Корей ұлтының өкілдері тірі қалғаны үшін қазақ халқына қарыздар – Виталий Ан

виталий ан
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

ОРАЛ. KAZINFORM – Қазақстанда қазақ халқымен бірге тату-тәтті тұрып жатқан корей ұлтының өкілдері аз емес. Соның бірі, қазіргі кезде Алматы қаласында тұратын дәрігер Виталий Ан Алғыс айту күніне орай өз ой-пікірін бөлісті.

Виталий Ан 1960 жылы Қарақалпақ астанасы Нүкіс қаласында дүниеге келгенімен, 9 жасынан бастап Қазақстанға көшкен. 

Әкесі Константин дәрігер болғандықтан, жолдамамен Қостанай, Көкшетау, Целиноград облыстарында жұмыс істеген.

1983 жылы Тәжікстандағы ағасына барған Виталий содан медицина институтын қоғамдық гинекология мамандығы бойынша бітірген.

Бірақ кейін Сеулде біліктілігін жетілдіріп, дәстүрлі емес шығыс медицинасына маманданған. Тәжікстанда отбасын құрып, сонда екі қызы өмір есігін ашқан. 1995 жылы Қазақстанға оралған ол алдымен Алматыда қызмет етті.

виталий ан
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

«2000 жылы әйелімді аудармашылық қызметке Бөрлі ауданы Ақсай қаласына жіберді. Ол кезде тұрмыстық жағдай да қиын еді. Бастапқыда екі аптаға қалып, көмектесейін деп ойладым. Сосын тағы екі айға қалдым. Содан кейін мұның тура 23 жылға созылатынын білген жоқпын. 2007 жылдан бастап Орал қаласында тұрдық. Өткен жылы зейнетке шыққаннан кейін Алматыға оралдық. Ақ Жайық өңіріндегі уақытымның текке өтпегеніне ризамын. Қазір дәрігерлік және қоғамдық қызметіме байланысты Орал мен Ақсайға келіп тұрамын. Пациенттерім де бар», - дейді В.Ан. 

Дәрігер Ақ Жайық өңірінде жарқырап ізі қалғанына қуанады. Негізгі қызметіне қоса Бөрлі аудандық мәслихатының депутаты, кейін БҚО корей этномәдени бірлестігінің жетекшісі ретінде қайырымдылық істерге сүбелі үлесін қосты.

Ақсай қаласындағы мешітке, мектептерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, Оралдағы балалар үйіне көмек қолын созудан танған емес. Сонымен қатар әлі күнге дейін Бөріл ауданы каратэ федерациясына жетекшілік етіп келеді.

Каратэ киокушинкай KWU-дан әлемдік додаларда топ жарған Нұргүл Сапароваға демеуші болды.

виталий
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Биыл спорттың осы түрінен Орал қаласында өткен Қазақстан чемпионатында БҚО құрамасы алғаш рет командалық есепте топ жарды. Бұл біздің де үлесіміздің текке кетпегенін көрсетеді», - дейді меценат.

Баса көрсететін жайт, 2014 жылы Орал қаласында БҚО корей этномәдени бірлестігі «Қазақ халқына мың алғыс» монументін тұрғызса, 2020 жылы Виталий Ан облыс орталығы мен Ақсай қаласында «Бес ұрпақ» сауықтыру саябағын ашты. 

«Осылайша, төрт жыл бойы ойлаған идеямды жүзеге асырып едім. Әр саябаққа 4 млн теңгеден қаржымды жұмсасам да, бұл халыққа керекті іс деп білдім. Өйткені мұндағы „Денсаулық жолы“ шығыс медицинасына негізделген. Сол денсаулық жолымен жүруді көп адам ғадетке айналдырып, пайдасын көрді. Әлі есімде, Ақсайда 81 жастағы қос қария 26 жыл бойы қан қысымы және басқа аурулардан айыға алмай келген. Сол екеуі төрт күннен кейін құлантаза жазылып кетті. Тағы бірде 6 отбасы алдыма келді. Солардың ішінде біреуі қанша жерге қаралса да, 13 жыл бойы бала сүйе алмай жүр екен. Ем алғаннан кейін олардың бәрі сәбилі болды. Сол секілді 2,5 жасар қыз жүре алмағаннан кейін анасы тастап кетіп, әжесімен қалыпты. Әжесіне шеберлік дәрісін беріп, кішкентай қызды бес күн бойы емдедім. Қазір ол 11-де, шауып жүр. Мұндай емделушілер өзіңнің туысыңдай болып кетеді екен», - дейді адам жанының арашашысы.

Кейіпкеріміздің тағы бір қасиеті — балаларға деген шынайы қамқорлығы болса керек. Балалар үйіне барып жүріп, 2014 жылы ағалы-інілі Асхат пен Мақсат Ароновтарды бауырына басқан екен.

виталий ан
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Ол кезде балалар үйінде 176 бала тәрбиеленді, соның тең жартысы — қазақтар, басқалары өзге ұлт өкілдері екен. Ішінде бір корей баласы да болды. Бірақ менің назарым осы екі балаға ауды. Асхат бірден бауыр басып, қайда барсам да, ізімнен қалмай жүрді. Мен оған „Балам, ішімдік ішпе, темекі тартпа“ деп, екі талап қойдым. Ақыры менің жолымды қуып, массаж жасаушы мамандығын алып, пандемия кезінде ерен еңбек етіп, 25 жасында-ақ „Халық алғысы“ медалімен марапатталды. Мақсат биологиялық әкесі болғаннан кейін аға деп жүрді. Тек үйленгеннен кейін өз әкесінен қамқорлық көрмеген соң бұдан үш жыл бұрын мені қармақпен балық аулауға шақырды. Сонда ол „Виталий аға, сіз мені ұлым деп танысаңыз, маған әке деуге бола ма?“ деді. Қазір қыздарымды айтпағанда, өзім аяқтандырған екі баламнан да немерелерім бар», - дейді Виталий Ан. 

Оның айтуынша, корейлердің қазақ халқына құрметі ерек. 

топырақ
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Біз, корейлер, қазақ халқын өте сыйлаймыз. Өйткені өткен ғасырдың 37 жылы корейлер Қиыр Шығыстан Қазақстанға күштеп көшірілген кезде бізге кім қолұшын созды? Ол — қазақтар. Кім бізбен соңғы нанын бөлісті? Ол — қазақтар. Өздері кедей тұрса да, төріне оздырды. Тек қазіргі Ақжайық ауданы Жаңабұлақ ауылына 162 адамды көшіріп әкелген. Қыстың ішінде оларды жергілікті қазақтар паналатқан. Бір дастархан басында отырып, бірге тамақ ішкен. Қар кетіп, күн жылынғаннан корейлер 9 үй салып, күріш еккен. Сол көшіп келгендердің ішінде менің досым Владимир Хонның анасы болған, қазір ол кісі 94 жаста, Тараз қаласында кіші баласының қолында тұрады. 2019 жылы Владимир Хон екеуміз тарихшы Саялбек Ғиззатовтың шақыруымен Жаңабұлаққа бардық. Мәдениет үйінде корейлердің Қазақстанға көшірілгені туралы фильмді тұрғындар көзіне жас алып отырып көрді. Сонда Владимир Хон сөз алып, „Бұдан былай Жаңабұлақ ауылының барлық тұрғындары менің мәңгілік бауырларым болып қалады“ деді. Осы сөздерді мен мемориалдық тақтаға ойдырып жаздырдым. Ата-бабамыз мекендеген жерден бір уыс топырақ алып, музейге әкеліп қойдық. Бұдан артық бауырмалдылықтың мысалы бар ма?!», - деп түйіндеді сөзін Виталий Ан. 

виталий ан
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазіргі таңда Астана қаласында тұратын ҚР Ұлттық музейінің ғылыми хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатов корейлердің Жаңабұлаққа қоныстануы жөнінде мынадай деректер қосты.

«2019 жылы туған ауылым Жаңабұлақтың (бұрынғы Кожехаров) тарихын жазу үшін Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінде жұмыстанып жүрген кезім еді. Архивте отырғанда, қолыма 1961 жылғы құжат түсті. Онда сол кездегі Жаңабұлақ ауылындағы сайлау учаскелерінің тізімі берілген екен. Бұл тізімдегі № 8 учаскенің атауы „Корейский“ деп жазылыпты. Мен „Бұл ауылда дүниеге келсем де, бір де бір корей ұлтының өкілін көрмеппін, мүмкін сайлау учаскесінің атауы ‚Карельский‘ немесе басқалай шығар“ деп ойладым. Жалпы, кітапты жазу барысында ауыл ақсақалдарымен кездесу үшін ауылға жиі баратынмын. Сондай жиында сайлау учаскесінің атауына қатысты сұрағымды төтесінен қойдым. Сол кезде Абатов Ғазиз деген ауылымыздың сыйлы ақсақалы бала кезінде Жаңабұлақ ауылында бірнеше корей отбасыларының тұрғанын, өзінің корей балаларымен бірге ойнап, дос болғанын айтып берді. Кейін Орал қаласына келіп, Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивіндегі 1 мыңнан астам парақтан тұратын корей депортациясына қатысты құжатқа тапсырыс бердім. Алайда бұл архив құжаты ертеректе арнайы актімен жойылған болып шықты. Бұл хабарды естігеннен кейін көңіл-күйім қатты құлазыды», - дейді С.Ғиззатов.

Дегенмен кейін тарихшы Ақжайық аудандық архивіне барып, 1938-1939 жылдардағы шаруашылық кітапшасын тауып, оларды мұқият сараптап, Кожехаров ауылына күштеп көшірілген корей халқының тізімін жасап шыққан.

Қиыр Шығыстан Кожехаров ауылына алғашқы корей көші 1937 жылдың қараша айында келе бастаған екен.

Уақыт өте келе қоныстанушылар саны жаңадан көшіп келген адамдармен толыға түскен. 1938 жылдың басында жүргізілген санаққа сәйкес Кожехаров ауылына барлығы 162 адамнан тұратын 41 корей отбасы көшіп келіпті.

Депортацияға ұшыраған осы корейлердің ішіндегі ең жасы үлкені 87 жасар Си Клем (1851 жылғы) деген кейуана болса, ең кішкентайлары құндақта жатқан Виктор Ким (1937 ж.), Оксун Ю (1937 ж.), Зинаида Лигай (1937 ж.), Сава Хан (1937 ж.), Виктор Хон (1938 ж.) атты 5 сәби болған.

Орта есеппен алғанда, көшіп келген әрбір корейлік отбасының 4 мүшесі бар еді. 

виталий ан
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Жергілікті қазақ халқы 1937 жылғы қарашаның қара суығында көшіп келген корейлерді далада қалдырмай, үйлеріне бөліп алып кеткен екен. Оларға тамақ беріп, киіндіріп, кейін жұмысқа орналасуына жағдай жасаған.

Тіпті 1938 жылы корейлер Жаңабұлақ жерінде күріш еккен. Бұл егістіктің ауыл жанында әлі күнге дейін орындары бар. 

Жаңабұлақ ауылында корей халқына арнап үйлер салынып, мектепте жаңа сыныптар ашылған. 

«Өз еркінен тыс туған өлкесі Қиыр Шығыстан Қазақстанға жер аударылған корейлер қазақ жерінде мәңгілік мекен тапты. Әсіресе, Жаңабұлақ ауылына қоныстандырылған корейлер қазақ халқының ыстық мейірімі мен ерекше ілтипатына бөленді. Екі халық арасында қандай да бір алауыздық пен ұлтаралық қақтығыстар ешқашан туындаған емес. Керісінше екі халық арасындағы достық беки түскен болатын. Бұл туралы 13 жасында Жаңабұлақ өңіріне қоныс аударған корей ұлтының өкілі Нина Тян: „Біз Кожехаров ауылына қоныс аударғанда, қазақ халқы ерекше қонақжайлылықпен қарсы алды. Қолындағы бір тілім нанын бөліп беріп, үйлерін паналатты. 1938-1940 жылдары Орал қаласына жаяу жолға шығып, бір апта дегенде әзер жететінбіз. Жолшыбай елді мекендерге тоқтағанда, қазақ жанұялары тамағын беріп, үйлеріне қондыратын еді. Осындай қонақжайлылықтың арқасында діттеген жерімізге аман-есен жетіп жүрдік“ деп еске алған еді. Қиын-қыстау кезеңде бірқатар корейліер Жаңабұлақ жерінде дүниеден өтсе, өзгелері балалы-шағалы болып жатты. Қазақ-корей халықтары арасындағы бауырмалдық қарым-қатынас Ұлы Отан соғысы жылдарында және одан кейінгі кезеңде жалғасын тапты. Жаңабұлақ ауылындағы соңғы корей отбасылары 1949 жылы көшіп кеткен», - дейді тарихшы-ғалым.

 

Соңғы жаңалықтар