Корея келісім мен бейбітшілікті сақтап отырған көп ұлтты мемлекет ретінде Қазақстаннан үлгі алады - Елші Ли Бен-хва

ТАНА. 16 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Жуықта Қазақстандағы Корей Республикасының жылы үлкен жетістікпен аяқталды. Дипломатиялық қатынастар орнатылған елдер халықтарының арасында мәдени көпір орнату - стратегиялық әріптестіктің ажырамас бөлігіне айналып келеді. 2010 жылы Оңтүстік Кореяда өткен Қазақстан жылы аясында корейлер бір жыл бойы қазақтың дәстүріне, мәдениеті мен тұрмыс салтына молынан қанықты.
None
None

Қазақстандағы Корей жылының нәтижесі мен екі ел ықпалдастығының даму болашағы жайлы «ҚазАқпарат» тілшісіне Қазақстан Республикасындағы Корей Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Ли Бен-хва айтып берді.

- Қазақстанда өткен Корей жылына берер бағаңыз қандай? Оның аясында қандай ауқымды іс-шаралар өткізілді?

- 2010 және 2011 жылдары Кореядағы Қазақстан жылын және Қазақстандағы Корей жылдарын атап өту барысында екі мемлекет те түрлі ауқымды іс-шараларды өткізді. Атап айтқанда, Қазақстандағы Корей жылы аясында биыл мәдениет, ғылым, экономика және басқа да салаларға қатысты бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Олар екі ел арасындағы мәдени байланысты және ықпалдастығымызды бекітуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, стратегиялық әріптестікті тереңдетуге негіз салды.

Президент Ли Мён Бактың Қазақстанға екінші мәрте жасаған ресми сапарының маңыздылығын атап өткен жөн. Соңғы төрт жылда жоғары деңгейдегі осындай кездесулерді жыл сайын өткізіп тұру - екі президенттің достығы мен өзара сенімділігіне негізделген елдеріміз арасындағы тығыз ықпалдастықты дамытуға жаңадан серпін беріп келеді.

Біз Қазақстандағы Корей жылының ашылу салтанатын Астанада және оның жабылу рәсімін Алматы қаласында өткіздік. Осы екі қалада К-ПОП байқауы, Алматы мен Өскемен қалаларында Корей киносының фестивалі өтті. Онымен бірге, корей тағамдарының фестивалін, дәстүрлі корей музыкасының концертін, ғылыми конференцияны, Алтай және Караван форумдарын ұйымдастырдық.

Мүмкіндікті пайдаланып, аталмыш іс-шараларды өткізуге қолғабыс еткен қазақстандық тарапқа және құзырлы органдарға тағы бір мәрте алғысымды білдіремін.

- Қазақстандықтардың Оңтүстік Кореяның ерекше мәдениетіне, әсіресе, шоу-бизнесіне қызығушылығы аса жоғары. Оны аузы-мұрны лық толған «Қазақстан» Орталық концерт залында өткен Қазақстандағы Корей жылының салтанатты ашылуында байқаған шығарсыз. Сіздер мұндай аншлагты күттіңіздер ме?

- Өзіңіз айтып өткендей, үстіміздегі жылдың 5 мамырында «Қазақстан» Орталық концерт залында Қазақстандағы Корей жылының ашылу салтанаты, музыканттар мен әртістердің концерті өтті. Іс-шара Астанадағы ең үлкен концерттік залда өткеніне қарамастан, өкінішке қарай, орындардың жетіспеушілігіне байланысты келушілердің барлығы концертке кіре алмады. 3000 орынға лайықталған концерттік зал сол күні 5000 мыңға жуық адамды сыйдырды. Корей елшілігінің өзі адамдардың мұнша санын күтпеп еді. Корейлік сериалдар мен музыкаға деген шынайы қызығушылықтары үшін қазақстандықтарға алғысымды білдіргім келеді.

Қазақстандықтардың жылы қабылдауларына сондай-ақ, Кореяның әртістері де ризашылықтарын білдірді және мүмкін болған жағдайда Қазақстанға концерттерімен қайта келуге ниеттерін жеткізді.

- Қазақстан мен Корея бизнесті қолдауға үлкен назар аударып отыр. Корейлік компаниялар Қазақстанда инвестицияларды қай салаға көптеп салуда?

- Елдеріміз арасындағы өзара тауар айналым дипломатиялық қатынастар орнатылған 1992 жылдан бері 90 есеге артты. 2010 жылы тауар айналымының көлемі 1992 жылғы 11 млн. АҚШ долларынан 1 млрд. АҚШ долларына жетті. Қазір Қазақстанда жұмыс істеп тұрған оңтүстік корейлік компаниялардың саны 300-ден асып жығылады. Олардың арасында Самсунг, LG, SK, Hyundai, STX және әлемге белгілі өзге де жетекші маркалар бар.

Екі жақты экономикалық ықпалдастықтың болашағы жарқын деп айтар едім. Өзара тауар айналым ұдайы арту үстінде, онымен бірге, Қазақстандағы корейлік инвестициялар да өсіп келеді.

Маңызы жоғары инвестициялық жобаларға тоқталатын болсам, олар - LG Electronics Алматы құрастыру зауыты; Highwill, Urim (Apple town) құрылыс компаниялары; Корейлік Кун Мин Банктің ВСС-ның акцияларын (800 млн. доллар) сатып алуы және Қазақстанда Shinhan Bank өкілдігін құру; Корейлік Ұлттық мұнай корпорациясының Қазақстанда кен орындарды зерттеуі, Атырауда мұнайхимиялық кешеннің құрылысы; POSCO титанын өндіру бойынша зауыттың құрылысы.

Корейлік компаниялар инвестицияларды құрылыс, қаржы, қайта өңдеу, электроника және энергетика салаларына көптеп салуда. Бұдан әрі Қазақстанның өнеркәсібіне үлес қоса алатын - мұнайхимия, инфрақұрылым, денсаулық және медицина, білім беру, туризм, ақпараттық технологиялар салаларында ықпалдастық көкжиегін кеңейту жоспарланып отыр.

2010 жылдың нәтижесі бойынша Қазақстандағы корейлік инвестициялардың көлемі 2,8 млрд. долларын құрады.

- Корей Үкіметі 2010-2012 жылдарды Кореяға саяхат жасау жылы деп жариялағанын білеміз. Осыған орай, туристерді, соның ішінде қазақстандықтарды Кореяға сапар шегуге ынталандыратын қандай да бір шаралар қолға алынып жатыр ма?

- Корей Республикасының Үкіметі шет елдерде Корей туризмі туралы ақпараттарды тарату және елімізге шетелдік туристерді тарту мақсатында «2010-2012 жылдары Кореяға сапар шек» бағдарламасын белгіледі.

Осыған орай, корейлік толқындарды, корейлік асхананы, Кореяның туристік көрнекі орындарына қатысты өнімдерді таныстыруға және шетелдік туристерді тартуға негізделген бағдарламаларды дамыту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, «Кореяның ең үлкен жаппай сатылымы» акциясы барысында гипермаркеттер мен сауда орталықтарында корейлік өнімдерді үлкен жеңілдіктермен сатып алуға және Кореяға билетті 10 пайыз жеңілдікпен алуға мүмкіндік жасалды.

Қазақстандықтарға танымал сериалдар түсірілген орындарға сапар шегуге, корейлік толқындарды тамашалауға, корей тағамдарын әзірлеу курстарынан өтуге, шоппинг жасауға, медициналық қызметтерді алу турларына қатысуды ұсынар едім. Туристік бағдарламалар бойынша толық ақпаратты Кореяның Ұлттық туристік ұйымының сайтынан (www.visit.or.kr ) көре аласыздар.

Тағы айта кетерім, Қазақстанға корейлік туристерді тарту үшін Алтай өңіріне туристік бағдарламалар өткізілуде. Корей халқы панталық сауналарға түсіп, марал шаруашылықтарымен танысуда.

- Қазақстандағы Корей жылы Қазақ елі үшін атаулы дата - Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында өтті. Сіздің пікіріңізше, егемен ел ретінде Қазақстан қандай жетістіктерге қол жеткізе алды?

- Алдымен, барша қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. 20 жылда болған қиыншылықтарға қарамастан, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың көсемдігінің және Қазақстан халқының басына түскен ауыртпалықтарға данагөйлікпен әрекет етуінің арқасында, Қазақстан Орталық Азияда ең тұрақты да қуатты мемлекетке айналды.

Онымен бірге, 130-ға жуық ұлт тұратын мультимәдениеттік қазақстандық қоғамдағы келісім мен бейбітшілік, соңғы уақытта мультимәдениеттікке бет бұрып келе жатқан Корея үшін жақсы үлгі бола алады деп ойлаймын.

Бәріне белгілі, Қазақстан ІЖӨ-де (халықтың жан басына шаққанда 10 мың доллар) өте жақсы экономикалық өсімге қол жеткізді және өнеркәсіптік инновацияларды, экономиканы әртараптандыруды және жаңғырту бойынша жобаларды жүзеге асыруда. Қазақстан өз мақсаттарына қол жеткізіп, өзге мемлекеттерге көмек қолын соза алатын сондай-ақ, әлемдік қауымдастыққа сүбелі үлес қоса алатын елге айналарына кәміл сенімдімін.

- Сұхбатыңызға рахмет. Жұмысыңызға табыс тілейміз!

Соңғы жаңалықтар