Республика күні қарсаңында 50%-ға дейін жеңілдікті маркетплейстер де ұсынады

АСТАНА. KAZINFORM- Республика күніне орай ұйымдастырылған Republic Day және Bereke Fest республикалық акцияларына Қазақстанның ірі маркетплейстері де қосылды, деп хабарлайды ҚР сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.

Республика күні қарсаңында 50%-ға дейін жеңілдікті маркетплейстер де ұсынады
Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігі

Сатып алушылар тұрмыстық техника, электроника, киім-кешек және басқа да азық-түлікке жатпайтын тауарларды 10%-дан 50%-ға дейінгі жеңілдікпен сатып алып, қосымша бонустарға ие бола алады.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі электрондық сауда саласының өкілдерімен бірлесіп, мерекелік акцияларды Kaspi.kz, Halyk Market, Technodom, Mechta және басқа да онлайн сауда алаңдарында ұйымдастырды.

Акция аясында тұрмыстық техника, электроника, киім-кешек, аяқ киім, үйге қажетті заттар, кеңсе тауарлары және басқа да азық-түлікке жатпайтын тауарларға арнайы ұсыныстар қарастырылған. Жеңілдіктердің мөлшері мен бонус алу шарттары сауда алаңына, сатушыға және таңдалған тауарға байланысты.

Онлайн сауданың басты артықшылығы — еліміздің кез келген өңіріндегі тұрғындар мерекелік ұсыныстарды пайдалана алады. Сатып алушылар дүкенге бармай-ақ тауарларды қарап, бағаларын салыстырып, өзіне қажетті өнімді таңдай алады.

Кәсіпкерлер үшін мұндай акцияларға қатысу жаңа тұтынушыларды тартуға, сатылым көлемін арттыруға және өз өнімдерін көпшілікке таныстыруға қосымша мүмкіндік береді.

-Акциялар аясында қазақстандықтар маркетплейстерден жиі сатып алатын тауарлардың ең танымал бес санаты анықталған. Олардың қатарына тұрмыстық техника мен электроника, үйге қажетті заттар, киім-кешек пен аяқ киім, балаларға арналған тауарлар және күнделікті тұрмысқа қажетті заттар кіреді. Бұл санаттарда смартфондар, тұрмыстық техника, ыдыс-аяқ, үй тоқыма бұйымдары, ойыншықтар, шаруашылық және кеңсе тауарлары бар,-делінген хабарламада.

Осылайша, Republic Day және Bereke Fest акциялары сауда орталықтары мен сауда желілерін ғана емес, онлайн сауда алаңдарын да қамтып, қазақстандықтарға мерекелік ұсыныстарды пайдалануға қосымша мүмкіндік беріп отыр.

Еске салайық, Republic Day және Bereke Fest республикалық акциялары 2026 жылғы 17–27 қазан аралығында өтеді. Осы кезеңде еліміздің сауда орталықтарында, сауда желілерінде және маркетплейстерінде арнайы ұсыныстар қарастырылған.

Осыған дейін Республика күніне орай сауда нысандары 50%-ға дейін жеңілдік ұсынатыны туралы аздық.