Көпбалалы отбасында екі егізден кейін үшем дүниеге келді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының Қалалық перинаталдық орталығында дүниеге үшем келді.

Үш бірдей қыз баланың бақытты ата-анасы Эльмира Рысманова мен оның жұбайы Нұрмахан Әлібаев.
— Балалардың анасы 31-ші аптасында қалалық перинаталдық орталығына түскен. Мерзімінен бұрын босану қаупіне және үштік жүктіліктің ерекшеліктеріне байланысты оған шұғыл кесарь тілігі жасалды, — делінген хабарламада.

Тәжірибелі дәрігерлердің сәтті жасалған операциясының нәтижесінде үш қыз дүниеге келді.
Бірінші қыздың салмағы — 1711 грамм, бойы 43 см, екінші сәбидің салмағы — 1748 грамм, бойы 40 см, үшінші арудың салмағы — 1493 грамм, бойы 40 см.
Оларға Фатима, Зухра және Аиша есімдері берілді.

— Сәбилер бірден жаңа туған нәрестелердің реанимация бөліміне орналастырылды. Оларға барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Өмірлерінің алғашқы минуттарынан бастап қыздар дәрігерлердің қамқорлығы мен жіті бақылауында. Перинаталды орталық мамандарының кәсібилігінің арқасында нәрестелер қуаттанып, денсаулығы күнсайын нығайып келеді, — делінген хабарламада.
Ерекше жүктіліктің барлық қиындығына қарамастан, 36 жастағы ана да қазір өзін жақсы сезініп, дәрігерлерге қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтты.
— Бұл менің үшінші егіздерім. Біздің отбасымызда 2019 және 2022 жылдары дүниеге келген 2 жұптан егіздеріміз өсіп жатыр. 2025 жылы дүниеге үшем әкелдім. Аллаға шүкір, енді бізде 10 бала бар. Қалалық перинаталдық орталықтың акушер-гинекологтарына, дәрігерлеріне және барлық маманға шын жүректен алғыс айтамын. Дәрігерлердің кәсібилігінің және қамқорлығының арқасында бәрі сәтті өтті, — дейді көпбалалы ана Эльмира Рысманова.

Қалалық перинаталдық орталықтың басшылығы медициналық ұжымның жоғары кәсібилігін алға тартып отыр. Соның арқасында үшемнің босануын сәтті өткізіп, үш баланың өмірін сақтап қалу және ұқыпты түрде емделуін қамтамасыз ету мүмкін болған.
Бұл биылғы жылы перинаталдық орталықта дүние есігін ашқан алғышқы үшем.
Өткен жылы Алматы қалалық перинаталдық орталығы 16 700-ден астам ана мен олардың жаңа туған нәрестелеріне медициналық көмек көрсетті, 9014 баланың дүниеге келуіне жәрдемдесті. Орталық қаладағы барлық мерзімінен бұрын босанған әйелдердің 62% қабылдаған.
Айта кетелік Оралда үшем босанған көпбалалы ана перзентханадан шыққаны туралы жазған едік.