Корея президенті Қазақстаннан соң Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёлдің Өзбекстанға мемлекеттік сапары басталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Корея басшысы мен оның жұбайын әуежайдан Өзбекстанның премьер-министрі Абдулла Арипов қарсы алды.
Сапар барысында Юн Сок Ёль Ташкентте Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёевпен кездесу өткізбек. Оның қорытындысы бойынша бірлескен құжатқа қол қою жоспарланған.
Кейін екі ел басшылары өзбек-корей бизнес форумына қатысады, сондай-ақ былтыр Корея халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (KOICA) қолдауымен ашылған u-Enter инновациялық кәсіпкерлік орталығының жұмысымен танысады.
Бұған қоса, Оңтүстік Корея мен Өзбекстан арасындағы маңызды шикізатты жеткізу жөніндегі ынтымақтастық мәселелері талқыланбақ.
Сапар соңында Юн Сок Ёль жұбайы Ким Кон Химен бірге Самарқанд қаласына барады.
Еске салсақ, 11-13 маусым күндері Корея президенті Юн Сок Ёль Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген еді.