Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желіде тараған бейнероликке қатысты түсініктеме берді
АСТАНА. KAZINFORM — Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде әскери қызметшіге қатысты заңсыз әрекеттер бейнеленген видеороликтің таралуына байланысты түсініктеме берді.

Әлеуметтік желілерде әскери қызметшіге қатысты заңсыз әрекеттер бейнеленген видеороликтің таралуына байланысты төмендегіні хабарлаймыз.
— Аталған бейнематериал — «Қырғызфильм» киностудиясы түсірген «Баткен» көркем фильмінің үзіндісі және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне ешқандай қатысы жоқ. Роликке қазақ тіліндегі дыбысжол жасанды интеллекттің дипфейк технологиясы арқылы жүктелген.
БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларын тексерілмеген ақпаратты таратпауға және тек ресми дереккөздерге сенуге шақырамыз. Жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз, — делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетелік әскери қызметшілерге қолдау көрсететін AI-sulu Telegram-боты іске қосылған еді.