Көпес клубынан жиһаз фабрикасына дейін: 1890 жылы Петропавлда салынған ғимарат тарихы

Көпес клубынан жиһаз фабрикасына дейін: 1890 жылы Петропавлда салынған ғимараттың тарихы
Фото: Олеся Жуковень

Петропавлдағы Театральная көшесі, 38 мекенжайында жүз жылдан астам уақыт бұрын көпес клубы болған ғимарат бар. Алайда бірнеше жылдан кейін ол тек кәсіпкерлер ғана кіретін орын болмай қалды. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде мұнда әскери госпиталь орналастырылды. Ғимараттың тарихы туралы Kazinform агенттігі тілшісінің материалында. 

Көпес клубы 1890 жылы салынған. Александр Семенов өзінің «200 жылдағы Петропавл» кітабында оның қызметі туралы қызықты мәліметтер жинаған. 

Көпес клубынан жиһаз фабрикасына дейін: 1890 жылы Петропавлда салынған ғимараттың тарихы
Фото: Vox Populi

«Клубтағы көпестердің сүйікті ісі карта ойнау болатын. Ең танымалы «железка» (хемин-де-форт) болды. Ол бірқатар көпесті банкротқа, кейбір шенеуніктерді түрмеге отырғызып, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізді. Клубта көпестер өздерін үйдегідей сезініп, ойына келгенін жасаған. Шамадан тыс табыс Петропавл көпестерін тәкаппар әрі бірбеткей қылды. Олар жанжал шығарудың шебері болды. Көпес Корсаков түнде жабылып қалған клубқа кіріп, есік күзетшісін ұрып, барлық музыкалық аспаптар мен буфеттегі ыдыстарды сындырған. Клуб әкімшілігі Карсаковтың қаладағы беделін ескере отырып, бүлінген заттардың ақысын төлетумен ғана шектелген», - деп жазады тарихшы.

Өлкетанушы Михаил Морозовтың «Төңкеріске дейінгі Петропавл» кітабынан біз Корсаковтың, қазір айтатындай ірі «Ағайынды Стреловтар мен Корсаков» фирмасының негізін қалаушылардың бірі болғанын білеміз.

«Клуб жанында сырттан келетін антрепренерлерге театр ретінде жалға берілетін көрермен залы болды. Бір қызығы, бұл театрда сахна иесі кәсіпкер емес, клубтың көпес әкімшілігі – ақсақалдар кеңесі болған. Ақсақалдар кеңесі басты рөлдерді сомдаған бірнеше әртістерді ұнатпайтын. Олар Леоновқа оларды екі апта ішінде ауыстыруды ұсынды. «Әйтпесе, театрыңмен қоса көзіңді құрт» дейтін», – деп жазады А.Семенов өз кітабында.

1906 жылы Театральная (1907 жылға дейін Приютская деп аталған) және Потанин (бұрынғы атаулары Станичная, Крупская) көшелерінің қиылысында орналасқан көпес клубына драма театрының ғимараты қосылды. Оны қызыл кірпіштен тұрғызды. Тік пилондар шатырға дейін сәнді парапетті қабырғалармен және бағандармен бедерленді. Көрермен залы биік әрі екі деңгейде жарықтандырылды. Металл дуалы бар кең екі қабатты баспалдақ күрделі өрнектермен безендірілген. Көрермен залына балкон орнатылған. 1909 жылы Петропавлдың мәдени өмірінде маңызды оқиға болды. Театрда Николай Гогольдің 100 жылдығына арналған «Үйлену» спектаклінің премьерасы өтті. Одан кейінгі маусымдарда Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат», В.Шекспирдің «Гамлет», Ф.Достоевскийдің «Жарымес», А.Островскийдің «Найзағай», А.К.Толстойдың «Патша Федор Ионович», Ф.М.Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» қойылымдары қойылды.

Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып, 1914 жылдан 1917 жылға дейін ғимарат жаралыларға арналған әскери госпитальға айналды.

Театр ғимаратқа 1920 жылы оралып, 1970 жылға дейін тұрды. Содан кейін арнайы салынған ғимаратқа көшірілді. Әлі күнге дейін сол жерде.

Ал бұрынғы көпес клубының ғимараты 1972 жылы кәдесый фабрикасына берілді. Араға 20 жыл салып, қала маңындағы орман шаруашылығы кәсіпорнына айналып, 1999 жылдан жеке меншікке берілді. Қазір мұнда жиһаз өндіретін фабрика мен дүкен бар.

Көпес клубының ғимараты 1979 жылы қорғауға алынған. Архитектуралық ескерткіш өзінің бұрынғы сән-салтанатын жоғалтты. Бірақ өте жақсы сақталған және көнелігіне қарамастан жұмысын жалғастырып жатыр.

Соңғы жаңалықтар