Қорғалжын мен Ерейментау аудандарында «Елімнің тағдыры - менің тағдырым!» атты аймақтық форум өтті

АСТАНА. 18 ақпан. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Қорғалжын ауданында «Елімнің тағдыры - менің тағдырым!» атты аймақтық форумы өтті.
None
None

Форумның басты мақсаты - аталған ауданның, сол арқылы тұтастай тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен жүйелі дамуына қомақты үлес қосқан аудан тұрғындары жетістіктерінің тарихын айқындау және көрсету.

Шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам және саясат қайраткерлері, мәдениет пен өнер, білім мен денсаулық сақтау, спорт, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдері, ауыл жастары қатысты.

Форумға қатысушы ҚР еңбек сіңірген сәулетшісі, Қорғалжын ауданының құрметті азаматы Серік Рүстембеков: «Еліме пайдамның тигені үшін де бақыттымын, қадірлі азаматтармен, нағыз патриоттармен бірге еңбек еткенімді мақтан тұтамын. Біздің еліміз әрбір қазақстандыққа өз арманын іске асыруға, күш-қуатын пайдалануға, өзін сынап көруге, сөйтіп тәуелсіз, еркін тұлға болып қалыптасуға мүмкіндік беріп отыр», - дейді.

«Менің тағдырым елімнің тағдырымен тікелей байланысты. Жас мемлекеттің қалыптасуы менің көз алдымда өтті», - деген пікірін білдірді «Құрмет» орденінің иегері, механизатор Алексей Руш форум қатысушыларына. «Жас қазақстандықтарға ­- «Алға ұмтылыңдар!» деген сөзімді арнағым келеді. Елдің ертеңі - сендердің болашақтарың!».

«Орыс әні» («Русская песня») ансамблінің жетекшісі, зағип ақын, орындаушы Ирина Деева Елбасына арнаған өлеңін оқыды. «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында біз бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатырмыз, елімізді әлемнің бәрі біледі. Мен орыспын. Өзімнің Отаным деп есептейтін қасиетті жер Қорғалжында дүниеге келдім, осында өстім, қалыптастым. Осы жерде менің өлеңдерім мен әндерім айтылады, осында мен өзімді бақытты сезінемін. Балаларым мен немерелерімнің болашағының жарқын болатынына сенімдімін», - деді ол.

Сондай-ақ, осы аттас форум Ақмола облысының Ерейментау ауданында да болып өтті. Оған да мектеп оқушыларынан бастап қарияларға дейін қатысты.

«Тарихты саясаткерлер жазады, ал кез келген мәселені және оны шешудің оңтайлы жолын стратегиялық көрегендікпен байқай алатын, сарабдал санаға бай, өз таңдауының дұрыстығына деген сенім мен қажымас жігері ұшан-теңіз, ерекше қасиеттерге ие ұлы адамдар сол тарихты жасайды. Өткен 20 жыл осы аталған барлық қасиеттер толықтай Нұрсұлтан Назарбаевқа тән екенін анық дәлелдеді», - деді алғашқы сөз алған Ерейментау әкімінің орынбасары Серікбай Көшкімбаев. «Ол біздің мемлекетіміздің жетістігінің басты құпиясын тәуелсіздіктің алғашқы кезінен-ақ «халықпен бірге және халық үшін өмір сүру» деп нақты әрі дәл анықтаған болатын».

Ардагерлер кеңесінің Төрағасы Галина Артамонова өз сөзінде: «Жоғары деңгейдегі рухани-адамгершілік құндылықтарымен бәсекеге қабілетті интеллектуалды жастарды тәрбиелеу - мемлекеттің ең басты міндеті. Тек білімді және тәрбиелі жастар ғана мемлекетті прогресс жолымен өркендете алады», - деп атап көрсетті.

Ерейментау ауданындағы форумда сөз алған қатысушылар ауданда жастардың өмір сүру деңгейі мен өзін-өзі көрсетуіне барлық жағдай жасалғанын ортаға салды. 2012 жылы жастардың студенттік еңбек отрядының саны 112-ге дейін өскен, 3 мыңға жуық жас «Жасыл ел» жалпыұлттық жастар бастамасының жетекшілігімен ауданның дамуына пайдалы үлесін қосты, облыстағы азаматтық қоғам институтына 62 жастар ұйымы нәтижелі жұмыс атқарды.

Іс-шара аясында Қорғалжын мен Ерейментау аудандарының қоғамдық өміріне қатысқаны үшін ауданның ең белсенді тұрғындары құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды.

Айта кетейік, шара жыл сайынғы «Елімнің тағдыры - менің тағдырым!» республикалық форумы аясында ұйымдастырылды. 2012 жылдың шілдесіндегі Астана күні қарсаңында елордада «Елімнің тағдыры - менің тағдырым!» бірінші республикалық форумы өткізілді. Іс-шараның бастамашысы және ұйымдастырушысы көпфункциялы ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық «Назарбаев орталығы» мемлекеттік мекемесі болды. Форум қоғамда кеңінен қолдау тауып, оны ендігі кезекте жыл сайын елдің барлық аймақтарында өткізу туралы шешім қабылданған болатын.

Соңғы жаңалықтар