Концерттер мен қойылымдар: Астанада демалыс күндері қайда баруға болады

АСТАНА. KAZINFORM — Республика күніне орай Астанада ауқымды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады. 24 қазанда елорданың барлық алты ауданындағы 12 алаңда ашық аспан астында концерттер өтеді. Сонымен қатар 25-26 қазанда да қалада маңызды мәдени іс-шаралар жоспарланған.

Астанадағы Open Air концерттеріне 100 мыңнан астам көрермен жиналды
Фото: Астана әкімдігі

24 қазан, сенбі

Қала әкімдігінің мәліметіне қарағанда, мерекелік іс-шаралардың мақсаты — ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ел бірлігін нығайту және елорда тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлау.

Алматы ауданында концерттер екі алаңда өтеді. Сағат 12:00–де «Железнодорожный» тұрғын алабында Лұқпан Жолдасов, Меруерт Бақыт, Ералы Қанжығалы, «Алтын» триосы, «Айша бибі» дуэті және «DiEra» триосы өнер көрсетеді.

Сағат 15:00–де «Жастар» саябағында Дидар Мансұр, «Айлин» триосы, Медет Шайкелов, «Астана» тобы, Парасат Отан және «Алтын» триосының қатысуымен концерт басталады.

Байқоңыр ауданында сағат 12:00–де «Өндіріс» тұрғын алабында мерекелік концерт өтеді. Көрермендер алдында Фарида Жолдасова, Бауыржан Исаев, Мадина Исламова, Әкімхан мен Ақбота, Даниял Ахметов және «Айлин» триосы өнер көрсетеді.

Сағат 15:00–де «Ататүрік» саябағында концерт басталады. Онда Мадина Исламова, Аян Жаймағамбетов, «Айша бибі» дуэті, DOS, «Алтын» триосы және Мәди Қадыров өнер көрсетеді.

Есіл ауданында мерекелік іс-шара сағат 15:00–де «Бағыстан» тұрғын алабында өтеді. Мұнда Алтыншаш Мұқатаева, Фарида Жолдасова, Бауыржан Исаев, «DiEra» триосы, «Белес» дуэті және «Айлин» триосы өнер көрсетеді.

Нұра ауданында концерттер екі алаңда ұйымдастырылады. Сағат 12:00–де «Үркер» тұрғын алабындағы «Айғыржал» скверінде мерекелік бағдарлама басталады. Көрермендер алдында Тұрар Төлеутай, Айгүл Иманбаева, Дидар Әбдіхалық, «Жарық» дуэті, Аян Жаймағамбетов және «Qazaq Voice» триосы өнер көрсетеді.

Сағат 15:00–де «Жағалау» тұрғын алабында концерт өтеді. Өнер көрсететіндер қатарында Нұрбол Балапанов, Медет Салықов пен Клара Төленбаева дуэті, «Еркем» триосы, Тұрар Төлеутай, Меруерт Бақыт және Аян Жаймағамбетов бар.

Сарайшық ауданында да екі концерттік алаң белгіленген. Сағат 12:00–де «Промышленный» тұрғын алабында Медет Салықов пен Клара Төленбаева дуэті, Алтыншаш Мұқатаева, Нұрбол Балапанов, «DiEra» триосы, Ералы Қанжығалы және «Алтын» триосы өнер көрсетеді.

Сағат 15:00–де «Отау» шағынауданында Даниял Ахметов, Айгүл Иманбаева, Әкімхан мен Ақбота, «Qazaq Voice» триосы, Дидар Әбдіхалық және «Жарық» дуэтінің қатысуымен концерт өтеді.

Сарыарқа ауданында мерекелік концерттер бірнеше алаңда өтеді. Сағат 12:00–де «Көктал-1» тұрғын алабындағы «Наз» мемлекеттік би театрының алаңында концерт басталады. Мұнда Аян Жаймағамбетов, Зарина Омарова, Парасат Отан, «Еркем» триосы, Тұрар Төлеутай және «Астана» тобы өнер көрсетеді.

Осы уақытта «Көктал-2» тұрғын алабындағы «Қорғалжын» скверінде де мерекелік іс-шара өтеді. Өнер көрсететін әртістер қатарында Мәди Қадыров, Медет Шайкелов, Дидар Мансұр, Бауыржан Исаев, «Айлин» триосы және «Белес» дуэті бар.

Сағат 15:00–де Қалалық алаңда DOS, Лұқпан Жолдасов, Зарина Омарова, Ералы Қанжығалы, «DiEra» триосы және Тұрар Төлеутай көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлайды.

Астанаға Outlandish келді

«Aicha», «Guantanamo» және «Callin’ U» әндерімен танымал даниялық Outlandish тобы өздерінің ең танымал хиттерін орындайды. Осы орайда бүгін елордада көрермендер үшін жанды дауыста өздерінің сүйікті әндерін тыңдау мүмкіндігі болады.

World Designers Fashion Week Astana 2026

Осы демалыс күндері елорда түрлі елдерден келген дизайнерлер, сән индустриясының және шығармашылық қауымдастық өкілдері бас қосатын орынға айналады. 40-тан астам мемлекеттен келген меймандар қазақстандық брендтермен қатар өз топтамаларын көпшілік назарына ұсынады. Бағдарлама аясында сән көрсетілімдері, тұсаукесерлер және арнайы жобалар өтеді. Іс-шара 26 қазанға дейін жалғасады.

«Мастер мен Маргарита». Премьера

Бүгін кешке Астана қаласының М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында «Мастер мен Маргарита» қойылымын тамашалау мүмкіндігі бар. Қойылым сағат 18:00–де басталады.

«Ұлы Дала мұрасы»

«Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы елімізде және шет елдерде жиі көрсетіліп келеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәтидің қойылымдарында дәстүрлі сарын хореографиялық бейнелер арқылы ашылады. «Astana Ballet» театрында өтетін бүл концерттік бағдарлама бүгін кешкі сағат 18:00–де басталады.

«Әйел құпиясы»

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында «Әйел құпиясы» қойылымын тамашалауға болады. Э.Филиппоның бұл туындысы әйел тағдырын қозғайды. Бұл спектакль әр адамның ұрпақ алдындағы жауапкершілілікті сезінуге шақырады.

SТАRLIGHT GRAND CUP

Спорттық бал биіне арналған STARLIGHT GRAND CUP халықаралық турнирі Қазақстаннан және басқа да елдерден қатысушылардың басын қосады.

Бағдарламаның ең маңызды бөлігі — жастар арасындағы «Solo Latin» санатындағы WDSF әлем чемпионаты. Жарыс екі күнге созылады.

25 қазан, жексенбі

 

Қайрат Баекенов пен Format — сахнадағы 20 жыл!

Жиырма жыл ішінде Format үлкен шығармашылық жолдан өтіп, топтың музыкасы бірнеше буын тыңдарманының концерттік өмірінің бір бөлігіне айналды. Бұл кеште сүйікті композициялар топтың өз орындауында шырқалады.

«Рухты ел» концерті

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының Халық аспаптар ансамблі «25 қазан — Республика күні» мерекесіне орай «Рухты ел» атты концертін ұсынады. Концерттік бағдарламада қазақ композиторларының шығармалары және Халық аспаптар ансамблі мүшелерінің авторлық туындылары орындалады. «Рухты ел» концерті ұлттық музыкалық дәстүр мен заманауи орындаушылық мәнерді ұштастырып, қазақ музыка мәдениетінің байлығы мен өзіндік болмысын танытады.

«Дауыс магиясы»

Осы жексенбіде Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының камералық залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Вицинскаяның жеке концерті өтеді. Бұл іс-шара кешкі 17:00–де басталады.

«Себеп-сіз»

«Себеп-сіз» — бұл жас жүректердің махаббатқа, сезім мен күмәнге, сенім мен қорқынышқа деген көзқарастарын баяндайтын әсерлі концерт-спектакль. Шынайы эмоцияға толы қойылым махаббаттың мәні туралы ойлануға шақырады.

«Жас Абай»

25 қазанда Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында өтетін «ЖАС АБАЙ» драмасында Абайдың жалынды жастық шағына, туысқандық қарым-қатынасына, өмірдегі естен кетпес махаббат хикаясына куә бола аласыздар.

«Астана» ФК — «Қайсар» ФК

Жексенбі күні қала тұрғындары мен қонақтары футбол тамашалай алады. Елордалық «Астана» Қызылорданың «Қайсарымен» кездеседі. Ойын «Астана Арена» стадионында сағат 19:00–де басталады.

26 қазан, дүйсенбі

 

NUMORI: Корей дәстүрінің жаңа ырғағы

«Қазақконцерт» көрермен назарына Оңтүстік Кореяның дәстүрлі фьюжн бағытында өнер көрсететін NUMORI тобы мен қазақстандық Saz & Soul вокалды-аспаптық тобының бірлескен концертін ұсынады.

NUMORI K-Pop, K-Rock пен дәстүрлі корей музыкасын электроника және блюз-рок элементтерімен үйлестіріп, ұлттық сарынға заманауи сипат береді. Ал Saz & Soul кешке өзіндік музыкалық әуенін қосады.

«Қабырға» — стендап

Алдағы дүйсенбі күні Астанада Жансая Мұратбекқызының жеке стендап концерті өтеді. Бұл — күлкі, шынайы әңгіме, ой және шабыт тоғысқан кеш. Сахнада Жансая күнделікті өмірдегі таныс сезімдер мен іште айтылмай жүрген ойларды әзіл арқылы жеткізеді.

Бұған дейін Республика күні қарсаңында маркетплейстер 50%-ға дейін жеңілдікті ұсынатынын жаздық.