Корей түбегінде шиеленіс: Солтүстік әскері шекарадан асты
АСТАНА. KAZINFORM — Корея Халық Демократиялық Республикасының (КХДР) шамамен 30 әскери қызметшісі ескерту хабарламаларына қарамастан межелік шекараны кесіп өтіп, бұл жағдайға байланысты Оңтүстік Корея әскерлері ескерту оғын атқан. Бұл туралы жексенбі күні Бітім комиссиясы жанындағы БҰҰ тергеу тобы мәлімдеді, деп хабарлайды Yonhap.

Бұл оқиға Пхеньянның өткен аптада шекара нығайту жұмыстарына қатысқан солдаттарына қарсы Оңтүстік Корея әскері 10-нан астам ескерту оғын атқанын сынға алғаннан кейін бір күн өткен соң тіркелді.
— Оңтүстік Корея қарулы күштері солдаттарға әскери демаркациялық сызықты кесіп өтпеу туралы бірнеше рет ескерту жасады, бірақ олар жауап қатпады. Осыдан кейін әскерилер демаркациялық сызықтың белгіленген аумағында ескерту оғын ашып, солдаттарды шекараның солтүстік жағына қайтаруға мәжбүр етті, — делінген Бітім комиссиясы жанындағы БҰҰ тергеу тобының хабарламасында.
Сонымен бірге, мәлімдемеде КХДР демилитаризацияланған аймақтың белгілі бір учаскелерінде жүргізілетін құрылыс жұмыстары туралы алдын ала хабарлама бергені мойындалды.
— Бітім комиссиясының тергеу тобы алдын ала ескертулер мен диалогтың дұрыс түсінбеушілік пен күтпеген оқиғалардың алдын алудағы маңызын мойындайды, — делінген құжатта.
Өткен жылдың сәуірінен бері солтүстіккореялық әскерилер әскери демаркациялық сызық маңында тікенек сымнан және танкіге қарсы бөгеттер орнатып жүргені байқалған.
Бұған дейін Ким Чен Ын Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың бірлескен әскери оқу-жаттығуларын айыптаған болатын.