Қоныс-колониядағыларға шет елдерге шығуға тыйым салынады - ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қоныс-колониядағыларға шет елдерге шығуға тыйым салынады. Бүгін Мәжілісте Қылмыстық-атқару жүйесіндегі мәселелерге арналған Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов осылай мәлімдеді.

Қоныс-колониядағыларға шет елдерге шығуға тыйым салынады - ІІМ

Тоқтала кететін жайт, Үкімет сағаты барысында депутат Рауан Шаекин министрден қоныс-колония түріндегі мекемелердің қаншалықты қажеттілігін сұраған болатын. Оның айтуынша, елімізде 18 қоныс-колониясы болса, онда негізінен абайсызда қылмыс жасап, істі болған шамамен 3 мыңға тарта сотталғандар бар. «Мұндай мекеменің тиімділігі қандай? Өйткені, халық арасында бұл нағыз жемқорлық схемасына айналған мекеме деп айтылып жүр. БАҚ-та да сондай мекемелерде ұсталғандардың біразы шет елдерде уақытын өткізгендігі, үй шаруасымен, өзінің жеке мәселелерімен шет елдерге шығып тұратыны жазылып та жүрді. Бәлкім қылмыстық ізгілендіру деген осы шығар?» - деп сұрады Рауан Шаекин.

Өз кезегінде министр Қалмұханбет Қасымов қоныс-колониялардағылардың шет елге шығулары бойынша деректер бар екенін мойындап, жаңа заңнамада ондайға тыйым салынатынын атап өтті. «Сотталған тұлға жеке куәлігімен Қырғызстанға 20-30 рет бара алатын, сондықтан да көптеген мәселелерді реттеуіміз керек. Ал қоныс-колонияларға келсек, бұл Қылмыстық және Қылмыстық-атқару кодексін әзірлеу барысында талқыланған, әсіресе осы мекемені оңтайландыру туралы әңгіме көп болды. Бұған дейін бұл қоныс-колонияларының жағдайы жақсы еді, өйткені олар кәсіпорындармен келісімшарт жасасып, барлық сотталушылар жұмыспен сол жерде қамтылып тұрды. Ал қазір осында сотталғандар негізінен жұмысты өздері іздеп табады, ал біз олардың ізін аңдып, бақылауды ғана жүзеге асырудамыз», - деді Ішкі істер министрі.