Конституцияның жаңа жобасы — құқықтық мемлекетті нығайтудың жүйелі қадамы - Жамаладен Ибрагимов

АСТАНА. KAZINFORM — Конституциясының жаңа жобасында мемлекеттік билік тармақтары, адам және азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттері жүйелі түрде жетілдірілген. Бұл пікірді Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимов білдірді. 

Конституцияның жаңа жобасы — құқықтық мемлекетті нығайтудың жүйелі қадамы - Жамаладен Ибрагимов
Фото: Жамаладен Ибрагимовтың жеке архивінен

Оның айтуынша, Конституцияның Преамбуласында Ұлы даладағы тарихи мемлекеттердің ізбасарлығы, Әділетті Қазақстанды құру мақсаты және оны орнықтырудағы «Заң және тәртіп» қағидаттары нақты айқындалған.

— Бұл тұжырымдар мемлекеттің құқықтық және идеологиялық негізін күшейтумен қатар, қоғам дамуының ұзақ мерзімді бағдарын айқындайды. Сонымен бірге табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау, ғылым мен инновацияны дамыту, мәдениет пен адам құқықтарын сақтау секілді құндылықтардың конституциялық деңгейде бекітілуі — заман талабынан туындаған шешім, — деді заң ғылымдарының докторы.

Заңгердің сөзінше, «Адам және азамат» бөлімі атауының «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп өзгеруі азаматтардың құқықтық санасын арттыруға ықпал етеді. Бұл өзгеріс азаматқа тек құқық иесі ғана емес, қоғам алдындағы міндеттерін де сезінетіндей құқықтық негіз береді.

— Бұл өзгеріс құқық пен міндеттің өзара тең жауапкершілік екенін көрсетеді. Азаматтың тек құқық иесі ғана емес, қоғам алдындағы міндеттерін де сезінуіне құқықтық негіз қалайды, — деді ол.

Профессор конституцияның жаңа жобасында ұсынылған институционалдық жаңалықтарға да тоқталды. Оның айтуынша, вице-президент лауазымын енгізу мемлекеттік биліктің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, саяси биліктің ауысу кезеңдеріндегі сабақтастықты сақтауға бағытталған.

— Құрылтай депутаттарын пропорционалды жүйе бойынша сайлау партиялардың бағдарламалық жауапкершілігін арттырады, ал Халық Кеңесі өңір тұрғындарының мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтіп, ел бірлігі мен тұтастығын нығайтады, — деді ол.

Оның пікірінше, Халық Кеңес заң жобаларын ұсыну құқығы заң шығару билігінің кәсіби кәсіби сипатына нұқсан келтірмейді.

— Заң шығару — арнайы құқықтық білім мен тәжірибені талап ететін мемлекеттік құзырет. Сондықтан бұл тетік өкілді органдардың өкілеттігін шектемей, керісінше қоғамдық пікір мен билік арасындағы байланысты күшейтеді, — деді Жамаладен Ибрагимов.

Сонымен қатар ол адам және азамат құқықтарының табиғи құқық қағидаттарына сәйкестендірілуі, адвокат қызметінің конституциялық деңгейге көтерілуі және «Миранда» принципінің Ата заңда бекітілуін реформаның түбегейлі жетістіктері деп атады.

— Бұл нормалар халықаралық құқықтың озық тәжірибесін ұлттық құқықтық жүйеге енгізуге мүмкіндік береді. Егер Конституция жобасы халықтық референдумда қолдау тапса, ол адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп қана қоймай, мемлекет пен жеке тұлға арасындағы өзара жауапкершілікті айқындайтын берік құқықтық негіз қалыптастырады, — деп түйіндеді профессор.

 

Соңғы жаңалықтар