Көптеген маңызды мәселелер бойынша ұйымдастыру жұмыстары әлсіз болып отыр - Н. Назарбаев

Бүгін Астанада «А» бақарушылық корпусының мемлекеттік қызметшілерімен кеңес өткізген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
Жиын барысында қатысып отырған барлық ауыл, қала әкімдеріне сөзін арнаған Елбасы соңғы жылдары елімізде аса маңызды бағдарламалар қабылданғанын атап өтті. Ал ондай бағдарламалардың орындалу барысы өткен жолғы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған. Бұл ретте Мемлекет басшысы елімізде экономиканың түрлі салалары бойынша көптеген қолдаулар көрсетіліп жатқанын, ал ондай көмектерді әлемнің барлық елдері қарастыра алмай отырғанын да атап өтті. «Ал осы мемлекеттік қолдауларды жергілікті әкімдер жақсы түсініп, соны ары қарай халыққа етене сіңдіре алатын болса бәрі басқаша болатын еді. Осында отырған көпшілік ауыл әкімдері жассыңдар, енді ғана қызметке кірісіп отырсыңдар. Ешқайда асығудың қажеті жоқ: алдымен бәрін аралап көріп, ауыл-аймақтың, өңірдің тыныс-тіршілігін айқын сезініп алыңдар. Сосын қандай жерге қандай іспен кірісу керектігі айқындала береді. Бізге ең алдымен халықтың көңіл-күйі жақсы болғаны, олардың мемлекеттік қызмет ісін жоғары бағалағаны керек», деді Елбасы.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы еліміздегі бірқатар бағдарламалардың тиісті деңгейде орындалмай отырғанын атап өтті. «Айталық, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бар. Онда өзін өзі жұмыспен қамтушылар санатына көмек қарастырылған. Жалпы бәріміз ауылдан шықтық, оның жайы бізге мәлім: ауылдағының қора-жайы, бау-бақшасы бар. Соны тиімді игеріп, өзінен артылғанын базарға саудалап тіршілігін кешіп жүргендер де баршылық. Бұлар нағыз қолынан іс келетін өзін өзі жұмыспен қамтушылар. Алайда, соны да істемейтіндер бар. Соларға шағын несие беруді қарастырдық. Яғни, шағын несие ұйымдары ауылда жұмыс істегісі, ісін ашқысы келетіндерді қамтамасыз етулері керек. Ал осындай шаруаларды ұйымдастырып, оны қарапайым халыққа дұрыс тәптіштеп түсіндіру сіздердің міндеттеріңіз», деді Н. Назарбаев әкімдерге қарата айтқан сөзінде.
Бұдан бөлек, Елбасы аталмыш бағдарламаның тағы бір бағыты қалалық өндірісті жерлерге барып жұмыс істеушілерге байланысты екенін айта келе, оларды оқытып, жаңа кәсіпке үйрету қарастырылғанын жеткізді. «Бұған да барып жатқандары шамалы. Неге? Біздің ұйымдастырушылық жұмысымыз өте әлсіздігін білдіреді бұл. Мәселен, бизнесті алып қарайық. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, минералдық ресурстар ары кетсе 4-7 пайыз ғана жұмыс орындарын бере алады. Ал инновациялық экономика бір пайыз ғана жұмыс орындарын қамтамасыз етеді. Сондықтан да, жұмыспен қамтамасыз етудің ауқымды бөлігі шағын және орта бизнеске тиесілі. Сол үшін біз «Бизнестің жол картасы-2020» бағдалармасын аштық. Осының бәрін тиімді ұйымдастырумыз керек», деді Н. Назарбаев.