұрын олардың әрекеті «аса ауыр» қылмыс санатында болса, қазір «ауыр қылмыс санатына түсірдік. Тиісінше саралау жасап, есірткі заттарын дайындап, ұйымдастырған азаматтардың әрекетін ауырлатып, есірткі көмгіштердің әрекетін жеңілдеттік. Соның салдарынан қазіргі таңда бұл азаматтардың көпшілігі мерзімінен шартты түрде босап шығу немесе неғұрлым жеңіз жазаға ауыстыру арқылы босап шығуға мүмкіндігі бар, - деген депутат ол сөзіне нақты мәліметтерді мысал етіп келтірді.

Айтуынша, бүгінге дейін есірткі көмгені үшін 415 адам қамаудан босап шыққан. Тағы 2 мыңнан астам адамның заңдағы өзгерістерді пайдаланып босап шығуына мүмкіндігі бар.

- Екіншіден, есірткі таратқан азаматтарға рақымшылық қолдану мәселесін талқылаған кезде депуттардың басым көпшілігі бұған қарсы пікір білдірді. Өйткені биылдың өзінде жеңілдік беріліп отыр дегенді айтты. Оның үстіне есірткі көмгіштердің кесірінен зардап шеккен жәбірленушілердің жағдайын да ойлауымыз керек. Олардың отбасы, денсаулығы, құқықтары бұзылды. Әлі күнге дейін ұзақ емдеу іс-шараларымен әуре болып жүргенін ұмытпауымыз керек. Қазақстанда есірткімен байланысты қылмыс саны азаймай отыр. Оның өрістеуіне осы есірткі көмгіштердің тікелей әсері бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан бұл жолы бұл санаттағы азаматтар рақымшылық акциясына іліккен жоқ. Бірақ есірткіге қатысты 296-баптың 1, 2-бөлігіне (есірткі өзі тұтыну үшін сақтау қылмысы – ред.) толығымен рақымшылық қолданылады. Сондай-ақ, 297-баптың 1-бөлігі (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатымен заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу – ред.) түсіп отыр, - деп түсіндірді Абзал Құспан.

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев те осы ұстанымды қолдайтынын айтты. Ол депутаттардың есіне жемқорлық елдің ел экономикасының келешегіне қандай зиян келтірсе, есірткі қоғамның болашағына сондай зиян келтіретінін салды. 

Еске салсақ, Конституцияның 30 жылдығына арналған рақымшылық аясында 4,1 мың адам босайтыны мәлім болған еді. 

Соңғы жаңалықтар