Көрерменнің көңілі қайда жүр?

Сәрсен ӘЖІКЕНҚЫЗЫ,
Қазақтың Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театры директорының көрермендер ісі жөніндегі орынбасары
Әр шығарманың айтары
Былтыр көрермендер арасында «Қай жанрдағы қойылымдарды көргіңіз келеді?» деген сауалнама жүргіздік. Сонда респонденттердің басым бөлігі комедияны таңдады. Екінші орынды лирикалық драма алды. Одан кейін барып драма, трагедия аталынды. Біз түрлі мекемелерге афиша таратамыз. Сонда олар көбіне тарихи туындыларға билет алады. Фоэде тұратын «Тілек» журналына көрермендер өз ойын, алған әсерін жазады. Сонда біршама адамның аты елге мәлім Лидия Кәден секілді актрисалардың ойынын көргісі келетінін байқадық. «Қызыл орамалды шынарым» қойылымы тоғыз айда отыз тоғыз рет сахналаныпты. Соны жібермей көрген көрерменімізді сахнаға шығарып, елге таныстырып, сыйлыққа бір жылға тегін билет бердік. «Фатимаға» көбіне зиялы қауым өкілдері келеді. «Күшік күйеу», «Келіндер көтерілісі», «Жұбайлар-ай, жұбайлар!», «Сүйе білсең» секілді комедияларға сұраныс өте көп. Зал әр кез толы отырады. Яғни бұдан байқайтынымыз - әр шығарманың өз аудиториясы бар. Мені бір қуантатын жайт, жылдан жылға көрерменнің театрға деген ынта-ықыласы өсіп келеді. Мәселен, біздің кезімізде Мәскеуде премьера болады деген күні түнгі сағат төртте жұрт кезекке тұратын-ды. Алғашқы қойылымға билет алу - біз үшін үлкен мақтаныш-тұғын. Сонда: «Қазақ театры сондай деңгейге қашан жетеді?» деп ойлайтынмын. Қазір Құдайға шүкір, халықтың театр өнеріне деген көзқарасы өзгерді. Қазір кассадан келіп билет алу үрдісі жақсы дамып келеді. Театрымыздың сыйымдылығы 475 орын десек, жақында бір спектакльге 250 адам кассадан билет алды. Бұл - біз үшін үлкен жетістік. Бұрынғы жылдардың көрсеткіші алпыстан аспайтын. Қазір біз де интернет арқылы онлайн-билет сатуға кірістік. Бұл да көрермен қызығушылығын оятатын заман талабына сай дамып жатқан дүниелер. Басында бұл қалай болар екен деп ойлап едік, жоқ, өте тиімді нәрсе екен. Жуырда Балтабай Сейітмамытұлы сахналаған «Мен ұмытылмаймын» қойылымы артистерді таңдауымен ерекшеленді. Себебі, басты рөлде ойнаған Бейбіт Қамаран мен Әсет Иманғалилардың ойыны ешкімді бей-жай қалдырмады. Театрымызда балалар мен жасөспірімдерге арналған қойылымдар өте көп деп айта алмаймын. Сағызбай Қарабалин қойған Ю.Энтин мен В. Ливановтың «Бремен музыканттары» сахналанғанда оқушылар көп келіп, қызығушылық, сұраныс артты. Осындай жаңа туындылар көбірек қойылса деп ойлаймын. Көрермен көңілінен шығатын спектакльдер көбейгенде ғана театр жұмысы жанданады.
Ербол САДЫРБАЙ, артист
Көрермен барда, театр бар
Бірде Роман Виктюк деген ресейлік режиссер Шиллердың «Махаббат пен Ғадауатын» сахналады. Көпке топырақ шашқым келіп тұрған жоқ. Дегенмен, шыны керек, бұл қойылымды көп көрермен түсінбеді. Бірақ режиссурасы да, шығарма да мықты еді. Премьерадан кейін адамдар сирей бастады. Мен былай ойлаймын, мүмкін қазақ көрерменін бірінші комедия, одан кейін драма, одан кейін барып траги-комедия, траги-фарс арқылы тәрбиелеу керек шығар. Осыдан бес жыл бұрын көрерменді оқу ордаларынан алып келіп көрсетіп, билет тарататын. Ал қазір өздері келеді. Осы нәрсе қуантады. Мықты-мықты жастар өсіп келеді. Біз білмейтін нәрсені олар біледі. Сондықтан көрермен барда, театр бар. Бірақ бір нәрсе көңілге қорқыныш ұялатады. Алдыңғы буын ағалар: «Кезінде «Бесеудің хаты» сахналанғанда халық есікті сындырып кірген еді...», - дегенді көп айтады. Одан кейін бір үлкен үзіліс орын алды. Оған өзім де куәмін. Шамасы, екі мыңыншы жылдар болса керек. Бірақ Құдайға шүкір, театрдың беті бері қарады. Фоэде «Тілек» журналы бар. Әр қойылымнан соң көрермендер өз ойын жазып кетеді. Оқып қарасаңыз, жақсы ойлар айтылған. Сол журналдағы тілектерді жарты жыл сайын саралап, кеткен кемшіліктерді түзеуге тырысамыз. Менің ойымша, көрерменмен санасу керек. Бүгіндері классика көптеп қойылса деген арманым бар. Мәселен, «Тұрымтайдай ұлы едің...», «Исатай - Махамбет», «Ақан сері - Ақтоқты» атты спектакльдер жас буынды тәрбиелеуде маңызы зор деп білемін. Қараңызшы, мектепте тарих, әдебиет сабақтарынан қазақтың ұлы тұлғалары туралы оқыдық қой. Ал театрда сондай аңыз адамдардың көркем бейнесі сомдалады. Жастар соны көру арқылы ұлттық рух қалыптасады деп ойлаймын. Баланың жүрегінде еліне, жеріне деген мақтанышы оянып, тарихи кітаптарды оқи бастайды. Бұл тұрғыда театр ұлттық рух жолында күресуші, қозғаушы күш деп білемін. Жастар ата-тегін білсе, өз тарихын, өз мәдениетін, өз әдебиетін білсе, ұлттық рух өздігінен оянады деп ойлаймын. Өйткені, рух пен намыс тамырлас ұғым. Егер өскелең ұрпақ ұлттық рухтан айырылып бара жатса, оған кінәлі өзіміз, біздер - үлкендер. Біз ұлттық болмысты қалыптастыру жолында әлі көп нәрсе істеген жоқпыз. Мысалға, Голливуд түсірген «Троя» киносын көрген гректер қалай рухтанбайды, қазақ, менің өзім рухтанамын. Өнердің мықтылығы - осында, сендіре білуінде. Інілерім: «Бізде Ахилес сияқты батырлар болған ба?», - деп сұрайды. Мен: «Әрине, болған!» - деймін. Қазақта ондай ұлы адамдар аз ба?! Көп қой! Тұмар патшайым, үш би - Төле, Қазыбек, Әйтеке, Керей мен Жәнібек, Абылай хан, Наурызбай, Қабанбай, Райымбек батырлар, Кенесары, Қажымұқан секілді ұлыларды тізбектеп айта беруге болады. Үш жүздің басын қосқан Абылай ханның өзі неге тұрады?! Осынау бабаларымызды сахнадан көрген көрермен қалай рухтанбайды?! «Жаужүрек мың бала» түсірілді. Бұл жақсы дүние, жаңа туынды болды. Көптеген жастарымыз рухтанып, намысы оянды. Теледидарды қосып қалсаңыз шоу, би, ән, әйтеуір билеп-ойнауға керектінің бәрі бар. Сөйтіп, көрерменді жеңіл-желпі ойлауға әдеттендіріп алдық. Сол бір көзқараспен театрға келген адам, әрине, тағы да шоу көргісі келіп тұрады. Осындай кері үрдісті бұзып, талғам таразысына салатын деңгейге жетуіміз керек. Бүгіндері көп адам кітаптан қол үзіп қалды. Егер кітап оқуға ерінетін кісілер болса, театрға келсін, көрсін. Газет оқымайтын, бірақ тек қана жаңалық тыңдайтын кісілер болады. Бұның бәрі жалқаулық. Заманның ағымы солай. Бұны тоқтата аламыз ба, тоқтата алмаймыз ба, бұл басқа әңгіме. Репертуар жаңарса, қойылымдар қоюланса екен. Себебі, көрерменге жаңа нәрсе, тың нәрсе ұсынуымыз керек. Терең ойлайтын жас буын қалыптасып келеді. Ал рух жағынан біз кінәліміз!.. Ол жағынан қатты ұятты болып тұрмыз. Соңғы кездері қазақ өнері ақша мен тамыр-таныстың арқасында диагнозы әлі анықталмаған үлкен кеселге душар болды. Көрерменнің өзі сансырап қалды. Бірақ өнер өлмейді!
Бейбіт ҚАМАРАН, артист
Бар дүниенің бағасы
Қазіргі қоғамда драма мен трагедия өте көп. Өмірде күліп қарайтын нәрсе азайды. Сондықтан да көрермен күлкілі, әзілге жақын дүниені көргісі келеді. Тұрмыстың тауқыметін тартып, онсыз да жылап жүрген халықты одан сайын жылатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Мынандай бір мысал келтірейін! Оң қолыңызда - академиялық театрға, сол қолыңызда - «Шаншарға» билет бар делік (екеуі де тегін). Көрермен «Шаншардың» билетін алады. Бәзбіреулер ондай әзіл-оспақ театрлардың жарнамасы жер жарып тұр дер. Мүмкін... Бірақ шынайы өнер жарнаманы қажет етпейтіні елге мәлім. Рас қой? Рас! Театр жарнамасыз-ақ жұртты тартып, талғамды тәрбиелеп алуы керек. Театрдың сыртын көрген адам, ішіне кіргісі келіп тұруы қажет. Кез келген нәрсені ғаламтордан-ақ ала аласыз. «Көксандықты» қосып қалсаңыз көретініңіз - зорлық-зомбылық, айқай-шу, өлім-жітім, жетім-жесір, т.б. Ал көрермен театрға келгенде қиял-ғажайып әлемге еніп кеткендей күйде болуы керек. Бүгінгі театр өз қызметін қаншалықты атқарып жатқанын көрерменнің өзі айтады. Өнерді, халықты ойлауымыз керек. Себебі, театр - тәрбие құралы. Бүгіндері киноның дамуында шек жоқ. Голливуд әлем жұртшылығын жаулап алды десек болады. Жуырда Голливуд түсірген Нұх пайғамбар туралы кино шығыпты. Соны бүгін бала-шағаммен барып көргім келіп отыр. Бірақ бұған қарап кино театрдың алдына шығып кетті немесе біз көрерменнен айырылып қалдық деген сөз емес. Киноның да, театрдың да өз көрермені бар. Таза театр режиссеры деп Жанат Хаджиевты айтар едім. Үлкен өнер жолынан, үлкен мектептен өткен кісі. Одан кейін Мұрат Ахмановты атап өтер ем. Ұлттық рухтағы дүниелерді көп қойды. Біздің дейік, кемшілігіміз - бар дүниені халыққа дұрыс жеткізе алмай жатқанымыз. Бұған көптеген себеп бар. Оның бәрін тізбектеп айтып жатудың өзі артық болар. Сол қателіктерімізді түзеген кезде ғана алдыға жылжимыз. Біз көрерменді кінәлай алмаймыз. Жөн-жосықсыз өкпені халыққа арта салу обал емес пе?! Біз мықты дүниелер берсек, бір сәрі. Мемлекет театрға көңіл бөлсе, көп дүние өзгерер еді. Өйткені, қазіргі қазақ театрына кешенді жоспарлар, үлкен шаралар қажет. Зәру десек артық емес. Тағы бір айта кететін нәрсе - сынның айтылмауы. Театрға сыншыларымыз аз келеді. Бір премьераларда ғана көріп қалатынымыз бар. Болды! Одан кейін көрмейміз. Репетиция кезінде демей-ақ қояйын, бірақ шымылдық-ашардың алдындағы қойылымды көріп, сын-ескертпелерін айтса кім қой деп жатыр. Артист, жалпы театр сынның арқасында өседі. Сын түзелмей, мін түзелмейтіні баршаға мәлім. Бағыт-бағдар сілтесе, былай істесеңдер қалай болады десе, біз ескереміз, ойымызда жүреді, іштей қуанып қаламыз. Бірақ сол сыныңыз жоқтың қасы. Келсін, көрсін, айтсын! Ал көрерменді күштеп алып келу, қинап көрсету деген нәрсе бүгіндері жүрмейді. Ол өзіңді-өзің алдаумен тең.
Әзірлеген Әлібек БАЙБОЛ