Қорғаныс министрі БҚО аумағына дрон құлауына қатысты пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM — Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Батыс Қазақстан облысы аумағына дрон құлауына байланысты пікір білдірді.
— Бүгінде әр оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр. Әр оқиғаға қатысты тергеу қорытындысы жария етіледі. Алдын алу шараларын қабылдадық. Әуе шабуылына қарсы қорғаныстың жылжымалы топтарын күшейттік. Ұшақтарды, тікұшақтар мен жойғыш ұшақтарды жауынгерлік кезекке қойдық. Сонымен қатар нақты мемлекеттермен жедел байланыс орнаттық. Меніңше, радиоэлектронды күрес салдарынан соғыс жүріп жатқан елдерден ұшып келген. Егер соғыс іс-қимылдары жүріп жатқан ауданды бағалар болсақ, ұшқышсыз аппараттар Польша, Молдава, Мажарстан, тіпті Балтық жағалауы аумақтарына да құлады. Сол себепті бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз, — деді ол Сенаттың жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, аталған оқиғаны Ішкі істер министрлігі прокуратура органдарымен бірге тергеп жатыр.
Бұған дейін БҚО аумағына ұшқышсыз ұшатын аппаратқа ұқсас зат құлағанын жазған едік.