Контрафактілік өнімдер сөрелерде əлі тұр - «Родина АФ» басшысы Иван Сауэр

Оның сөзіне қарағанда, Астанада азық-түлік қажеттіліктеріне қатысты көрсеткіштерді есептеу мен тіркеуді ретке келтіріп, статистика бойынша нақты түсініктер керек. Себебі тұтынылатын және жеткізілетін өнім көлеміне қатысты сәйкес келмейтін мәліметтерді нақтылау қажет.
Бұдан бөлек ол делдалдар мәселесіне тоқталды.
«Қаржылық шығындарды қажет етпейтін мәселеге назар аударғым келеді. Осы орайда делдалдарға қатысты жағдайды баяғыда шешу қажет еді. Өнімнің барлық түрлері бойынша мұндай мәселе бар, яғни кейбір салада делдалдардың үстемесі көбірек болса, ал бірқатар бағыттарда олардың үстемесі азырақ. Әсіресе, оңтүстіктен, батыстан, шығыстан жеткізілетін тауарлар бойынша делдалдардың залалы тиіп отыр. Осы ретте логистиканы желеу етіп, айтарлықтай үлкен үстеме қосу жағдайы байқалады. Тек алманың өзі 3 есеге дейін қымбаттайды. Сондықтан да бұл мәселені шешу керек және оған қосымша шығындардың қажеті жоқ», - деді И. Сауэр.
Бұдан бөлек ол өнімнің сапасына тоқтала келе, сүт пен майдың контрафактісі проблемасы туралы көптен бері айтылып келе жатқанын жеткізді.
И. Сауэрдің сөзінше, тексерулер барысында контрафактілік өнімдер анықталып жатыр, дегенмен де бұндай өнімдер дүкен сөрелерінде әлі де байқалуда.
«Осы мәселеде жауапкершілікті күшейтіп, заңсыздыққа барғандарды жазалауға кірісу керек. Өйткені мұндай қадамдар жасамасақ, тәртіпке келтіру қиынға түседі. Сонымен қатар бізде денсаулық сақтау саласында ауқымды бағдарлама іске асырылып жатыр. Бірақ азық-түлікті жеткізуші кейбіреулер адамдардың денсаулығына зиян келтіруі салдарынан, аталған бағдарламаның нәтижесіне жетуге айтарлықтай кедергі болатыны анық. Сондықтан еліміздің аумағына сапасыз өнімдерді кіргізуге қатаң тосқауыл қойған дұрыс болар еді», -деді ол.