Қорғаныс министрі Ақмола гарнизонындағы әскери бөлімге тосыннан барды
АСТАНА. KAZINFORM — Қорғаныс министрі, генерал-майор Айдос Мырзахметов Ақмола гарнизонындағы әскери бөлімдердің біріне тосын тексеру жүргізді.
Ведомствоның хабарлауынша, министр әскери бөлімдегі қызметтің ұйымдастырылуымен танысып, әскери қызметшілердің орналасу және тұрмыс жағдайын тексерді.
Тосын тексеру барысында казармалардың жай-күйіне, сондай-ақ әскери бөлім инфрақұрылымының жағдайына ерекше назар аударылды.
Тексеру қорытындысы бойынша әскери қызметшілердің тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған нақты тапсырмалар берілді.
Еске салайық, бұған дейін жаңа Қорғаныс министрі армияда қандай өзгеріс болатынын айтқан еді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министріне бірқатар кезек күттірмейтін міндет жүктеді.
Кеше, 3 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Қорғаныс министрлігінің бірқатар лауазым иелерін қызметінен босатты.