Қордайлық екі тұрғынның үйінен бір келіден астам героин табылды
Полицейлер аса ірі көлемдегі есірткі затын сатушыларды ұстады. Бұл туралы облыстық ПД баспасөз қызметі хабарлады.
«25 ақпан күні арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Қордай ауданының 45 және 42 жастағы екі тұрғынының тұрғылықты мекенжайына тінту жұмыстарын жүргізді. Полиэтиленді қалташаға салынған есірткі заты күдіктілердің бірінің үйінен, екіншісінің жазғы ас үйінен табылды»,-делінген ведомство хабарламасында.
Сот-химиялық сараптамасының актісіне сәйкес, тәркіленген зат героин екендігі анықталған. Есірткінің бұл ауыр түрінің жалпы салмағы бір келіден асады.
Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.