Көпір құрылысындағы қателік: Үндістанда жеті инженер қызметінен шеттетілді
АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанның Мадхья-Прадеш штатында құны 200 миллион рупийді ($2,3 млн) құрайтын көпір жобасындағы ауыр қателік үшін жеті инженер қызметінен шеттетілді, деп жазды Кazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Бхопал қаласында салынған бұл көпір 90 градусқа күрт бұрылатын құрылыммен ерекшеленеді. Бұл шешімге қатысты фотолар үнді әлеуметтік желілерінде кеңінен таралып, халық арасында қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық туғызды. Көпшілігі инженерлердің мұндай қателік жібергеніне наразылық білдірді.
Штаттың бас министрі Мохан Ядав оқиғаға байланысты тергеу бастады. Нәтижесінде, жобалауға қатысқан жеті инженер уақытша қызметінен босатылды.
Жобаның бас инженері бұл бұрылысқа тек қана кеңістіктің тарлығына және жақын маңдағы метро станциясының болуына байланысты барғанын айтқан. Алайда қазір Бхопал билігі жолды қауіпсіз етіп қайта жобалау үшін қосымша жер телімін сатып алуды қарастырып жатыр.
Ұзындығы 648 метр болатын бұл көпір теміржол өткелдеріндегі көлік кептелісін азайтып, шамамен 300 мың адамға қозғалысты жеңілдетуі тиіс болатын.
Айта кетейік, бұған дейін Италияда әлемдегі ең үлкен аспалы көпір салынатынын жазған едік.