Кореяда қазақ тілін оқытатын профессор: Мықты маман марстықтарға да тіл үйрете алады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылы Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Осы жылдар ішінде қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алып, өз тұғырына қайта қонды. Іс-қағаздарынан бастап, қоғамның барлық саласы қазақшаланып жатыр. Қазақ тілін үйреніп жүрген шетелдіктер де жетерлік. Бұл орайда ел аумағында ғана емес, шет елдерде қазақ тілін үйретіп жүрген мамандарды да ұмытпауымыз керек. Солардың бірі – Оңтүстік Корея жастарына қазақ тілін үйретіп жүрген оқытушы, Хангук шет тілдері университетінің профессоры Әлия Әбжанқызы Құрышжан. Қазақстанда жыл сайын атап өтілетін мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында Әлия Әбжанқызымен сұхбаттасқан едік.
None
None

Әлия ханым, сізді Қазақстанда атап өтілетін Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймыз және табысты еңбек тілейміз! 1990-жылдары қазақ тіліне оқытатын алғашқы компьютерлік бағдарламалар жасағаныңызды, кейінірек АҚШ-та қазақ тілін үйренушілерді оқытқаныңызды білеміз. Бұл жұмыс қалай басталды??

Мен Алматы қаласында тудым. Қазақ Ұлттық университетінің Филология факультетінде Жалпы тіл білімі кафедрасында оқыдым. Сол кезден бастап қостілдік мәселелермен айналыса бастадым. Дипломымды содан қорғағанмын, ҚазҰУ-да қалып сабақ бердім, бірте-бірте ғылыми зерттеу жұмыстарына араластым.

Шамамен 1996-жылдары Филология факультетінде жұмыс істеп жүргенімде ҚазҰУ-ға бірінші компьютерлер келе бастады. 12 дана Apple Macintosh компьютері келгенде, олармен қазақ тілін оқытатын еш контент болмады. Неміс тілі бағдарламасын Берлиннен, испан тілін – Мадридтен, ағылшын тілін – Британия немесе Америкадан алуға болады. Ал қазақ тілін оқытатын бағдарламаны қайдан табамыз? Сондықтан алғашқы бағдарламаларды сол жылдары өзіміз жасай бастадық.

Бұл жұмыстар ҚазҰУ-дағы механика-математика факультетінің Ғылыми-зерттеу институтында жүрді. Ондағы бағдарламашылар бұрыннан өте мықты еді. Apple компьютерлері алғаш келгенде қазақша шрифт те болмаған. Сондағы қосымша әріптерді де біздің бағдарламашылар жасап шыққан. Кезінде нағыз патриот мамандар – академик Н.Т Данаев, академик Ш.С. Смағұловтар осыған ерекше мән берген. Оларды компьютерлік оқыту бағдарламаларының пионері деп атауға болады. Осылай Apple, IBM компьютерлеріне ҚазҰУ қабырғасынан 20 шақты оқыту бағдарламасын шығардық. Оқытушылықпен қатар бірнеше жобада контенмейкер/мазмұн жасаушы ретінде жұмыс істеп жүрдім. Осының арқасында Америкаға шақырту алдым.

− АҚШ-та қандай тәжірибе жинадыңыз? Студенттерге қазақ тілінен сабақ бердіңіз бе?

Біздің бір бағдарламамызды Америкадағы Индиана университетінің профессоры, Орта Азия департаментінің басшысы Уильям Фирман көрді, онымен 2000 жылдары ҚазҰУ-да таныстық. Біз ол кезде ҚазҰУ-да IBM-ге арналған үшдеңгейлі оқыту бағдарламасын әзірлеп жатқанбыз. Соның әдістемесі, контенті қандай болатынын профессорға көрсеттім, ұзақ сөйлестік. Профессор Фирман бес тілді жетік меңгерген, Орта Азияны зерттеу саласындағы өте атақты маман. Бізге бағыт-бағдар қажеттігін түсініп, мені АҚШ-қа конференцияға шақырды. Одан кейін Индиана штатының университетіне мұғалім ретінде қатыстырды. Бұл – 1930-жылдарынан бастап Ішкі Азия мәселелермен айналысатын Америкадағы ең атақты университет. Орта Азияны зерттейтін бірінші ғылыми-зерттеу институты да сол университетте ашылған.

Ол кезде АҚШ-та Орта Азия тілдеріне көп мән берілетін. Мен келгенде профессор Талант Мауқанұлы қазақ және ұйғыр тілдерінен сабақ беретін. Мен келіп-кетіп Visiting instructor болдым, ол кісі департаменттің штаттағы профессоры болған. Меніңше, ол қазір Сиэтл Вашингтон университетінде сабақ береді. Индиана университетінде ғажап әріптестерім болды. Түрікмен тілінен екі мұғалім, әзербайжан тілінен – екі мұғалім, өзбек тілінен – 3-4 мұғалім бар еді. Түрік тілі мен басқа тілдер де болған. Қазақ тілінен мен екінші мұғалім болып, студенттерге екі деңгей ұсына бастадық. Сол кезде оқыту курстарын, аудио мен лингафон курстарын өзіміз әзірледік.

Маусым басында ҚазҰУ-дағы семестрімді бітіріп АҚШ-қа кетемін, тамыздың аяғында қайтып келіп, 1 қыркүйекте өз аудиторияма сабаққа кіремін. Америкада бір жазғы интенсив курста үш кәсіби семинар алатынбыз. Әдістеме туралы, аудиомен, видеомен жұмыс істеу, оқыту материалын дайындау сынды өте пайдалы сабақ беріп, біліктілігімізді жетілдіретін. Сол жерге мықты мамандарды, әдіскерлерді, зерттеушілерді шақырып, әлемдік тәжірибесімен таныстырып тұратұғын. 2000 жылдары бізде әлі компьютер, оқыту технологиялар тараған жоқ, жасау тәжірибеміз де жоқ. Барлығын жаңадан үйренетінбіз. Өзіме пайдасы тиді, талай нәрсені меңгеріп алғанмын. Индиана университетінде кітап және аудио түрінде оқыту курстарын шығардық, мультимедиалық интернет модуль дайындадық. Алматыға қайтып келіп, Мехматтағы мамандармен сондай бағдарламаларды өзіміз жасай бастағанбыз. Сондықтан бір жағынан зерттеуші, екінші жағынан – үйренуші болып, талай нәрсені жетілдіруге тура келді, мен үшін жақсы мектеп болды.

Осылайша 2001-2008 жылдары АҚШ-қа барып-келіп, ҚазҰУ-де сабақ беріп жүрдім. Әрине, қиын болды. Қарқынды курстың өзі ауыр жүктеме еді. Арасында қызметкерлерге берілетін жеңілдікті пайдаланып, тілдік курсқа баратынмын. Бір жағынан өзім америкалық аудиторияға қазақ тілінен сабақ беремін, одан кейін ағылшын тілінен курс аламын. Методиканы сыныптың екі жағынан да көре алдым, біраз нәрсені ұғынып алдым. Америкадан елге келгенде анам жылап жіберген, өйткені бір жаздан 6-8 келіге арықтап келгенім бар. Ештеңе оңай келмейді, әр нәрсенің құны болады. Жалпы Индиана университінде өте мықты департамент болды, сонда сәті түсіп барғаныма өте ризамын. Орта Азиядан келген түрлі мамандар жиналып, өте күшті ұжым болды. Қазір ондай бағдарламалар менің білуімше, азайып кетті. Себебі Америкадағы саясат фокусын өзгертті. Қазір онда түрік, өзбек, әзербайжан тілінен 1-2 курс қалған шығар.

− Оңтүстік Кореяға қалай жол түсті? Онда неше жыл жұмыс істеп келе жатырсыз?

Мен ҚазҰУ-да шетелдіктерге арналған дайындық факультетінде жұмыс істегенмін. Сол жерде шетелдіктерді қазақ тіліне оқыта бастағанбыз. Бірінші топтарымыз аралас болды – екі америкалық, бір поляк, бір Бейжіңнен келген қытай және корей студент бар еді. Ортақ тіл болмағандықтан оларға бірден қазақша сөйлесуді үйреттік. Ол кезде ағылшын тілінде оқулық, материал аз еді, тек орыстілді аудиторияға арналған «Қырық сабақ» кітабы мен ағылшынша-қазақша бір шағын сөздік болатұғын. Сондықтан оларды оқытатын барлық курсты өзіміз жасадық. Біздің алғашқы студенттеріміздің бірі кореялық Сон Ен Хун бірнеше жыл Алматыда оқыды. Дайындық факультетін бітіріп, ҚазҰУ-да қазақ бөлімінде оқыған, кейін Ғылым академиясының Тарих, этнография және археология институтында диссертациясын қорғап, Кореяға қайтты. Ол өзін ақылды, мықты, төзімді маман ретінде көрсетті. Менің білуімше, ол Қазақстанда ғылыми тақырыптан қорғаған бірінші корей азаматы болды. Көп жылдан кейін мені Сеулге жұмысқа сол кісі шақырды. Ол Хангук шетелтану университетінде Орта Азия департаментін ашып, соның басшысы болды.

Хангук университеті – Кореяда ең бірінші ашылған және ең көп тіл оқытатын шетелтану университеті. Хангук университеті оқытатын тіл саны бойынша әлемде Мәскеудегі МГИМО мен Париждегі Сорбоннадан кейін үшінші орында тұр. Оның факультеттері мен мамандықтары көп, тарих, экономика, бизнес, медиа, тіпті инжиниринг бөлімдері бар. Сол факультеттер арасынан қазақ тіліне қызыққан студенттер бізді таңдап келеді.

Кореядағы аудитория мен оқыту жүйесі мүлдем басқа болғандықтан, бірінші жұмыс істеп көрейін деп бардым. Содан бері Хангук университетінде 8 жыл жұмыс істеп келемін.

− Студенттер қазақ тілін қандай мақсатпен таңдайды? Тіл үйрету үшін қандай ұтымды тәсілдерді қолданасыз?

Кореядағы университет жүйесі америкалық университеттерге ұқсайды. Студент бір факультетке келіп, 4-5 жыл бір департаментте отырмайды. Олар қалаған курстарын таңдап жүріп оқиды. Менің тобымда мысалы өнер факультетінің, инжиниринг, бизнес не басқа да мамандық студенттері болуы мүмкін. Олардың мамандықтары мүлдем басқа, бірақ осы аймақта жұмыс істегісі келсе, олар біздің департаментке келеді. Сол үшін біздің тілімізді таңдайды. Мысалы, тау немесе мұнай инженері мамандығындағы студент Қазақстандағы мұнай саласында істегісі келсе, менің сабағыма келеді. Ал егер ол Африкадағы Нигерияда істеймін десе, менің әріптесім Джон профессорға барып, суахили тілін үйренеді. Студент өз инженерлігін оқиды, бірақ өз таңдауы бойынша аймақтық/жергілікті тілді алады. Сонда ғана тиімді маман иесі шығады. Сондықтан, біздің департамент Regional studies бөліміне кіреді, яғни біз жергілікті ерекшілікті білетін мамандарды әзірлейміз. Орта Азиятану мамандарын да біздің департамент дайындайды.

Біздің департамент айтарлықтай үлкен емес. Ең үлкені әрине ағылшын тілі департаменті, одан кейін араб, испан тілдері сұранысқа ие. Себебі, ол тілдердің сөйлеушілері өте көп. Тұтас Латын Америкасы испан тілінде сөйлейді немесе Араб елдерінің саны басым түседі. Тіпті орыс департаментінің 146 млн сөйлеушісі бар. Ал қазақ тілі 18 миллион адам үшін мемлекеттік тіл болып табылады. Тиісінше бізге келетін студенттер де азырақ болады. Бірақ олар қазақ тілін таңдап келіп тұрған соң, біз үлкен департаменттерден кем оқытпауымыз керек. Халықаралық деңгейден қалмауға тырысып, аудио, видео, технологиялар сынды барлық мүмкіндіктерді қолданамыз. Сондықтан мен бірнеше адам болса да, қазақ тілін, Қазақстанды жақсы көретін маманды дайындасам, ең үлкен жетістігім осы деп білемін. Әрі қарай да қазақша оқимын десе, Қазақстанға барып оқуын жалғастыра алады. Ал мұнда біз басқа елу шақты тілдерден қалыспай, балалардың Қазақстанға қызығушылығын тудыруымыз қажет. Біздің негізгі мақсатымыз сол деп ойлаймын.

Қазіргі семестр бізде онлайн басталды. Бірақ қазанның бірінші аптасынан аралас оқуға көшеміз. Ол да біз үшін жаңа формат болады, бұрын ондай тәжірибе ешкімде болмаған. Тіл меңгеруді немесе практикалық зерттеуді қажет ететін топтар аудиторияда жұмыс істей бастайды. Дегенмен, Корея – технологиялардың елі ғой. Компьютер, кампустағы желі, платформалар, серверлер, мультимедиа бәрі қамтылған. Аудиторияға кіріп, емін-еркін жұмыс істей беруге болады. Және мұнда баяу интернет деген мәселе жоқ. 5G Wi-Fi кез келген жерде ұстайды, кампустың өз базалық станциясы орнатылған, университетте спутник арналары бар. Сондықтан студенттерге көлемді тапсырмаларды, аудио/бейне, мультимедиа файлдарын жібере аламыз, олар да аудио мен бейне үй тапсырмаларын жасап жібереді. Мысалы өткен семестрде 1 курстағы студенттерім үшін 80-ге жуық шағын видео жасап, интернетке жүктегенмін. Оны балалар үйден өздері ашып оқыды. Арнайы корей аудиториясына арналған қазақ тілі курстары болмағандықтан, бәрін өзіміз жасаймыз.


− Хангукте қазақ тілін үйрететін неше оқытушы бар? Бір семестрде шамамен қанша студент оқытсасыздар?

Мен Хангук университетіндегі Қазақстаннан келген жалғыз қазақ оқытушымын. Сосын Корея азаматтарынан тағы үш оқытушы бар. Оның біріншісі – департамент басшысы, профессор Сон Ён Хун, ол кезінде ҚазҰУ-ды тәмамдаған. Одан соң ҚазҰУ-да магистратура оқыған тағы екі жас оқытушымыз бар. Олар қазақ әдебиетінен және қазақ тілінен сабақ береді. Төртеуміз де Қазақстанда білім алғанбыз.

Өткен семестрде қазақ тілі курсында 30-ға жуық студент болды. Осы семестрде де көрсеткіш осындай болар. Мұнда Оңтүстік Корея халқының азайып бара жатқанын ескеру керек. Корея халқы азайып, Жапониядан кейінгі қартайып жатқан елдер қатарына кірді. Мысалы талапкерлерге университеттер беретін 520 мыңдай квота орынға алғаш рет 490 мыңдай талапкер өтініш беріп жатыр. Себебі, бала саны азайды, бұрынғыдай балабақшада көп бала жүрмейді, салдарынан мектепте де бала азаяды, мектептен университетке келетін студенттер саны да төмендейді. Бұрын 2010 жылдары бір оқу жылына 50 шақты студент қабылдайтын болсақ, қазір 30-ға түсіп отыр. Барлық оқыту мекемелері осы жағдайға бетпе-бет келді. Дамыған елдерде пайда болған осы үрдіс Кореяда да орын алып отыр.

− Кореяда қазақ тілін үйренген түлектер қайда жұмысқа орналасады? Қазақстанға баратындары көп пе?

Біздің департаменттің түлектері - PhD дәрежесін қорғаған Баян мен магистратура бітірген Әмір Қазақстандағы Корея елшілігінде жұмыс істеп жүр. Бұл – олардың қазақша есімдері, мысалы Баянның корей есімі – Чу Ёң Мин, Әмірдікі – Пак Чүң Хёң. Олар Хангук университетінде қазақ тілінен оқыған. HUFS/Хангук университеті – шет тілдері университеті болғандықтан, негізгі пәндер ағылшынша және корейше оқытылады. Сондықтан, барлық студенттеріміз ағылшынша біледі. Корея – моноұлтты/монотілді ел, мұнда барлығы ана тілінде сөйлейді. Бірақ біздің көптеген студенттер басқа да тілдерді үйренеді. Мысалы Әмір корейше, ағылшынша, қазақша, орысша және жапонша сөйлейді, Баян – корей, ағылшын, орыс тілдерін біледі, ал қазақшаға судай.

Одан басқа көптеген түлектер Кореяда қалады. Олар Орталық Азиямен бизнес жасайтын халықаралық компанияларда, фирмаларда және мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Мысалы Қазақстанға байланысты жобалар болса немесе өмірлік мәселелерді шешу керек болғанда, біздің түлектер шақыртылады. Себебі, біздің студенттер тілді ғана оқымайды, тарих, саясат, экономика, бизнес, ресми құжаттар сынды түрлі курстарды алады. Орталық Азияның жалпы мәдениетін, менталитетін біледі, тілді ғана емес, ділді де түсінеді.


− Кореяда қазақ тілін оқытуда оқулық мәселесі бар ма? Мәселен, алдымызда латын қарпіне ауысу жоспары тұр. Сонда жаңа оқулықтарды жеткізу кімнің міндеті болмақ?

− Оқулықтар аудиторияға байланысты болуы керек. Қазақстанда шығарылған оқулықтар керемет, бірақ олар орыстілді аудиторияға жазылған. Шетелдік аудиторияға арналған ағылшын нұсқасындағы оқулықтар бар. Бірақ олар Қазақстанға келген ағылшынтілділерге не шетелдегі ағылшынтілді аудиторияға арналған. Оқулық мақсатты аудиториясына сай болуы керек. Мысалы, Қазақстандағы кез келген орыстілдіге «дүкен», «азық-түлік», «нан», «көше» деген сөзді түсіндіру қажет емес. Ол тілдік ортаның ішінде жүр, көптеген нәрсені күнделікті өмірден біледі. Бұл – екінші тіл ретінде оқыту методикасы. Ал Ресейдегі орыстарға бұл сөздер таңсық, сондықтан Ресейдегі орыстіліді аудиторияға басқаша оқулық дайындау керек, оның шетел тілі ретінде оқытатын методикасы болуы тиіс. Сондықтан, тілді аудиторияға сәйкес оқыту керек, сонда ғана керек нәтижеге жете аламыз.

Қазақстанда жасалған оқулықтар Кореядағы аудиторияға сай келмейді және барған университетімде сол аудиторияға сәйкес өзім жаңа курс әзірлеймін. Студенттерге қалжыңдап айтамын: «Мен қазақ тілі пәнін үйретпеймін, қазақ тілінде сендерді үйретемін» деймін. Себебі тіл деген ауқымды, тілдің бәрін бірден меңгере алмайды, сондықтан кезең-кезең бойынша мақсатқа сай тіл қолданысын үйрету керек. Мысалы, сіз журналист болсаңыз, сізге арналған курс бөлек, зауытта істейтін инженерге бөлек болуы керек. Журналисті, программисті немесе докторды әртүрлі оқыту керек.

Әрине, латын қарпіне ауысуды қолдаймын, соны дәлелдеп кезінде бірнеше мақала да жазғанмын. Себебі, ол – халықаралық жазба жүйесіне айналған. Халықаралық тілдерді білетін адамға қазіргі 42 әріптік кириллицаны үйрету қиын. Салыстырайын. Өзбек тілін оқытатын профессор әріптесім екеуміз тілдік курстарды қатар бастаймыз. Сонда өзбектің 26 әріптен тұратын латын әліпбиін, жазуы мен оқуын студенттер бір күнде үйреніп алады. Ал мен қазақтілді 42 әріптік кириллицаны екі апта оқытамын. Себебі оның жазуы басқа, айтылымы жаңа, оны оқуды, қолмен жазуды әрі компьютерде басуды үйреуге біраз уақыт кетеді. Бұл қазақ үшін корейдің хангыль жазуын немесе жапонның хирагана әліпбиін үйрегенмен бірдей. Ал латын қарпіндегі басқа тілдерді студенттер тез меңгеріп алады.

Кореядағы қазақ тіліне арналған ең үлкен кәсіби кітапхана біздің департаментте. Қазақстанға байланысты тіл, тарих, әдебиет, мәдениет тақырыптарымен адамдар бізге келеді. Себебі біз Қазақстандағы жаңа оқулықтарды, жаңалықтарды бақылап отырамыз және кітаптарды іздеп, алып тұрамыз. Елге барған сайын кітап дүкендері мен баспаларды аралап, Кореяға 15-20 келі артық жүкпен келеміз. Өзекті әдебиеттен қалмауға тырысамыз және оны кәсібиліктің бір көрінісі деп санаймыз.


− Жалпы еліміздегі ведомстволық органдар, Тіл комитеті немесе Қазақ тілі қауымдастықтары шет елдердегі қазақтілі оқытушыларына қарайласып тұра ма? Нақты қандай көмек көрсетеді?

Бір рет Қазақстан халқы ассамблеясы көмегімен студенттерге қазақша костюмдер алдық. Біздің факультетте «Гүлдер» би ансамблі бар. Онда қыз-жігіттеріміз қазақ билерін билейді, өздері қояды, қазақша билеуді үйренеді. Сосын Сеулда білім алып жатқан қазақстандық студенттер қазақша ән-би үйретіп, көмектесіп тұрды.

Қазақстаннан делегация келген сайын бұйымтайымызды сұраса, ылғи оқыту материалдарын сұраймыз. Менің сұрап жүргенім – үлкен бейне және кітап энциклопедиялары. Одан кейін қазақ мәдениетінің үлкен энциклопедия жиынтығы шықты. Соны ала алмай жүрміз. Бүгінгі сұхбатта да осы мәселені айтқым келеді. Мұндай кітаптар, оқулықтар, түрлі энциклопедиялар мен оқыту мультимедиа кешендері бізге де керек. Өз ақшамызға алайық десек те, олар ашық сатылымға шықпай, тек қана университеттерге бөлінеді. Сондықтан Тіл комитеті мен Білім комитетіне хат жаздық. Онда кітаптар мен оқулықтар, ресурстар бөлінетін білім беру мекемелері мен университеттер тізіміне бізді де қосуды сұрадық. Бірақ, әлі күнге дейін нәтиже болмады. Алматыдағы Халықаралық қазақтар қауымдастығына да барғанмын. Әзірге нәтижесін күтіп отырмыз.

Өткен жылы «Әлемнің қандай ЖОО-ларында қазақтілі оқытылады» деген материал жасағымыз келді. Бірақ біздің ресми сауалға еш ұйым жауап бере алмай, мұндай тізімніңжоқтығын айтты. Сіздер, яғни шет елдерде қазақтілін үйрететін оқытушылар өзара байланысып тұрасыздар ма?

Мен де осындай ресми жарияланған деректі іздеп таппағанмын. Сондықтан, әріптестік желі арқылы бір-бірімізді тауып, іздеп араласып жүрміз. Мысалы мен Америкадан кеткен соң, онда екі жас оқытушы оқып, жұмыс істеді. Олар Fulbright жобасымен сол жерде магистратураларын бітірген.

Берлинде белсенді әріптесіміз оқытушы Гүлсім Масақова бар. Өзі қазақша, немісше, ағылшынша, түрікше, орысша сөйлейді. 2014 жылы ол Берлин университетінің Орта Азияны зерттейтін институтында workshop ұйымдастырып, бізді шақырып, басымызды қосты. Сол жерде біраз оқытушымен таныстық. Польшада жұмыс істейтін ерлі-зайыпты оқытушылар келді. Мажарстанда тағы бір оқытушы бар екенін естідім. Одан кейін Қазақстан мен ТМД елдерінің оқытушылары келді. Мен Оңтүстік Кореядан бардым. Біз онда тәжірибелерімізді ортаға салдық, сөйлестік-ақылдастық, бәріміз үшін өте пайдалы шара болған еді. Гүлсім ханымға риза болып қалғанбыз. Әрине осы салада істейтін оқытушыларды мұндай басқосуларға жиірек жинау керек. Қазір, өкінішке орай, сондай шараларды естімей жүрмін.


− Оңтүстік Кореяда Ұстаздар күні қалай атап өтеді? Жалпы мұғалімдердің қоғамдағы орны қандай?

Кореяда Мұғалімдер күні мамыр айында атап өтіледі. Бұл күні көптеген студенттер ұстаздарын құттықтайды. Бұрын оқып кеткен студенттер құттықтап келеді немесе хабарласады. Мысалы өткенде Кореядағы мерекеде бір студентім хабарласты. Өзі әскерде жүр екен. «Апай, мен қазір Сеулда емеспін. Келе алмаймын. Бірақ сізге сыйлық жіберіп отырмын» деп телефоныма QR-код жіберді. Осы кодты жақын жердегі дүкенде ашып көрсету керек екен, сатушы маған бір шоколад берді. Оны суретке түсіріп, өзіне жібердім, рахмет айттым. Сондай қызық оқиға болды. Өзі әскерде жүр, ақшасы санаулы, бірақ мұғалімнің қадірін түсініп, амалын тауып, бізді құттықтап жатқанына риза болып қалғанмын.

АҚШ пен Оңтүстік Кореяда өмір сүру деңгейі басқа, сондықтан университет оқытушысының жалақысы да сол деңгейге сәйкес келеді. Кореядағы қоғамда оқытушылар мен дәрігерлер көп оқитын, көп еңбектенетін адамдар болып есептеледі. Университет мұғалімінің сабағы оңай емес, әрі бәсекеден қалмау үшін семестр сайын жаңалықтарды үйреніп жүруге тура келеді. Онлайн семинар мен воркшоптар ұйымдастырылады, бәрінен өтіп, кәсіби деңгейді дәлелдеп тұру керек. Сондықтан олардың жалақысын орташадан жоғары деп айтуға болады. Одан бөлек, Кореяда медициналық сақтандыру жүйесі бар, мұғалімдердің жеке өз зейнетақы қоры бар. Университет бізді қызметтік пәтермен қамтамасыз еткен. Осылай кедергісіз жұмыс істеуге жағдай жасалатынына ризамыз.

Қазақстандағы жас әріптестеріңізге қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

Шетелде жұмыс істеу оңай емес, бірақ қиын болғанымен өте қызық. Қазақстанда табылмайтын тәжірибе жинақтауға болады. Ол үшін білімің, кәсібилігің жеткілікті деңгейден жоғары болуы керек. Қазақстанда мыңдаған қазақ тілі мамандары бар. Бірақ шетелде істеу үшін халықаралық деңгейдегі жұмыс тілің болуы керек. Сабақты тиісті деңгейде өткізу үшін бейнеклиптерді өзім өндеуді үйрендім, видеоға қазақ субтитрын өзім жасай аламын, аудиокурстарды да өзім жазып жүремін. Менің аудиториямды менен жақсы ешкім білмейді, сондықтан студенттеріме не керектігін өзім дайындап беруім керек. Курстың мазмұны мен методикасын, форматы мен тәртібін университет бекітеді, бірақ осы курсты қалай өткізуді мұғалімнің өзі шешеді, оның нәтижесі де өз жауапкершілігінде. Мен білетін мұғалімдер арасында өз тілін кәсіби түрде білетін және әдістемелер мен технологияларды қолдана білетін мамандар көп. Бұл салада бәсекелестік өте мықты, сондықтан тіл, білім, әдістемелер, тәсілдер, шығармашылық жұмыс көп болуы қажет. Тіпті мұғалімді Марсқа жіберсе де, сол жердегі марстықтарға тіл үйрете алуы керек.

Сосын жас мұғалімдерге қызық болса, мен ағылшын тілін оқуды 45 жастан кейін бастағанмын. Мектепте де, университетте де неміс тілін оқыдым. Кандидаттық минимумды да неміс тілінен тапсырғанмын. Профессор Фирман Америкада тәжірибе үйрену мүмкіндігін айтқанда ағылшын тілін оқи бастадым. Тіл мұғалімі болған соң, өзіме арнайы бағдарлама жасап алдым. Жарты жылда ағылшын тілімді керек деңгейге шығарып алдым. Америкада ағылшын тілінен қосымша курс алып, таңғы 6-дан түнгі 12-ге дейін өзімді тілдік ортаға салып жүрдім. Әр кездескен адаммен сөйлесіп жүрдім, тыңдалым үшін күні-түні теледидар қосып қоятынмын. Бұл қазір тіл білмеймін деп қорқып отырған мұғалімдерге үлгі болса деймін. Істеймін десең, керегіңе қол жеткізе аласың. Тек нақты мақсат қойып, кезең-кезеңімен жүре беру керек.

Қазір де мен Кореяда ағылшын тілінде жұмыс істеп жатырмын. Мамандығымнан алыстамау үшін Қазақстандағы конференцияларға үнемі барамын. Мақала жазамын, пікірталасқа қатысамын, себебі әр мұғалімнің ерекше тәжірибесі болады, барлығымыз бөлісуіміз қажет. Тіл оқыту әдістемесінен өзім біраз семинар, workshop өткіземін. Соңғы рет осы қыста Сүлеймен Демирель университетінде Назарбаев Университетінің қатысуымен шетел тілін оқыту, жаңа әдістемелері, оқытудың жаңа тәсілдері мен ресурстары, оқыту технологияларына арналған үш күндік семинарына алдын ала жазылып қойдым. Өзім full professor бола тұра сол курсқа жазылып, оқып шыққаныма қуаныштымын. Себебі өмір тоқтамай өзгеріп жатыр, оқыту жолдары күнде жаңарады, өзімнен жас мықты мамандар өсіп келе жатыр, олардан көп нәрсе үйренуге болады. Өз біліктілігім бәлкім, қазірге жетіп тұрса да, ертеңге жетері екіталай. Жыл сайын түрлі студенттермен кезігетін болғасын, өзім де соған сай болуым керек. Яғни, кәсіби дамудың шегі жоқ, үнемі жаңа дүниелерді үйреніп отыруымыз керек. Себебі, мұғалімдік іс – өмір бойы үйренуді талап ететін мамандық.

– Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахмет! Тағы да сізді кәсіби мерекеңізбен құттықтаймыз!


Соңғы жаңалықтар