«Қорғалуға құқығы бар куәгерді» тегін заң көмегін алуға хақылы адамдар қатарына қосу қажет - депутат

Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының бастамасымен өзгеріс енгізілгелі жатқан ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің жаңа редакциясында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қорғалуға құқығы бар куәнің өз бетінше немесе өзінің туыстары немесе сенім білдірілген адамдары арқылы қорғаушы шақыруға құқығы бар. Егер қорғаушыны қорғалуға құқығы бар куә, оның туыстары немесе сенім білдірілген адамдары шақырмаса, қылмыстық қудалау органы оның осы Кодекстің 67-бабының үшінші бөлігінде көзделген тәртіппен қатысуын қамтамасыз етуге міндетті», - делінген Қылмыстық-процестік кодекстің жаңа редакциясында.
Осыған байланысты тегін заң көмегін алуға хақылы адамдар қатарына қорғалуға құқығы бар куәлерді қосу ұсынылып отыр.
«Білікті заң көмегін, оның ішінде тегін негізде алу құқығы Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдік берілген. Тегін заң көмегін алуға құқығы бар адамдар қатарына қорғалуға құқығы бар куәлерді қосу қажет. Түзету қорғалуға құқығы бар куәнің қорғаушыны шақыру тәртібін регламенттеу мақсатында ұсынылады. Практикада процесті жүргізетін орган қорғаушыны тағайындау туралы қаулы шығарады және оны адвокаттар алқасына орындауға жібереді. Адвокаттар алқасы оның міндетіне байланысты қаулыны орындауға мәжбүр болады және қорғаушы ретінде қатысу үшін адвокатты қорғауға құқығы бар куәге тағайындайды. Алайда, процесті жүргізетін орган Қылмыстық-процестік кодексте осы мәселені реттейтін норманың болмауына сүйене отырып, адвокаттың еңбегіне ақы төлеу туралы қаулы шығармайды», - деп өзгеріске түсіндірме берген бастама танытқан депутаттар тобы.
Сонымен қатар, депутаттар Қылмыстық кодекске адвокаттардың қызметіне заңсыз араласып, күш көрсету арқылы істі бұрмалауға мәжбүрлегендерді жазаға тартуды көздейтін норма енгізуді ұсынды.
https://www.parlam.kz/kk/mazhilis/post-item/36/16086