Қорғалжын қорығында заңсыз құс атқандар ұсталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының «Қорғалжын» мемлекеттік ұлттық табиғи қорығының аумағында заңсыз құс атқан браконьерлер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қорғалжын қорығында заңсыз құс атқандар ұсталды

Ведомствоның мәліметінше, Ақмола облыстық ПД табиғатты қорғау полициясының бөлімшесі және «Қорғалжын» мемлекеттік ұлттық табиғи қорығының қызметкерлері бірлесіп, қорық аумағында заңсыз аңшылықпен айналысқан төрт ер адамды қолға түсірді. Ұсталғандардан қару, оқ дәрі және атылған 16 құс тәркіленді.

«2019 жылдың 29 тамызында Қорғалжын аудандық ПБ кезекшілік бөліміне қорық қызметкерлері хабарласып, қорық аумағында белгісіз біреулердің заңсыз құс аулап жүргенін айтты. Сол жерге жеткен табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері мен қорық инспекторлары Нұр-Сұлтан және Щучинск қалаларының 23 және 63 жас аралығындағы 3 тұрғынын ұстады. Қолға түскендердің барлығы заңсыз аңшылық жасағанын мойындады. Олардан қару, оқ дәрі және атылған 16 үйрек алынды», - дейді ведомстводан.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 337 бабы «заңсыз аңшылық» бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, браконьерлерден «ешқайда кетпеу» туралы қолхат алынды.

Ведомствоның мәліметінше, жалпы, 2019 жылдың басынан бері полиция қызметкерлері табиғатты қорғау заңнамасының бұзылуына қатысты 330 құқықбұзушылықты анықтады. Оның ішінде 162 оқиғасы аңшылық ережесіне, 170 балық аулауға қатысты. Экологиялық қылмысқа қатысты 49 қылмыстық іс қозғалса, оның 10-ы заңсыз аңшылық үлесінде.