Корея елшілігі Үштөбеде 50 үйге газ жабдығын орнатып берді

АСТАНА. KAZINFORM – Жетісу облысының Үштөбе қаласында әлеуметтік осал отбасыларға қыста тұрғын үйлерін жылытуға қажетті жабдықтар берілді. Игі бастама Қазақстандағы кәрістердің қоныстанғанына 90 жыл толуына орай жүзеге асырылып отыр.

к
Фото: Қазақстан Республикасындағы Корея Елшілігі

Жоба аясында Үштөбедегі әлеуметтік осал және аз қамтылған отбасылардың тұрғын үй жағдайын жақсарту көзделген. Атап айтқанда, үйлерді газ желісіне қосу, газ қазандықтары мен энергия үнемдейтін жылу жабдықтарын орнатты.

Былтыр дәл осындай көмек 25 отбасыға көрсетілсе, биыл қолдау алатын отбасылардың саны 50-ге дейін артты. Олардың қатарында корей отбасыларымен бірге Үштөбеде тұратын өзге де әлеуметтік осал жанұялар бар.

Үштөбе – Қазақстан кәрістерінің тарихындағы маңызды мекен

Үштөбе – 1937 жылы Кеңес Одағының Қиыр Шығысынан күштеп көшірілген кәрістердің алғаш қоныстанған маңызды мекендердің бірі. Тарихи деректерге сәйкес, жер аударылған кәрістер жаңа жерде өте қиын жағдайда өмір сүрді. Алғашқы жылдары олар жер үйлер мен жертөлелерге ұқсас баспаналар тұрғызып, қыстың қатаң суығына төтеп беруге мәжбүр болған.

Қазір де қаладағы кейбір ескі үйлер көмір жағып отыр. Бұл тұрғындарға қыс мезгілінде қосымша қиындық туғызып, отын шығынын арттырады.

п
Фото: Қазақстан Республикасындағы Корея Елшілігі

– Біз бүгін жай ғана газ құбырлары мен қазандықтарды табыстап отырған жоқпыз. Бұл – Үштөбе тұрғындарына, соның ішінде Қазақстан кәрістеріне қыс мезгілін жылы әрі қауіпсіз жағдайда өткізуге деген қолдауымыз бен қамқорлығымыздың көрінісі, – деді Корея Республикасының Қазақстандағы Елшісі Чжон Кихон.

Оның айтуынша, Корея елшілігі әлеуметтік жауапкершілік бағытындағы жобалар арқылы кореялық компаниялар мен Қазақстандағы жергілікті қауымдастықтар арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға ниетті.

Оңтүстік Кореяда құрылған Good Neighbors қайырымдылық ұйымының өкілдері мен кореялық компаниялардың қызметкерлері көмек алған отбасыларға естелік тақтайша мен тұрмыстық заттарды тапсырды. Бұдан кейін делегация көмек көрсетілген отбасылардың үйлеріне барып, орнатылған жабдықтармен және тұрғындардың тұрмыс жағдайымен танысты.

Қаратал ауданы мен Good Neighbors меморандумға қол қойды

Іс-шара аясында Good Neighbors ұйымы мен Қаратал ауданы арасында әлеуметтік жауапкершілік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат алдағы жобаларды іске асыруға негіз болады.

Тараптар әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдардың, кореялық компаниялар мен ұйымдардың ресурстары мен мүмкіндіктерін біріктіруді жоспарлап отыр.

р
Фото: Қазақстан Республикасындағы Корея Елшілігі

Елші Чжон Кихон бұл бастама бір реттік көмекпен шектелмей, жергілікті қауымдастықпен өзара іс-қимылдың тұрақты үлгісіне айналатынына үміт білдірді.

– Елшілік алдағы уақытта да кореялық компаниялар мен ұйымдардың әлеуметтік жобаларын қолдап, Қазақстандағы жергілікті қауымдастықтармен байланысты нығайтуға және екі ел халқы арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытуға күш салады, – деді дипломат.

Кореялық делегация Үштөбедегі тарихи орындарды аралады

Іс-шарадан кейін Корея Республикасының Елшісі бастаған делегация Үштөбе теміржол станциясына барды. Бұл станция 1937 жылы күштеп көшірілген кәрістердің алғаш келген орындарының бірі ретінде тарихта қалды.

Сондай-ақ делегация Қазақ-корей достығы саябағын және Қараталдағы кәрістердің тарихи кешенін аралады.

о
Фото: Қазақстан Республикасындағы Корея Елшілігі

Тарихи кешенде кәрістердің Қазақстанға күштеп қоныс аударуы, алғашқы жылдардағы тұрмысы туралы материалдар қойылған. Мұнда сол кезеңдегі жер үйлер мен дәстүрлі корей баспаналары, соның ішінде «ондоль» деп аталатын дәстүрлі жылыту жүйесі де көрсетілген.
Бұл орындар Қазақстандағы кәрістердің тарихын еске алып қана қоймай, екі ел халқы арасындағы тарихи және адами байланыстың маңызын айшықтайды.

2027 жылы кәрістердің Үштөбеге қоныстанғанына 90 жыл толады. Осыған орай Корея Республикасының Қазақстандағы Елшілігі алдағы уақытта да корей қауымдастығымен және жергілікті қоғамдастықтармен ынтымақтастықты жалғастырып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Еске сала кетсек, 14 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мённың шақыруымен Сеулге мемлекеттік сапар жасады. Сапар барысында қазақ-корей стратегиялық серіктестігінің мән-жайы талқыланып, Кореяның ірі компаниялары жетекшілерімен кездесу өтті.