Көптеген құрылыс компаниясы заң талаптарын айналып өтеді – Олжас Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет басшысы Олжас Бектенов үлескерлердің мәселесін көтеріп, қазір үлестік құрылысқа қатысты заң жобасы Мәжілісте қаралып жатқанын мәлім етті.

- Тағы бір өткір проблема – үлестік құрылыстағы заң бұзушылық болып отыр. Көптеген құрылыс компаниясы заң талаптарын айналып өтіп, үлескерлердің қаражатын тартуды жалғастырып келеді. Олармен ешқандай кепілдік берместен шартқа отырады. Қазір үлестік құрылыс мәселелері бойынша заң жобасы Мәжілістің қарауында. Министрлік депутаттармен бірге үлескерлер қаражатын тарту ісіне бақылауды күшейту нормаларын сапалы пысықтауы қажет. Сонымен қатар үлестік құрылысқа қатысты шартқа отыру тетігін әзірлеуді тапсырамын. Ол азаматтарымыз үшін тәуекелдерді толығымен жоюға тиіс, - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Осы орайда Премьер-министр заңсыз құрылыс мәселелерін шешу бойынша яғни құрылыс құжаттамасын сапасыз әзірлеуді жою үшін, жыл басынан бастап қала құрылысы сараптамасы енгізілгенін айтты.
- Жоспарлау кезеңінен бастап, бекітілген нормалардан ауытқудың алдын алуға, бекіту барысында қателіктерді болдырмауға мүмкіндік береді. Жаңадан әзірленген және түзетілген қала құрылысы жобалары, оның ішінде бұрын жергілікті деңгейде бекітілген егжей-тегжейлі жобалау жоспары, мемлекеттік сараптамалық тексеруден өтеді, - дейді ол.
Сондай-ақ Олжас Бектенов заңсыз құрылыс саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері барынша азайғанын айтты.
- Сондай-ақ адами факторлар және қол жетімді анықтамалық құжаттарға, заңсыз өзгерістер енгізу мүмкіндігі толығымен жойылды, - деп толықтырды Үкімет басшысы.
Айта кетейік, Олжас Бектенов құрылыс талаптарының бұзылуына қатысты шағымдардың көбейіп жатқанын айтты.