10:46, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
Қорғалжың мемлекеттік табиғи қорығы
Қорғалжың мемлекеттік табиғи қорығы Орталық Азияда бірінші болып ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік табиғи мұра мәртебесін алған Қазақстандағы қос қорықтың бірі. Ақмола облысының Қорғалжың ауданында орналасқан.

Оған Теңіз-Қорғалжың көлдер жүйесінің біразы енеді. Жер аумағы 258,9 мың га (2003). Қорық орналасқан аумақта қыста ауаның температурасы ?41 ?42 ° С суық болса, шілдеде температура 38-39 °С-қа жетеді. 125-130 күндей аязсыз жайма шуақ күндер болады. Жылына 200 мм шамасында жауын-шашын түседі. Қорықта жоғары сатыдағы өсімдіктердің 331 түрі, атап айтқанда жусан, көкпек, боз селеу, қызғылт тобылғы, бидайық, бозшөп, т.б. өседі. Әсіресе, суда өсетін өсімдіктердің 22 түрі мұндағы көлдерге ерекше әсемдік береді. Сәуір айының аяғы, мамыр айының басында қорықтағы қызғалдақтар гүлдегенде айнала түрлі-түсті ашық түстерге боялып, жер бетіне бейне бір сұлу кілем төселгендей сезім қалдырады. Қорық жан-жануарлар дүниесіне бай.
Мұнда сүтқоректілердің 37 түрі, құстардың 294, бауырымен жорғалаушылардың 3, қосмекенділердің 2, балықтардың 10-нан астам түрлері тіршілік етеді. Сондай-ақ, дала суыры, қоян, күзен, борсық, ақбөкен, т.б. мекендейді. Қорғалжың көлінің қамыс нуларында қабандар кездеседі. Кейде қорықтың аумағынан көршілес Солтүстік Қазақстан мен Батыс Сібірдің ормандарын мекен ететін сілеусін, қодас, бұлғын сияқты сүтқоректілерді байқауға болады. Қорғалжың көлдеріне 32 мыңдай қасқалдақ, 10-12 мыңдай үйрек, аққу, қаз, т.б. құс түрлері ұя салады. Қорықтан ақ құтан, қызыл жемсаулы қарашақаз, тұрпан, қара дегелек, бірқазан сияқты саны жылдан жылға азайып бара жатқан құстарды кездестіруге болады. Мұнда ұя салатын қанаттылардан гөрі мамырлауға келген құстар саны бірнеше есе көп болғандықтан қорықты Құс базары деп те атайды. Бір ғана Теңіз көлінің өзінде бір мезгілде 15 млн-ға жуық құс қоныстанып, қоректене алады. Қорықта дүние жүзінде өте сирек кездесетін ? қызғылт қоқиқаз бар. Ол Қазақстан жерінде тек Теңіз көлінде ұя салып, жұмыртқа басады. Түсі қызғылт қанатты қоқиқаздар топталып аспанға көтерілген кезде бүкіл көл айдыны қызыл алау өрттей лаулап, ерекше шұғылаға бөленеді. Сондықтан оны кейде «Қызылқанат» деп те атайды. 1960 жылдары қорықта қоқиқаздың саны 45-60 мыңдай болса, 2000 жылдары 10-15 мыңдай ғана қалды. Халықаралық маңызы бар, қорғауға алынған батпақты сулы жерлердің тізіміне Қорғалжың, Теңіз көлдері енгізілген. Қорықтағы фауна мен флора толық есепке алынған.
Көп жылдан бері «Табиғат шежіресі» күнделігі жазылады. Құстарды зерттеуге бүкіл жер жүзінің белгілі ғалым-орнитологтары келіп жатады. Қазір қорықта экологиялық туризм саласы дамып келеді.
Теңіз, Қорғалжың көлдерін сақтап қалу мәселесі 50-ші жылдардың басында-ақ көтерілген болатын. Сөйтіп, 1957 жылдың наурыз айында бұл өңір аңшылық заказнигі болып жарияланды. 1958 жылы мамырда Көн өзенінің оң жағасында бар болғаны 15 мың гектар жерді қамтыған Қорғалжың мемлекеттік қорығы құрылды. Алайда, бұл қорғалатын аймаққа ғажайып көлдердің үштен бірі де енбеген еді. 1968 жылы сәуірде Қазақ КСР Ғылым академиясының ұсынысымен Қазақ КСР Министерлер Кеңесі жалпы көлемі 177200 гектар, оның ішінде 147600 гектар су айдыны бар толыққанды Қорғалжың мемлекеттік қорығын құру туралы №124 қаулысын шығарды. 1974 жылы қазанда халықаралық Рамсар конвенциясы бойынша Қорғалжың қорығы «А» категориясына жататын әлемдік маңызы бар сирек кездесетін сулы-батпақты аймақ ретінде тіркелді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдар ішінде Елбасының тікелей назар аударуының нәтижесінде Қорғалжың мемлекеттік қорығының халықаралық дәрежедегі жаңа шежіресі басталды. 1998 жылы Көкшетауда Қоршаған ортаны және табиғи байлықтарын қорғау министрлігі мен Германияның табиғат қорғау одағы (NABU) «Адам және биосфера» атты конференция өткізді. Онда Қорғалжың қорығында экологиялық туризм бастамасын жүзеге асыру мәселесі қойылып, NABU тарапынан бұл мақсатқа қаржылай грант бөлінді. 2000 жылы АҚШ-тың Калифорния штатында өткізілген форумда қорық дүниежүзілік «Тірі көлдер» жүйесіне 19-шы болып енгізілді. 2002 жылы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік табиғи мұралар қатарына қосуға өтініш беріліп, 2007 жылы Теңіз-Қорғалжың көлдері ІВА (халықаралық маңызы бар негізгі орнитологиялық аймақ) дәрежесіне ие болды.Дереккөзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 6 том