Кореяның Ұлттық балеті Астанада «Корсардың» жаңаша нұсқасын ұсынады
АСТАНА. KAZINFORM — 28-29 тамызда Кореяның Ұлттық балеті Астанаға гастрольдік сапармен келеді. Өнер ұжымы «Астана Балет» сахнасында Адольф Аданның музыкасына жазылған «Корсар» балетін ұсынады.
Бұл туралы Кореяның Ұлттық балетінің көркемдік жетекшісі әрі бас директоры Ким Джувон және «Корсар» балетінің хореографы Сон Джунбин Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтты.
Мариус Петипаның классикалық хореографиясына негізделген «Корсар» балетінде махаббат, еркіндік және шытырман оқиға тоғысады. Кореяның Ұлттық балеті қойылымды өздерінің орындау мәнерімен ұсынады.
— Астанаға «Корсар» балетін алып келуіміздің басты себебі — корей балетінің ерекшелігін көрсету және көрерменге өнерпаздарымызды таныстыру. Бұл шығарма Еуропада да кең танымал болғандықтан, таңдауымыз осы балетке түсті, — деді Кореяның Ұлттық балетінің көркемдік жетекшісі әрі бас директоры Ким Джувон.
Кореялық хореографтар классикалық қойылымға бірқатар өзгеріс енгізген. Үш актілі балет екі актіге ықшамдалып, қазіргі көрерменнің талғамына бейімделген.
— Хореографымыз шығарманы екі актіге қысқартты. Қойылымға заманауи өзгерістер енгізіп, көрерменге қызықты нұсқасын дайындадық. Кореяда балетке қызығушылық жоғары, билеттер көп жағдайда тез сатылып кетеді. «Корсар» да көрермен арасында танымал, — деді Ким Джувон.
Хореограф Сон Джунбин Қазақстан мен Кореяның балет өнерінде ортақ тұстар көп екенін атап өтті. Оның айтуынша, екі ел де ұлттық мәдениет пен дәстүрді балет арқылы танытады.
— Қазақстанға келмес бұрын «Астана Балетінің» репертуары мен қойылымдарын зерттедім. Екі елдің балет өнерінде ұқсастық көп екенін байқадым. Бұған дейін қазақстандық өнерпаздармен кездесіп, тәжірибе алмасқанбыз, — деді Сон Джунбин.
Ким Джувонның айтуынша, Қазақстан мен Корея арасында балет саласындағы шығармашылық байланыс қалыптасқан. Екі елдің өнерпаздары тәжірибе алмасып келеді.
— Алдағы уақытта да әртістеріміздің өзара тәжірибе алмасуын жалғастырып, шығармашылық байланысты одан әрі дамытқымыз келеді, — деді ол.
Айта кетейік, Астана опера театрының жетекші солисі Дияс Құрманғазының жаттығу кезіндегі видеосы әлеуметтік желіде 34 млн-ға жуық қаралым жинаған. Ол да «Бүгін.LIVE» бағдарламасында қонақ болды.