Көп балалы Қадыровтар жанұясы отбасы бақытының құпиясымен бөлісті - Алматы

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 7 баланы жеткізіп отырған Қадыровтар отбасы отбасы бақытының кілтімен бөлісті. Айта кетейік, Қадыровтар әулеті Алматы өңірлік «Мерейлі отбасы» байқауында жеңімпаз атанды. Олардан бөлек ұлттық байқауда Оңтүстік астананың намысын интернационалды Дудаевтар отбасы қорғайтын болды.
None
None

Бүгін Қадыровтар отбасының отанасы Күнсұлу Қадырова күнделікті күйбең тірлігінен бір сәт қол үзіп, бізбен тілдесуге келісті.

- «Мерейлі отбасы» байқауына қатысуға не түрткі болды?

- Біз бұл байқау туралы үнемі еститінбіз. Бірақ қатысып көрмеппіз. Ұсыныс менің күйеуім Қадыров Мұратбай жұмыс істейтін №148 мектеп гимназиясының директорынан түсті. Ол кісі біздің отбасымызды Жетісу ауданының атынан қатысуға шақырды. Қажетті құжаттарды жинадық. Кейін «сіздер қалалық конкурста 2-ші орын алдыңыздар» деп Жетісу аудандық әкімдігінен хабарласты. Сол кезде бір қуанышқа кенелгенімізді сездік. Мен айтар едім, бұл байқау ең әділетті байқау деп. Өйткені, онда үнемі белгілі ғалымдардың, белгілі азаматтардың отбасылары бақ сынайды. Біз қарапайым отбасы болғандықтан менің жеңіске аса сенімім болған жоқ.

- Комиссияның сіздерді жеңімпаз деп тануына не себеп болды?

- Біздің отбасымызда 9 адам. Отағасы екеуіміз 7 бала тәрбиелеп келе жатырмыз. Осы балаларымның несібесі болар.

- Алматыда бұрыннан тұрасыздар ма?

- Алматыға Оңтүстік Қазақстан облысынан 1999 жылы көшіп келдік. Жолдасым қарапайым жұмысшы. №148 мектепте сантехник болып қызмет етеді. Ал, мен 10 жыл болды бала тәрбиесімен үйдемін.

- Шаңырақ көтергендеріңізге қанша уақыт болды?

- 25 жыл болады биыл. Күміс тойымызды тойлаймыз.

- Балаларыңыз жайлы айтып өтсеңіз.

- Тұңғышымыз Индира Әлиякбарова 1992 жылы туған. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. «Алматы» телеарнасында журналист. 1995 жылы Айтолқын есімді қызым дүниеге келді. Ол жаңа экономикалық университеттің «кеден ісі» факультетінде оқиды. Студент. Үшінші ұлым Бағдат мектеп бітірді. Төртінші ұлым Мақсат 8 сыныпты тәмамдады. 2006 жылы отбасында күтпеген жерден үшем дүниеге келді. Сара, Иманғали, Мұқағали есімді сәбилерімнің келуі отбасымызға құт-берекесін ала келді. Қазір олар 9-ға толды. 2006 жылы 18 сәуірде босандым. Бір айдан соң қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов «Құлагер» шағын ауданынан 3 бөлмелі пәтер берді. Кейіннен 7 балалы отбасыға ол аздық етеді деп, қасындағы 1 бөлмелі пәтерді тағы қосып берді. Қазір балаларымның барлығы шығармашылықтан құр алақан емес. Үшемім 2010 жылы әннен «Мөлдір бұлақ» байқауында, халықаралық «Ғұмыр дария» байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Екі ұлым Бағдат пен Мақсат та Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектепте барабан және флейте класын бітіріп шықты. Мақсатым спортқа жақын. Үйде оның әкелген грамоталарының саны 70-80-нен асып жығылды. Қазір балаларым ән, би үйірмелеріне қатысады.

- Алматының қандай көрнекті жерлерінде отбасылық демалыс өткізгенді қалайсыздар?

- Біз үнемі мәдени орындарға театрларға, концерттерге, циркке жиі барамыз. Балалар қыдырғанды жақсы көреді. Әсіресе, зообаққа барғылары келеді.

- Айрандай ұйып отырған отбасылық бақытыңыздың кілті неде деп ойлайсыз? Кейінгі буынға қандай ақыл-кеңесіңіз бар?

- Отбасы құндылықтары ислам дінінде көрсетілген. Олар әйелдің еріне мойынсұнуы, өзара татулық, бірі-біріне деген қайырымдылық. Мен құдайға мың шүкірлік етемін. Ерімнің мінезі ауырлау, артық сөйлемейді. Мен үнемі қандай мәселеде болсын оған арқа сүйеймін. Сіңлілеріме айтарым, әйелдің еріне мойынсұнуы көп жақсылықтарға әкеліп, көп кесірлі жағдайлардан сақтайды.

- Сұхбатыңызға рахмет. Отбасыңызға жеңіс тілеймін!

- Рахмет.

Соңғы жаңалықтар